Тазалық табалдырықтан басталады
Таңертеңгілік үйден шығып жұмысқа қарай бет алдым. Жан-жағымды бағдарлап, көше бойымен жүріп келемін. Көзім әр көше сайын жарық бағанасы жанында тау болып үйіліп жатқан қоқысқа түсті. Айналамдағы жағымсыз көріністің көзге қораштығы көтеріңкі болған көңіл-күйімді су сепкендей басып сала берді. Көшенің көркін кетірген бұл көріністің кім-кімге де осылай жағымсыз әсер етері сөзсіз. Тіпті мұндай жағымсыз факторлар адамның өмір сүру сапасына да кедергі келтіреді десек артық айтқандық емес.
Ал мұндай кемшіліктердің алдын алу жұмыстары тұтас қоғамға арқау болу керек. Дейміз ғой, бірақ кейде жоғарыдағыдай олқылықтарды ойдағыдай ету жұмыстары үнемі жүргізілгенімен көптің көңілінен шығу мүмкін болмай жатады. Оның себебі де жоқ емес. Бұл тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысқа салғырт қарауының салдарынан туындайды. Бірақ олардың жұмысын түбегейлі жоққа шығару да орынсыз. Себебі кент ішінде атқарылып жатқан санитарлық жұмыстар аз емес. Мұны кент әкімінің орынбасары Тәуіржан Құлмұратов та өз сөзінде тиек етіп, баяндап берді.
– Жыл басынан бері кенттің санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Аталған жұмыстарды атқаруға бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде жеңімпаз атанған мердігер мекеме «Автотех оқу орталығы» ЖШС мекемесі тазалық бағытындағы шаруаларды оңтайлы үйлестіруде. Бүгінде мердігер мекеме тарапынан Әйтеке би кентінің 82 көшесіне ұдайы тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады. Атламшыш мекемеде 5 арнайы техника, атап айтсақ 3 дана зил, 1 су машинасы, сондай-ақ 1 камаз автокөлікпен қамтылған. Онда 25 адам тұрақты жұмыс жасауда.
Сонымен қатар Әйтеке би кентінде тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздндыру және жоюға үшін арнайы қоқыс алаңы өз жұмысын жүргізуде, – дейді ол.
Жоғарыдағы жұмыстардан құлағдармыз, десе де кент тазалығы талапқа сай болмай тұрғанын да жасыруға болмас. Оған желіде жиі жарияланған суреттер мен редакция тарапына келетін тұрғындардың шағымы дәлел. Көпшіліктің сөзінен тазалыққа көңілдерінің толмайтынын аңғардық. Ержігіт есімді кент тұрғыны өлкедегі тазалық жайы көңілдегідей емес дейді. Айтуынша, жауапты мекемелер өз жұмыстарына салғырттық танытатын көрінеді.
– Өзім кентте тұрамын. Орталық көшелермен жиі жүремін. Өлке көшелерінің тазалығына қарным ашады. Өзім жиі жүретін аумақтан байқағаным, көшедегі қоқыс салуға арналған жәшіктер аузы-мұрнына дейін жетіп, шашылуда. Осындайда жәшік толып, қоқыс сыртқа төгілгенше күтіп отыра беретін тиісті мекемелер тұрғындар алдындағы жауапкершілігін ұмытқан ба дейсің. Құзырлы мекемелер тазарту жұмыстарын уақытылы жасауға мүдделі болмаушы ма еді?! Әлде олар жұмысты жүйелі етуді жұрт дабыл қаққанда ғана ұйымдастыруды әдетке айналдырды ма екен? – дейді тұрғын.
Иә, тұрғын назының жаны бар. Бірақ жауапты мекемелердің де тұрғындарға айтар өз уәжі де жоқ емес. Әйтеке би кентіндегі тұрмыстық қалдықтарды жинау, әкету және оларды көму бойынша қызмет көрсететін «ҚазалыКөркемСервис» ЖШС-нің басшысы Дәулетбек Тұяқбаев тазалыққа арнайы тек арнайы мекеме жауапты деген түсініктің қате екендігін айтады. Себебі, бұл жалпыға ортақ іс. Бұған тек жауапты қызметкерлер ғана емес, жекелеген тұрғындарды да мүделлі болу керек дейді.
– Қоқыс жәшіктеріне қатысты түрлі сын-пікір, арыз-шағымдармен жиі ұшырасамыз. Бірақ олардың бәрі орынды дей алмаймын. Оның үстіне көптің көңілінен шығу анау айтқандай оңай дүние емес. Десе де біз өз жұмысымызға немқұрайлы қараған емеспіз. Күнделікті кестеге сәйкес, қоқыс жәшігі тазартылу қажет болған көшелердің бағыты белгіленіп, сол бойынша жұмыс жүргізіледі. Мекеме арнайы техникамен, атап айтқанда 3 автокөлікпен қамтылған. Ал тазалық жұмысына 15 адам жұмылдырылған. Тұрғындармен жасалған келісімшарт негізінде қоқыс жәшіктері айына кем дегенде 2 рет тазартылады. Ал күніне 80 темір жәшіктің, 70-80 пластик жәшіктің қоқысы жиналады. Осы ретте айта кеткім келеді, тұрғындардың шу көтеріп, бос айқайға салуына еш негіз жоқ. Себебі, біз өз жұмысымызды бірнеше жылдан бері жүйелі үйлестіріп келеміз. Тек тұрғындар қоқысты тазарту жұмыстары белгіленген реттілікпен жүретінін қаперге алса екен, – дейді «ҚазалыКөркемСервис» ЖШС-нің басшысы Дәулетбек Махамбетұлы.
Кент келбетінің көркем болғаны әрқайсымыз үшін абырой. Ал сол абыройға бөлену үшін аймақтың тазалығына мән берген жөн. Қоқыстан ада болып, саф ауадан қуат алғымыз келсе, тазалықты әуелі өз табалдырығымыздан бастағанымыз ләзім.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ