Қазалыдан елордаға: жұрт асыққан жәрмеңке

Жақында Астана қаласында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің екі күндік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарсы Қарқаралы тас жолында өтті. Елорда төріндегі жәрмеңкеге Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіліп, арқа төріндегі ағайынға тиімді бағада ұсынылды. Әсіресе брендке айналған «Қазалы» кәмпиті мен қауын-қарбыз, бау-бақша және балық өнімдері көпшіліктің сұранысына ие болды. Еліміздің бас қаласында өтіп жатқан жәрмеңкеге Қазалы ауданынан барлығы 37 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері апарылды. Оның ішінде күріш өнімі 10 тонна, балық өнімдері 8,5 тонна, сүт өнімдері 2,5 тонна (сүт, айран, сүзбе, қаймақ, құрт), 1 тоннадан астам Қазалы конфеті және басқа да бау-бақша өнімдері жеткізілді.
Айта кеткен жөн, жәрмеңкеге облыс бойынша 50 жүк көлігіне тиелген 60-қа жуық тауарөндірушінің құны 200 миллион теңге болатын 500 тоннаға жуық өнімі апарылған. 200 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет, 20 тонна балық, 160 тонна бақша өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері, 5 тонна ас тұзы саудаланды. Сонымен қатар жәрмеңкеде Сыр елінің өнерпаздары қатысқан мәдени-танымдық концерттік бағдарлама елордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолға қойылған. Осы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығында 46,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,6 пайызға артты. Облыс бойынша 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар – 92,9 мың гектар, майлы дақылдар – 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 73,3 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша – 17,4 мың гектар. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес 80,9 мың гектар жерге күріш себілді. Шаруашылықтар егін жинауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде егін жинау науқаны қарқынды жүруде. Ерте егілген дәнді дақылдар толық жиналып бітті. Қазіргі таңда мал азықтық, майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша және күріш жиналуда. Аймақта мал шаруашылығын дамытуға жасалған қолдаудың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру ұлғайды.
Облыс бойынша соңғы деректерге сәйкес 425,4 мың бас ірі қара, 830,3 мың бас қой мен ешкі, 270,7 мың бас жылқы, 66,0 мың бас түйе және 126,8 мың бас құс тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара 0,5 пайызға, жылқы 9,7 пайызға, түйе 1,2 пайызға, құс 1,2 пайызға артты. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқынды дамып келеді. Биыл облыстан құны 18,8 миллион долларды құрайтын 37,7 мың тонна өнім әлемнің 19 мемлекетіне экспортталды. Барлық экспортталған өнімнің 89,4 пайызын құрайтын күріш өнімі Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттеріне жіберілді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта инвестжобалардың жол картасы әзірленіп, жалпы құны 57,1 миллиард теңгені құрайтын 30 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар өңір экономикасын одан әрі өркендетуге бағытталған.
Молшылық мерекесі осылайша көтеріңкі көңіл-күймен өте шықты. Ең бастысы, тұтынушы да, сатушы да дән риза. Мұндай жәрмеңкелер азық-түлік бағасын тұрақтандыруға үлес қосады. Әрі жаз бойы еңбек еткен шаруаларға да серпін береді. Осындай жәрмеңкелердің жиі ұйымдастырылуы тұрғындардың әлеуеті үшін үлкен демеу болары хақ.
Айнұр ӘЛИ