Қызылорда облысы халқының өмір сүру ұзақтығы 72,2 жасқа жетті
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова өңірде «Дені сау аймақ» жобасы қолға алынғандығын мәлім етті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.
Мұндай жоба республика бойынша тек сыр бойында ғана жүзеге асуда. "Облыс әкімінің қолдауымен «2018-2021 жылдарға арналған «салауатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөніндегі іс-шаралар» жоспары бекітілгені белгілі. Онда 5 нақты міндет қойылған. Яғни, азаматтардың туылғаннан бастап, қартайған шағына дейінгі денсаулығын қадағалау басты мақсат. Нақтырақ айтсақ, әрбір тұрғынның зиянды әдеттерден бас тартуы, тамақтануы, дене белсенділігінің артуы, қан қысымы ауруларының өлшемдік шегінің қойылуы, толық медициналық тексеруден өткізілуі, салауатты мектеп жобасының қатаң бақылануын қолға алуы. Міне, осы жоба арқылы тікелей азаматтармен өзімен жұмыс жасауға мүмкіндігіміз туады", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы халқының өмір сүру ұзақтығы 72,2 жасқа жетті Сондай-ақ, қан айналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 20,5% төмендеді. Республика бойынша Қызылорда өңірі - 15 орында. Жалпы, облыс халқына 2488 дәрігер, 9301 орта буын мамандар медициналық қызмет көрсетеді. 2018 жылдың 6 айдағы қорытындысы бойынша облыс деңгейіндегі дәрігер тапшылығы өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайған. Сонымен қатар, былтыр аймаққа 143 дәрігер тартылып, олардың 57,3% (82 дәрігер) бүгінде елді мекенде жұмыс жасауда. Ал облыс әкімінің грантымен 22 резидент республикамыздың 4 жоғары медициналық білім беру орындарында оқуларын жалғастыруда. Айта кету керек, баспасөз мәслихатында дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге бөлінген қаржы көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артқаны айтылды. Бұл қаржы Корея мемлекетінде 7 маманды оқытуға, Татарстан Республикасының Қазан қаласында 24 дәрігердің біліктілігін арттыруға бағытталған.
inform.kz