Қырық жыл қызмет – лайықты құрмет
Сүйіп таңдаған мамандығымен елдің өркендеуіне, ауданның дамуына, сала тіршілігінің шалқуына ұзақ жылдар бойы сахна сыртында аянбай еңбек етіп жүрген майталман маман көл-көсір деп айту қиын. Дегенмен әр салада ісіне адал азаматтар табылады. Бүгін есепші ретінде есімі көпке мәлім аудандық білім бөлімінің бас есепшісі Люба Өтемұратованы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қабылдады.
– Қырық жыл бойы қаржы ісінің қалтарыс-бұлтарысына куә болып, қызметті абыроймен атқаруыңыз қандай да болсын құрметке лайық. Алдымен ауылшаруашылық, кейін білім саласында 36 жыл табан аудармай бүгінгі күнге дейін еңбек еткеніңізді жақсы білемін. Сізді зейнет демалысына шығуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін, — деді аудан басшысы М. Әуесұлы.
Бұдан кейін Люба Өтемұратоваға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше еңбегі үшін Қазалы ауданының Құрмет грамотасын табыстады. Арқасына ақ жаулық жауып, гүл шоқтарын ұсынды.
Айта кетейік, Люба Өтемұратова 1962 жылы 27 желтоқсанда Қазалы ауданы, Майлыбас ауыл советінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1983 жылы Қазалы аудандық ауылшаруашылық бөлімінде экономист болып бастаған. 1988 жылдың мамыр айынан бастап Қазалы аудандық білім бөлімінде бас бухгалтер қызметінде 36 жыл абыроймен атқарып келеді.
Бұған дейін Қазалы ауданының білім бөлімінің, Қазалы ауданы әкімінің, Қызылорда облысының қаржы басқармасының, Қызылорда облысының білім басқармасының, Қызылорда облысы әкімінің, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс» хаттарымен бірнеше рет марапатталған. Отбасында жолдасы екеуі 3 ұл бала және 4 немере тәрбиелеп отыр.
#Қазалыақпарат
#Қазалыбілім
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат