Талантқа тұсау жоқ
Ақтан батыр ауылының тумасы Серік Ерболатовтың он бес жасында жазатайым жағдайға ұшырап, қос жанары көрмей қалған. Алайда жігерлі жас бұл қиындыққа жасымады. Керісінше, қоғамнан алшақтамай, дүниенің бір кетігін тауып, кірпіш болып қаланды. Бойдағы таланты мен қайсарлығы оны алға жетелей түсті.
Серік отбасындағы үш баланың ортаншысы. Үлкен әпкесі мен інісі бар. Ол жарық дүниеге қос жанары жарқырап келді. Қатар құрбыларымен өзі туған ауылдағы мектеп табалдырығын аттады. Алайда 8 сыныпты тәмамдаған жылы жылқыдан құлап, жарақат алған Серіктің тағдыры басқа арнаға ауысып кете барды. Екі көзінің де көруі нашарлап, ауылынан жыраққа кетіп, Алматы қаласындағы Н.Островский атындағы зағиптар және көздері нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатта оқуға мәжбүр болды. Бала күнінен ән айтуға құмар Серік осында білім ала жүріп, баян, домбыра, гитара аспаптарында ойнауды меңгереді. Қазір түрлі ән байқауларында бағын сынап, жүлделі орындарды жеңіп жүр.
«Бала кезімізде сыныптастармен кешкілік көшеде жүріп, ән салатынбыз. Мектепте де өлең айтып жүрдім. Ең алғаш «Бозторғай» ән байқауына қатыстым. Ол кезде Қонысбек деген жігіт домбырада, мен баянда ойнап, Тоқтар Серіковтің орындауындағы «Үкілі қыз» әнін айттық. Ең алғашқы үлкен сахнам сол екен. Одан кейін бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрмін», – дейді Серік.
Иә, әнші жігіт жүлдесіз емес. Ол «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы аудандық байқауда үшінші, Басықара ауылдық клубында «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткен «Келешекке зор үмітпен қараймыз» атты аудандық өнер фестивалінде «Әуезді әнші» номинациясымен марапатталды. Кеңес Одағының батыры Ү.Түктібаевтың жүз жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Дәстүр» аудандық дәстүрлі әншілер байқауында үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Астана қаласының – 20, Қызылорда қаласының – 200 жылдығына орай өткен «Менің қолымнан бәрі келеді» өнер фестивалінде сазды аспапты шығарма орындағаны үшін екінші, аудандық «Сыңғырла сазды сырнайым» атты баянмен ән орындаушылар байқауында бас жүлдеге қол жеткізді. «Әлемнің жылуын жүрегіммен сеземін» ән байқауында бірінші орын алып, «Орда» зағиптар қоғамдық бірлестігі төрағасының «Дипломымен» марапатталған. Жуырда ғана Қызылорда қаласында өткен облыстық дәстүрлі «Жүрек жылуы» мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы байқаудан екінші орынмен оралды. Байқау кезінде әнші Табылды Досымовтың «Жалған дүние» әнін орындап, көрермендердің көзайымына айналды.
Өнерлі жігіт ауыл әкімінің, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 80 жылдығына орай «Алғыс хат» иеленді. Ауылда әнші жігітке қолдау көрсететіндер жетерлік. Мәселен, Өмірсерік деген ауыл тұрғыны Серікке баян алып берген.
Серіктің осындай байқаулардан қалыс қалмауында жұбайы Орынайдың еңбегі ерекше. Әркез жарының жанында жүретін Орынай үйде де, түзде де жағдайын жасайды. Отау құрғанына он жылға жуықтаған ерлі-зайыптылар ең алғаш құрдастар арасындағы мерекелік отырыстардың бірінде танысады. Сол кезден бастап, жақын араласқан екі жас жүрек қалауымен шаңырақ көтереді. Қазір Серік пен Орынайдың шаттыққа толы шаңырағында Нұрасыл, Ұлпанай, Айзере, Кемеңгер атты төрт бүлдіршін өсіп келеді. Олардың алды мектепте оқиды. Кез келген аспапта еркін ойнайтын жігіт ауылдық клубта жұмыс істейді.
Мүмкіндігім шектеулі деп қол қусырып отырғысы келмеген жігіттің талабы мен талпынысы талайды тәнті етеді.
– Қазір Дидар есімді ініммен жиын-тойларда ән саламыз. Мен баянда, Дидар гитарада ойнайды. Өнерімізге деген құрметі болар тойға шақырушылар қатары сиреген емес. Біз де қызмет қылуға әрқашан әзірміз, – дейді Серік Ерболатов.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА