Жаңбыр жауды дегенше, маза қашты десеңші...
Бірнеше күннен бері қазалылықтардың толассыз жауған жаңбырдан тынышы қашты. Тіпті күнара жауған жауын суы кенттегі көшелерді көлшікке айналдырып үлгерді. Жаяу жүргіншілердің, қала берді көліктердің де жүріп-тұруы қиындады. Иә, табиғаттың тосын мінезін болжай алмайсың. Дегенмен коммуналдық мекемелер қандай жағдайға да дайын болу керек емес пе еді? деген сарындағы шағымдарын әлеуметтік желілерде жарыса жариялаған тұрғындар жергілікті биліктің жайбасарлығына қапалы.
Тұрғындардың наразылығын негізсіз деуге келмейді. Себебі жаңбыр жауа қалса, көлшік тұрмақ, телегей теңізге айналатын көшелерде су ағып кететін арықтар қарастырылмаған. Болған күннің өзінде арық тас жолдың деңгейінен жоғары орналасқан. Ал жолдардың әбден тоз-тозы шыққан. Тіпті кенттегі көпшілік көп жүретін орталық көшелердің жағдайы да мәз емес. Сол жолдардың сапасыздығы тиісінше жаңбыр суының жұртшылық жүретін жолда жиналуына себеп болып тұр. Бірақ бұл жауын уақытында жауаптылардың қол-қусырып қарап отыруына болады деген сөз емес. Тұрғындар мұны жаңбыр жауған сайын мәселе етіп көтерсе де, әлі күнге дейін құзырлылардың жұмысында жүйелілік байқалмайтынға ұқсайды.
– Көшелердің суға толып, қозғалыста қиындықтың туындауы жаңбыр жауған сайын қайталанатын құбылысқа айналды. Бұл тұрғындар үшін қалыпты жағдайға айналды деуге болар. Өйткені жергілікті билік бұл ретте нақты жұмыстар жасап жатқан жоқ. Тек дамылсыз қоңырау соғып немесе желіде көшенің көрінісін дабыра қылып жарияламайынша, өздігінен қозғалуға құлық танытпайды. Қарап тұрсаң, біз де жауын-шашын да жиі болмайды. Жауапты мекемелер ара-тұра жауған жаңбыр суын арылтуға күш салса болады ғой,– дейді кент тұрғыны Айдын Әскербек.
Ал Әбілқайыр хан көшесінің тұрғыны Сәкен Кермеш жол реттелмейінше, жаңбыр суынан арылу әзірге арман болып қала береді дейді.
– Жауын түскен сайын көшедегі көрініс көңілді түсіреді. Мектепке баратын балалардың тобықтан су кешіп, батпаққа батып жүргенін көргенде аяп кетесің. Көліктің жайы айтпаса да түсінікті. Жиналған судың ортасымен арлы-бері өткенде моторы бұзылып, қаншамасы істен шығып жатыр. Жол тегіс болса, мұндай орын алмас еді. Көшенің біз тұратын аумағында сол жақ беткейінде арық бар. Бірақ суағар жасалмаған. Тым құрыса қар мен жаңбырдың суы ағып кететіндей жағдай жасалса дейміз. Түсінеміз, үлкен қаладағыдай су жиналатын арнайы орындар қарастырылмаған, көшеде кәріз жүйесі де ескерілмеген. Дегенмен мүмкіндіктерді қарастырып, мәселені оңтайландыруға болады деп ойлаймын. Сондай-ақ жауаптылар жүйелі жұмыс жасауға, жолдарды жақсартуға мүдделі болу керек. Тек тұрғындар бас көтеріп, айқайға салғанда емес. Себебі тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – жергілікті билік пен жауапты мекемелердің жауапкершілігінде, – дейді көше тұрғыны.
Тұрғындардың тілегі орынды. Десек те құзырлылардың да жұмысын жоққа шығаруға болмас. Себебі кентте жаңбыр жауғаннан кейін суға толған кент көшелерін судан сорғызу шаралары тынымсыз жүргізілуде. Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары Мұхтар Бейсенбаевтың сөзіне сенсек, кенттегі Счастнов, Желтоқсан, Үмбет би, Қашқынбаев, Қ.Пірімов, Жанқожа батыр, Қ.Ерімбет көшелерінен 104 текше метр су тартылған. 8 аценизатор көлігі мен 35-ке жуық жұмысшы жұмылдырылып, барлығы 34 рейс су шығарылған.
– Жауын-шашын уақытында көшені судан арылту үнемі басты назарда. Табиғаттың тосын мінезінен туындаған жағдайды реттеп, жаңбыр салдарынан пайда болған суды тазарту жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуге жұмысшылар барынша күш салып жатыр, – дейді кент әкімінің орынбасары.
Жаңбыр жауды дегенше, қазалылықтардың әбігерленіп, жергілікті биліктен әрекет күтетіндігі жасырын емес. Бірақ әлеумет күткен әрекет анау айтқандай берекелі болмай тұр. Десе де берекеге кенелер күн алыс емес екендігіне сенгіміз келеді. Оған дейін жауаптылар табиғат төндіретін тосын жайтқа тосырқап қалмауды әдетке айналдырса деген тілек бар.
А. ЖҮСІПОВА