Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Лас судың лаңы: Түйткілдің түйіні қайтсе шешіледі?

Лас судың лаңы: Түйткілдің түйіні қайтсе шешіледі?

Соңғы уақытта Әйтеке би кентінде көше тазалығы мен кәріз суларын шығару мұңды мәселеге айналды. Тұрғындардың жергілікті жердегі әлеуметтік желілерде жариялаған жазбаларынан тазалыққа көңілі толмайтынын аңғаруға болады. Олардың айтуларынша, ассенизатор иелері лас кәріз суды белгіленбеген жерге төккен. Әкімдік белгілеген тиісті орындарға су төгу мүмкін емес деген сарындағы жазбалар да жиіледі. Жергілікті атқарушы орган арнайы орындарға су төккені үшін ассенизатор иелерінен қаржы талап етеді деген сарындағы пікірлерді де көзіміз шалды. Жауаптылар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олар халық арасында туындаған жалаң сөздерге сенбеу керектігін айтады. Бірақ тұрғындар шу шығарып, неге дүрлікті? Даналарымыз айтпақшы, "Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" дегендей, олардың осылай даурығып, дау тудыруында бір мән болуы да ғажап емес. Мәселенің астарына үңіліп көрелік.
Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары Мұхтар Бисенбаевтың сөзіне сенсек, аумақта кәріз суын төгетін орын қалыпты жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда аталған орын "Қазалы-Су-Сервис" МКК-на қарасты. Әкім орынбасарының айтуынша, ассенизатор көлік иелерінен кәріз суларын апарып төккені үшін ешқандай ақша талап етпеген. Бұл жөнінде көлік иелерімен кездесу барысында түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді ол.
Жағдай құзырлылардың үнемі қадағалауында болса, онда жоғарыдағыдай алып-қашпа әңгімелер қайдан шықты? Алаң қылған мәселе арандатушылыққа ұқсайтындай. Бұлай демейін десек, көтерілген мәселенің төркіні жалпының емес, жалқының қамын жейтіндей көрінеді. Әкімдік қарсы деген желеумен ассенизатор иелері халық арасында іріткі салып, бағаны көтеруді көксейтін сыңайлы. Қара бастың қамын күйттеген көлік иелеріне көптің жағдайы алаң тудырмайтын болғаны ғой. Алаң болса, лас суды кент іргесіне төгіп лаң салмас еді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Әйтсе де, бұл жекелеген тұлғалардың ісі екендігі айдан анық көрініп тұр. Бас пайда үшін адамдар түрлі арамдыққа баратындығын мына мәселенің өзі айқындап тұрған жоқ па?!
Онсыз да экологиялық аймақта тұрамыз. Ал енді аядай ғана ауданның ауасын өзіміз ластап жатырмыз. Кәріз суы кенттегілердің өмір сүруіне кедергі келтіріп, денсаулығына кесел болып жабысуы әбден мүмкін. Қысқаша айтқанда, айтарлықтай қауіп төндіреді. Желідегілердің жанайқайының жаны бар. Талабы ше? Тұрғындар ассенизатор көлігін тізгіндеген жүргізушілер тәртіпке бағынса деп тілейді. Өкініштісі, бұған құлақ асып жатқандардың қарасы аз.
– Шыны керек, мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырған жоқ. Мезгіл сайын көтерілетін мәселеге айналғалы қашан... Сарқынды суды төгуге арнайы орын бар екенін білеміз. Бірақ кәріз суы кент іргесінде төгіліп жатыр. Кешегі желідегі жазбалар соны айғақтайды. Ассенизатор көлігін жүргізетіндердің көбі жекелеген адамдар. Кейбірі кәсібін тіркемей, күн көріп жүр. Жақсы, солай-ақ болсын. Бірақ жауапсыздыққа жол бермеу керек қой. Күнделікті адам жүретін жерлерге төгіп, көпшілікке қауіп келтіріп отырғанын ойлауы керек емес пе? Өріске шыққан мал қаланың іргесі болған соң, кәріз суын ішеді. Ал оны ішкен ірі қараның еті мен сүтін пайдаланған адам ауруға ұшырамасына кім кепіл? – дейді кент тұрғыны Жанат Рақымбек.
Бар кінәні жекелеген көлік иелеріне, атап айтқанда жеке кәсіпкерлерге арта салу оңай шаруа. Бірақ олардың да бұл мәселеге қатысты айтар уәжі жоқ емес. Есімін жасырып қалуды сұраған ассенизатор көлігін жүргізуші көтерілген жайтқа қатысты былай дейді.
– Көпшілік кешегі көтерілген мәселеге ассенизатор көліктері кінәлі дегенді айтады. Бәлкім, солай да шығар. Бірақ мәселенің байыбына бармай жатып, түбегейлі кінәлі ету орынсыз дер едім. Расы керек, кәріз суы төгілетін аумақ стандартқа сай емес. Ол жаққа машинамен шығудың өзі ыңғайсыздық тудырады. Құзырлы мекеме тарапынан көлік түсіп шығуға қолайлы жағдай жасалса жақсы болушы еді, – дейді ол.
Әр тарап түрлі пікір айтады. Әркім өзінікін дұрысқа балайды. Бірақ кәріз суының қандай қиындықтар тудыратынын ойлаудан алыс. Бұл жағдай инфекциялық аурулардың өршуіне себеп болып, экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін екенін ескерсек, лас сумен маңайымызды лайлаудан аулақ болғанымыз дұрыс. Сондай-ақ кәріз суы кеселдің көзіне айналуына жол бермей, түйткілдің түйінін дер кезінде тарқатуға жауаптылар қам қылса игі. Әйтпесе, алды алынбаған мәселенің салдарымен күресу көп уақытты талап етуі бек мүмкін.
Арайлым ЖҮСІПОВА
06 ақпан 2024 ж. 148 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031