Жұптасқан тату-тәтті жарты ғасыр...

Елде қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні мерекесі аталып өтеді. Осыған орай, аудан әкімнің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев пен аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов және аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Лига Наурызбаева Әйтеке би кентінде тұратын шаңырақ көтергендеріне 50 жыл болған Алтын той иелерінің үйіне барып, мерейлі мерейтойларымен құттықтады. Алдымен берекелі ғұмырларымен елге үлгі болған Бақытбек пен Күлай Қошқаровтардың шаңырағына барды. Әулет ардақтысы Бақытбек аға мен жұбайы Күлай анамыздың бақытты отбасының іргетасын бірге қалағандарына – 50 жыл. Олар салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, еткен еңбегі, көркем мінезімен өзгеге өнеге боларлық үлкен әулет иелері. Отағасы Бақытбек аға – ұзақ жылдар бойы ауыр еңбектен қаймықпай, КамАЗ тізгіндеп, ел игілігіне адал қызмет еткен еңбек адамы. Ал Күлай ана – көп жанға шипа дарытқан ақ халатты абзал жан. Медбике ретінде талай адамның алғысына бөленіп, зейнетке шыққан қадірлі ана. Бүгінде үлгілі отбасы атанып, 5 баладан өрбіген 10 немеренің қызығына бөленіп отырған ардақты жандар көпке үлгі.
Одан соң Болат пен Қуаныш Асаубаевтардың шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Отағасы Болат Асаубаев құрылыс саласында еңбек етіп, бүгінде адал еңбегінің зейнетін көруде. Ал Қуаныш апамыз өмір бойы мектепте жоғары санатты, білімді де білікті ұстаз болумен қатар жанұяда 9 бала тәрбиелеп, барлығына жоғары білім алып берген «Алтын алқа» иегері атанған Батыр ана. Берекелі отбасында 4 қыз бен 5 ұл дүниеге келіп, оларға өнегелі тәрбие берген алтын той иелері осы 9 перзентін де өз тұғырларына қондырған.
Шаңырақ көтергендеріне 50 жыл болған отбасы иелеріне аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев мерейтойлық құттықтауын табыстап, отасқандарына 50 жыл толуына орай неке куәлігі табыстады. Сондай-ақ қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, камзол киігізіп құрмет көрсетті.
Бұл күн «Алтын той» иелерінің өмірінде алтын әріппен жазылып қалатыны сөзсіз. Себебі, осыдан елу жыл бұрын некесін қидырған жандар араға жарты ғасыр салып қайтадан неке кәулігін алып отыр. Отбасы құндылығын сақтап, татулықтың тал бесігін қатар тербеткен үлкендердің өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ