Тәуелсіздік – ел тұғыры
1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге биыл 26 жыл толды. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік.
Тарих үшін жиырма алты жыл қас-қағым сәт болғанымен, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдағы болашақты болжай білетін көрегендігі, кемеңгерлігі арқасында Қазақстан мемлекеті дамудың даңғыл жолына түсті. Ғасырда ғана жүзеге асырылар қыруар істер тындырылды. Бір қоғамнан екінші қоғамға өткен жиырма алты жыл ішіндегі ел шежіресі шын мәнінде адам қызығарлық құндылықтармен толықты.
Елбасы егемендіктің алғашқы күндерінен бастап тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демократиялық, құқықтық мемлекетті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі.
2000 жылдың 25 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің маңызды қадамы болды. Судьялардың әлеуметтік жағдайы қажетті деңгейде қамсыздандырылып, қызметі мате¬риалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Тәуелсіз сот жүйесін жетілдіруге аталмыш заң өз үлесін қосты. Барлық деңгейдегі соттарда электрондық терминалдар мен бейнебайланыс жүйелері, басқа да ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері енгізілді.
Заңдағы соңғы өзгерістерге сәйкес сот әділдігіне жедел қол жеткізетін үш буынды сот жүйесі құрылды. Бірінші сатыдағы қылмыстық және азаматтық істерді аудандық және оларға теңестірілген соттар қарайды. Мамандырылған соттардың қарауына жатқызылған қылмыстық істерді қоспағанда, барлық істер аудандық және оған теңестірілген соттың қарауына жатады.
Жоғарғы сот бастаған бірыңғай сот жүйесі одан әрі нығайып, соттар қызметінің тиімді заңнамалық базасы жетілдірілді. Алқабилердің қатысуымен қаралатын істер бойынша қарапайым халық сот төрелігін жүзеге асыру процесіне тікелей қатысуына мүмкіндік берілді. Қамауға алу құзыры прокуратурадан соттарға берілді.
Мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, қылмыстық және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құрылды.
Мамандандырылған соттарды құрудағы мақсат сот әділдігін жүзеге асырудың сапасын көтеру, істердің уақытында қаралуын қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ Орталық Азия елдері, Кавказ республикалары, Еуразиялық экономикалық одақ, Таяу Шығыс елдері, Батыс Қытай аумағы, Моңғолия мен Еуропа елдеріне арналған қаржылық хаб ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды.
Заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде жарқын жоспарларды іске асыруға байланысты инвестициялық ахуалды жақсарту және соттарға деген сенімді арттыру мақсатында Астана қалалық сотында инвестициялық дауларды қарайтын сот алқасы құрылды. Бұның басты ерекшелігі, сот процестері қысқа мерзімде, барынша жеңілдетілген жағдайда жүргізіледі. Алқа шетелдік компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауды шешеді. Қазіргі таңда жаңа жүйемен құрылған инвестициялық сот алқасына еліміздің әр өңірінен тәжірибесі мол 7 судья іріктеліп алынған.
Ата-бабаларымыздың арманы – азаттығымызға қол жеткізіп, егеменді ел болғанымызды, етек-жеңімізді жинап, әлемнің азулы елдерімен терезесі тең мемлекет құрғанымызды әрдайым мақтаныш етеміз.
Дидар МҰРАТБЕКҰЛЫ,
Қазалы аудандық сотының төрағасы.