Білімді ұрақ – өркениеттің елдің негізі
Бірнеше жылдан бері білім саласында ұстаз мәртебесі, мектептің материалды-техникалық базасы, балалардың тиімді ортада білім алуына байланысты реформалар жасалып келе жатқаны белгілі. Сапалы білім мен саналы тәрбие берушілерге лайықты жағдай жасау бар да, бұл игілік білім сапасын арттыруға қаншалықты әсер еткенін зерделеу де күн тәртібінен түспейді. Осыған байланысты бүгін Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде «Білімді ұрпақ. Адал адам. Өркениетті қоғам» тақырыбында жиын өтті.
Аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, мектеп басшылары мен ұстаздар қатысқан кеңейтілген мәжілісті аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, елімізде ұстаздар мен оқушылардың кедергісіз дамуына, білім алуына жасалып отырған жағдай жайына тоқталып өтті. Бұдан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов білім сапасына байланысты баяндады.
Ә. Оңдасынұлы: «Қазіргі таңда әрқайсысымызды, әсіресе ата-аналар қауымын білім сапасы алаңдататыны рас. "Балама қалай оқып жүр, оған қаншалықты тәжірибелі мұғалім сабақ беріп жатыр?" деген сұрақ кішкентайдың келешегіне бейжай қарамайтын қоғамның күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бағымызға орай, қазіргі сәтте мектеп қабырғасында жүріп, білім бәсекелерінде аудан атын алысқа естіртіп жүргеніне куәміз. Белес асып, біліктілігін көтеріп жүрген ұстаздардың арқасында ауылымыздың талай қарадомалағы еліміздің белді оқу орындарына мемлекеттік грант негізінде білім алып жатқаны да әмбеге аян. Тіпті, білім ошақтарындағы техникалық база сапасының артуынан десек жарасады, жас ғалымдарымыз пайда болып, балалар бойында өнертапқыштық байқала бастады. Мұның барлығы педагогтеріміздің өзін уақыт талабынан қалыс қалмағанының, оқушыларға сапалы білім беру жолындағы ізденістерінің нәтижесі екені даусыз, — деп алдымен ардақты ұстаздарға алғысын білдірді.
Бұдан әрі білім саласындағы күрмеуі қиын мәселелер жайын тарқатты. Нақтырақ айтсақ, жетістіктер жөнінен төмен көрсеткішпен көзге түскен мектеп басшыларын сынады.
— Жарыста жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін білеміз. Десек те, білім мен спорт додаларынан талай мәрте жүлдесіз қайтқан қарадомалақтарымыз көп. Білім бөлімі тарапынан жүргізілген рейтинг нәтижесіне сәйкес, іргелі 9 мектеп ең төменгі көрсеткіште тұрақтады. Онда мыңдаған шәкірт білім алып жүргенін алдымен айтайық. Мектептегі ұстаз – оқушының шамшырағын жағар тұлға болса, ұстазға әдістемелік бағыт-бағдар беретін мектеп басшылығы екені белгілі. Халық даналығында «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» деген бар. Мұны мектеп басшылары үлкен сын деп қабылдауы керек.
Сондай-ақ мұғалімнің де, мектептің де білім сапасының нәтижесі оқушылар үлгерімінің пайыздық көрсеткішімен өлшенеті мәлім. Мәселен, тоқсанда екілік баға алған оқушысы бар мұғалім нашар мұғалім атанатын болды. Үлгермейтін оқушыларының пайыздық көрсеткіші жоғары мектеп – артта қалған мектеп. Тәжірибеде мұғалімдер «жақсы мұғалім» атанудың оп-оңай жолын тауып та алған. Ол – оқушыға нашар баға қоймау. 100% үлгерім беру! Оқу жетістіктерін бағалаудың пайыздық көрсеткіші оқушылар біліміне қойылатын талаптың әлсіреуіне әкеліп соқтырды. Сол себепті көрсеткішті емес, сапалы білім беруді мықтап қолға алу керек, — деді ауданның бас ұстазы.
Бұдан бөлек, Ә.Жөлекешов «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыруға бағытталған жоспармен таныстырып, сала бойынша қызметі бір жүйеге түспеген мектептерді атап өтті. Мәжілісте №95-ші орта мектеп ғимаратында орналасқан Кешкі мектепті жабу жұмыстары жүріп жатқанын, инновациялық мектептердің үлгерімі, статусына қатысты мәселе қаралатынын мәлімдеді.
Білім саласының ахуалы баяндалғаннан кейін аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырып, ауданның маңдайалды мектептері бірнеше жыл қатарынан жетістіктер жөнін төмен көрсеткіш көрсеткенін, кейбір мектеп басшылары ауылда тұрақтамай, қатынап жұмыс істеуі салдарынан білім ошағындағы даму тежелгенін сынады. Бөлім басшысына аталған мәселелерге байланысты директорларға тиісиі шара көруді тапсырды. Мектеп ұжымындағы ауызбірішілікті сақтап, мамандықтың қадірін түсірмеуді бірінші басшылар қатаң ескертті.
Бұдан кейін аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов ата-аналар бала тәрбиесіне терең көңіл бөлетін уақыт әлдеқашан келгенін тілге тиек етті. Балалардың қауіпсіздігіне бейжай қараған 524 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, жұлдыздыиықтылар түнгі 4-ке дейін рейд жұмысын ұзартқанын баяндады.
Осыған сәйкес, аудан басшысы тәртіпке бас имеген шәкірттердің ата-анасының жауапкершілігіне жеңіл қарамау керегін айтты. Ал мәслихат төрағасы Ғ. Әлішов ұстаздар тарапынан жасалып жатқан заңбұзушылық, оларға тағайындалған жазаны жариялап отыру мұғалімдердің жауапкершілік жүгін сезінуге септесетінін айтты. Ғ. Әлмамбетұлының сөзінше, бала тәрбиесімен айналысатын ұстаздар теріс қылық жасамауы міндет.
Мәжілісте аудан прокуроры ата-аналарға балалардың телефонын ұдайы тексеріп отыруға кеңес берді. Себебі қыз балаларды бопсалау, ер балаларды төбелеске, бейресми ұйымдарға тарту белең алып барады.
Бұдан бөлек, аудан прокурорының көмекшісі жасөспірімдерге қатысты қылмыстар мен жаза туралы кеңінен тарқатты. Ал жиынға қатысушы ақсақалдар аталған қиындықтарды еңсеруге байланысты кеңес берді.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жиында көтерілген олқылықтарға байланысты кент, қала, ауылдық округ әкімдеріне, бөлім басшылары мен мектеп директорларына нақты тапсырма жүктеді. Ал жиналғандар өздерін толғандырған жайттар бойынша сұрақтарына жауап алды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат