Мылтықбай – мақтаулы маман
Бұл өмірде болмысы бөлек адамдар болады. Олар өз істерін айқай-шусыз, даңғара-дабырасыз тындыра береді. Олар көпке сөзімен емес, ісімен үлгі. Ондай жандар біздің арамызда да жоқ емес. Сирек болса да кездесіп жатады. Сондай жандардың бірі Мылтықбай Лепесов десек, артық айтқандық емес. Қырық жылға жуық өмірін құрылыс саласына арнаған кәнігі маман бүгінгі таңда Әйтеке би кентінің 5 квартал аймағындағы 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің бой көтеруіне атсалысып, аудан сәулетінің ажарлана түсуіне үлес қосуда.
Бүгінгі таңда Мылтықбай Лепесов “РЗА” акционерлік қоғамында өндірістік жабдықтау бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етеді. Алғашқы еңбек жолын Қызылдың қиясындағы Қызылқұм совхозында бастаған ол 1989 жылы Самұрат Имандосов басқаратын мекемеге жұмысқа келді. Сол жылдардан бері тәжірибелі маман құрылыс жұмыстарына араласып келеді.
Мақтаулы маман Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының 5 кезеңінің құрылысын, К-2-1, К-2-2 су қашыртқыларының жүйесін жаңарту, Арал ауданындағы 8 ауылдың (Бекбауыл, Үкілісай, Құмбазар, Ақшатау, Шөмішкөл, Қызылжар, Райым, Ескіұра) су жүйесін Арал топтық су құбырына қосу, Ақөзек учаскесінде 660 бас сауын сиырға арналған кешен мен тәулігіне 30 тонна сүт өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстарын жүргізуге, Әйтеке би кентіндегі жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына, Аранды ауылдық округіндегі “Қарлаң” каналын қайта құрылымдау, Ү.Түктібаев ауылындағы 50 орындық амбулаторияның және 150 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын жүргізуге аянбай атсалысты.
Күннің ыстығына да, суығына да қарамастан құрылыс жұмыстарын жүргізетін Мылтықбай сияқты мамандардың жұмысы оңай деп айта алмаймыз. Қазіргі таңда ол “РЗА” АҚ-ға сеніп тапсырылған құрылыстың уақытында тапсырылуы үшін құрылысшыларды керекті материалдармен қамтамасыз етіп отыр.
– Біздің құрыш қолды құрылысшылар ауданда салынады деген алты 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің біреуінің құрылысын аяқтауға жақын. Негізінен бұл жұмыстарды бастауға тиісті қаражат әлі бөлінген жоқ. Әйтсе де, бізге акционерлік қоғам президенті Самұрат Жұманұлы өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстарын бастап кетуге тапсырма берді. Соның нәтижесінде тұрғын үйді тапсыратын күнге де жақындап қалдық. Қазіргі таңда жұмысшылар шатырды жабуға дайындалып жатыр. Ғимараттың ішіне су кіргізіліп, жылу жүйесі жүргізілді. Сылақтары сыланып, әрлеу жұмыстары да аяқталды. Амандық болса, жақын күндері бұл нысанды да тапсыратын боламыз, – дейді Мылтықбай Лепесов.
Жұмыста жауапкершілігі мол, ісіне мығым, кәсіби тәжірибесінің арқасында қызметте көпке үлгі болған құрылысшының мекеме басшыларынан алған грамоталары мен Алғыс хаттары жетерлік. Одан бөлек, аудан және облыс әкімдерінің де Алғыс хаттарымен марапатталған. Көп мақтауды сүймейтін Мылтықбай Лепесов әңгіме арасында кейінгі жылдары облыста, оның ішінде біздің ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып, осы ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар айтарлықтай еңбек сіңіріп жатқанын жеткізді.
Қай мамандықтың та оңайы жоқ. Қай-қайсысының да өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар. Сол себепті жастардың мамандық таңдауда әбден ойланып, қолынан келетін істің тізгінін ұстағаны дұрыс. Ал жұмысында мақтаулы, тындырымды, еңбекқор Мылтықбайдай маманға қандай мақтау айтса да жарасады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ