Қазалыда Марина Вольнова жас спортшыға шеберлік сағатын өткізді
Бейсенбі күні қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарының қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қазалылық боксшы Марина Вольнова жергілікті спортшы жастармен шеберлік сағатын өткізді.
Балалық шағынан бергі өмірін спортқа арнаған жерлесіміз жүрегінде чемпиондыққа деген мысы басым жеткіншектерге спорттағы өмірін, белестерді бағындырар жолдағы қиындықтар мен есепсіз төккен тердің тартуы қандай болатынын айтып берді. «Мен де ес білгелі өздерің сияқты спортпен айналыстым. Боксқа келмес бұрын жаттықтырушым Жұмабек Құлбаев ағаның жетекшілігімен дзюдоның қыр-сырын меңгеріп, көптеген биіктерді бағындырдық. Әрбір жаттығуыма бар зейінім мен күш-жігерімді сала отырып дайындалатынмын. Егер сіздер де өздеріңізді аяудан аулақ болып, жалқаулыққа салынбайтын болсаңыздар келешекте олимп шыңын ешқандай қиындықсыз бағындыратын боласыздар»,– деп жас балалардың жігерін қайрады.
Облыс бойынша дзюдодан үш дүркін чемпион болған М.Ивановна бір кездері тізесінен жарақат алып, ауыр кезеңді бастан өткерген. Бұл туралы бала Маринаның жаттықтырушысы Ж.Құлбаев: «Ол бұл қиындықты оңай еңсерді. Дегенмен, дзюдомен айналысуды тоқтатуы керек еді. Бір күні келіп, боксқа ауысатынын айтқанда қос қолымды көтеріп қолдағаныммен өз шартым бар еді. Ол шарт былғары қолғаптан әлемдік чемпиондықты иеленбейінше тұрмысқа шықпау еді», – дейді
Бұл шартқа мүдірместен келіскен Маринаны Жұмабек Құлбаев баласы Бақытбек Құлбаевқа тапсырған. Бұдан кейінгі үздіксіз дайындықтардың нәтижесі баршаға мәлім. Ал олимпиада жүлдегерін баптаған Бақытжан сол жылы ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанады.
Шеберлік сағатында жерлесіміздің жетістіктері мен өмір жолына қаныққан спортшы балалар Маринамен жеке дара жекпе-жек қолғап түйістірді. Жасөспірімдер бокстың көпшілік байқай бермейтін айла-тәсілдерін тез меңгеріп алып, зеректілігімен тәнті етті. Шараға жиналғандар естелік суреттерге түсіп тарқасты.
Алғашында Қазалы қаласындағы №18 аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо жаттықтырушысы болып қызмет істеген Маринаның 2013 жылы мұнайлы елдер арасында өткен әлем біріншілігінде чемпион атанғанын көп адам біле бермейді. Сол сияқты еліміз бойынша олимпиада ойындарына барып, жүлделі оралған нәзік жандылардың алғашқысы да осы Марина. Туған жердің топырағын сағынып, туған елге тағзым ете келген Марина Вольноваға алар асулары көп болсын деген тілегімізді білдіреміз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ