Альпинизм саласында алдыңғы қатарда
Дүние жүзінде биіктігі 8 000 метрден асатын 14 тау бар. Олардың ұшар шыңы Джомолунгма (8 848 метр), Чогори (8 611), Канченджанга (8 586), Лхоцзе (8 516), Макалу (8 481), Чо-Ойю (8 201), Дхаулагири (8 167), Манаслу (8 156), Нангапарбат (8 126), Аннапурна I (8 091), Гашербрум I (8 080), Броуд-Пик (8 051), Гашербрум II (8 035) және Шишабангма (8 027) деп аталады. Бұл шыңдардың барлығы да Қытай, Непал, Үндістан және Пәкстан елдері аумағындағы Гималай мен Каракорум таулары жүйесінде орналасқан.
Адам баласы аспанмен таласқан таулардың ұшар шыңына шығуға сан мың мәрте әрекет жасағаны бесенеден белгілі. Алла тағала оң қабақ танытқан альпинистер ешбір қиындыққа қарамастан діттеген мақсатына жетіп, еліне абыройлы, отбасына аман-есен оралды. Бақ-жұлдызы жанбай, бағытынан жаңылған жандар жарты жолдан кері қайтуға мәжбүр болды. Сонымен қатар жүздеген азамат ажал тырнағына ілігіп, сол жерде мерт болғанын да айтуға тиіспіз. Солардың біразының мәйіті табылмаған күйі алып таулардың шыңында және бөктері мен етегінде қалды. Бірақ бұл жайсыз жайттар жүрегінің түгі бар өр мінезді азаматтарды райынан қайтара алған жоқ. Керісінше, басын қауіп-қатерге тігіп, көз арбаған биіктерді бірінен кейін бірін бағындыруға құштарлық танытып отырған адамдардың саны жыл өткен сайын арта түсуде.
Ресми деректерге сүйенсек, жоғарыда аталған 14 шыңның барлығын бағындырған жер бетінде небәрі 38 альпинист бар екен. Бір ғажабы, солардың үшеуі Қазақстанның азаматы. Олар – Денис Урубко, Василий Пивцов және Мақсұт Жұмаев. Бұл есімдер әлемдік альпинизм спорты тарихында алтын әріптермен жазулы.
1973 жылы Ресейдің Ставрополь өлкесінде жарық дүние есігін ашқан Денис 1993 жылы Алматыға қоныс аударды. Ол нағыз кәсіпқой альпинист ретінде Қазақстанда қалыптасты. Биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңды бағындыру үшін ол тапжылмай 9 жыл тер төкті (2000-2009). Жерлесіміз осындай дәрежеге жеткен әлемдегі 15-ші және ТМД-дағы тұңғыш альпинист. Сондай-ақ Урубко сол белестердің барлығын оттегіні қолданбай-ақ бағындырды.
1975 жылы Алматы қаласында туған Василий Пивцов пен 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген Мақсұт Жұмаев көңіл арбаған биіктерге 2001 жылы көз тікті. Содан қауырт жұмыс басталды. Бұл ретте «бәрі бірден керемет болды» деп еш айта алмаймыз. Таулар да өз тәкаппарлығын көрсетті. Жерлестеріміздің жолы болмай, жігері жасыған кездері де жоқ емес. Десек те бұл сәтсіздіктер олардың сағын сындыра алған жоқ. Табандылық мен төзімділік, батылдық мен батырлық және өздері таңдаған кәсіпке деген адалдығы мен альпинизмге шынайы берілгендігінің арқасында Василий Талғатұлы мен Мақсұт Сағынтайұлы араға 10 жыл салып, көздеген мақсаттарына жетті.
Расында да, Урубко да, Пивцов та, Жұмаев та қандай құрметке де лайық. Халықаралық ұйымдар мен федерациялардың жетекшілері, Қазақстан Үкіметі, түрлі деңгейдегі басшылардың барлығы да жаужүрек жігіттердің еңбегін лайықты бағалап, түрлі сыйлықтармен марапаттады. Басын қауіп-қатерге тігіп, тау мен тасты аралаған осы отандастарымыздың толағай табысы жайында әңгіме айтылса, көңіліміз кәдімгідей марқайып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Жүздің, тіптен мыңның бірінің жүрегі дауалай бермейтін нар тәуекелге барған қазақстандық альпинистердің бұл еңбегін нағыз ерлік деп бағалауға тиіспіз.
Бүгінгі таңда Қазақстан альпинизм саласы бойынша төрткүл дүниедегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің санатына еркін еніп отыр деп нық сеніммен айтуға болады. Олай деуге негіз, биіктігі 8 мың метрден асатын әлемдегі барлық 14 шыңды осы күнге дейін небәрі 20 елдің оғландары ғана бағындырған екен. Сол тізімде жерлестеріміз Польша альпинистерімен бірге төртінші және бесінші орындарды өзара бөлісуде. Алдымызда тек Италия (7 адам), Испания (5 адам) және Оңтүстік Корея (5 адам). Сондай-ақ Непалдың екі өкілі сол биіктерге көтерілді. Ал Швейцария, Мексика, АҚШ, Эквадор, Германия, Финляндия, Аустралия, Португалия, Аустрия, Жапония, Чехия, Словакия және Иранның бір-бір азаматы сол белестерден көрінді. Міне, осы деректерден-ақ, талай мүйіздері қарағайдай мемлекеттерден Қазақ елінің көші әлдеқайда ілгері екенін аңғаруға болады.
Деректер
*Әлемдегі ең биік 14 шыңның барлығын бағындырған әлемдегі тұңғыш адам – Райнхольд Месснер. Биылғы жылдың күзінде 74 жасқа толғалы отырған Италияның альпинисі сол жоспарын жүзеге асыру үшін өмірінің 16 жылын сарп еткен екен. Атап айтсақ, Месснердің 1970 жылы басталған жорығы 1986 жылы сәтті аяқталды.
*Сол таулардың ұшар биігіне шығу үшін Апеннин түбегінің тарланы Марио Панцери ширек ғасырға жуық уақыт жұмсаған екен. Нақтылап айтсақ, тура 24 жыл! Қазіргі кезде 80 жасты алқымдаған Италияның азаматы 1988 жылы бастаған ісін 2012 жылы ғана тәмамдады. Ал польшалық Петр Пустельник болса, осы мақсатқа жету үшін 20 жыл өмірін арнады.
*Сол шыңдарды ең қысқа мерзімде бағындырған үш адам бар. Олар – Польшаның саңлағы Ежи Кукучка (1979-1987) және Оңтүстік Кореяның қос қыраны – Парк Юн Сок (1993-2001) пен Ким Чанг Хо (2005-2013). Бұл альпинистерге 8 жылдың ішінде барлық биіктердің төбесіне көтерілді.
*Кейбір дерек көздеріне сенсек, 14 шыңның төбесіне шыққан 38 альпинистің қатарына тағы бес адам қосылуға тиіс еді. Олар – италиялық Фаусто ди Стефани, ұлыбританиялық Алан Хинкес, украиналық Владислав Терзыуыл, кореялық О Ын Сон және испаниялық Карлос Паунер. Алайда бұл көрсеткіштердің ресми дәлелі жоқ болғандықтан, олардың есімдері жоғарыда айтылған тізімге енген жоқ.
*Әйелдер арасында кореялық О Ын Сон 1997-2010 жылдар аралығында барлық 14 шыңды бағындырды. Алайда оның бұл көрсеткіші күмән туғызды. Арада тура 20 күн өткенде Эдурне Пасабан дәл сол межеден көрінді. Оның табысы күмәнсіз еді. Осылайша үстіміздегі жылдың 1 тамызында 45 жасқа толғалы отырған Испанияның өкілі осындай дәрежеге жеткен тұңғыш альпинист-әйел ретінде тарихта қалды.
*Былтырғы жылдың өзінде ғана Гималай мен Каракорумдағы барлық шыңдарды бағындырушылар қатары бес адаммен толықты. Олар – италиялық Роман Бенет пен Нивас Мерой, словакиялық Петер Хамор, ирандық Әзім Гейшісаз және испаниялық Ферран Латор. Еуропаның үш өреніне мақсатына жету үшін 18 жылдан аса уақыт қажет болса, Парсы елінің өкілі 9 жылда барлық шаруаны тындырды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,