Аудан әкімі тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындардың талап-тілектерін әрдайым тыңдауға әзір. Жақында ғана аудан басшысының өткізген жеке қабылдауына аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі 5 қабатты үйде тұратын тұрғындар келіп, өздерінің мәселелерін айтқан болатын. Сол кездесуде көпқабатты тұрғын үйдің ауласында тағы бір жүздесіп, пәтер иелері кооперативі басшыларымен бірге мәселелерді талқылау келісілген еді.
Осыған орай аудан басшысы Жанқожа батыр, Желтоқсан және В.Счастнов көшелеріндегі 5 қабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде тұрғындар қордаланған мәселелерді аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың назарына ұсынды.
Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын халықтың айтуынша мұнда жарық күн сайын сөніп, ауыз судың сапасы сын көтермейді. Жекелеген тұрғындар үйдің төбесінен су ағып тұрғанын да жеткізді.
Одан бөлек, үйлердің ауласындағы тазалық, жол, ойын алаңындағы кейбір мәселелер де ашық айтылды. Жалпы алғанда тұрғындар Әлмұрат Аманов басқаратын «Сұлутам» пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілдері толмайтынын ашық айтты. Осы уақытқа дейін бірде-бір есеп берілмегенін де тілге тиек етті.
Тұрғындардың айтқан ауыз су, жарыққа қатысты сауалдарына «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы аудандық өндірістік бөлімінің басшысы Әділхан Ахметов, аудандық электр торабының бастығы Ерболат Мұхаш сияқты тиісті сала басшылары кездесу кезінде бірден жауаптарын берді.
Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Сұлутам» пәтер иелері кооперативінің басшысы Әлмұрат Амановқа тұрғындар алдында есеп беруді тапсырды.
Пәтер иелері кооперативінің басшысы 3 көпқабатты үйлерде 180 пәтер бар екенін, ондағы тұрғындардан ай сайын жиналатын қаржының нақты сомасын айтты. Бұл қаржының бір бөлігі су мен жарыққа, қалған бөлігі жұмысшыларға төленетінін жеткізді.
Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентінің әкімі мен тиісті сала басшыларына тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді толық зерттеп, тез арада мән-жайды баяндауды тапсырды.
Сондай-ақ, «Сұлутам» пәтер иелері кооперативінің басшысы Әлмұрат Амановқа тұрғындардың арыз-шағымынан нәтиже шығару қажеттігін айтты. Сонымен қатар, 5 қабаттағы тұрғынның пәтеріне арнайы барып, судың сапасы мен ағысын сала басшыларымен бірге көрді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат