Қазына қамын ойлаған
Мемлекет дамуын қаржы мамандарының еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Кіріс пен шығыстың қомақты қаржысын жөнімен пайдалану, олардың бағытын бағамдау кез келгеннің қолынан келетін іс емес. Қазақстанда қаржыгерлер мерейі биік саналатындықтан, Үкімет 15 қараша күнін меншікті мерекесі етіп бекіткен. Осыған байланысты кеше Қазалы ауданында қаржы саласында қалтқысыз еңбек етіп жүрген қызметкерлер құрметке бөленді.
Алдымен сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қарашаның бүгінгі күні мемлекет үшін зор маңызға ие екеніне тоқталды. Тарихта қалатын дата екенін еске салды.
– Бүгін Ұлттық валюта – Теңгенің айналымға енген күні және Қазақстан Республикасының қаржы саласы қызметкерлернің кәсіби мерекесі. Қазақ жұртының төлқұжаты іспеттес валютаны дайындау жұмысы 1992 жылы басталып, 27 тамызда теңге бейнесінің үлгілері бекітілгенін ұмытқан жоқпыз. «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежановтың қазақ валютасын «теңге» деп атауды ұсынып, ол мақұлданған сәт ұлт келешегі үшін маңызды оқиға болды. Елдің ертеңгі нық қадам басуына, әлем шеңберінде аренада еңсе көтеруіне тарихи оқиғаның тигізген әсері мол.
Сол уақыттан бері Тәуелсіз мемлекетіміз талай биікті бағындырды. Экономикалық дамуға қол жеткізіп, мамыражай тіршілік қалыптастыра алды. Осы тұста бюджеттік кіріс-шығыс жұмыстарын шынайы жанашырлықпен, қызметке деген адалдықпен атқарып келе жатқан қаржыгерлердің еңбегі орасан. Мереке қарсаңында баршаңыздың отбасыңызға амандық, бақыт тілеймін. Ел-жұрт үшін жасаған істеріңіз сіздерді құрмет төрінен көрсетсін, – деген жүрекжарды тілегін жеткізді де, марапаттау рәсімін бастап кетті.
Бәрінен бұрын аудандық қаржы бөлімінің бас маманы Қожахмет Қуанғали облыс әкімінің орынбасары Н.Тілешовтің алғыс хатына ие болды. Бұдан кейін облыстық Қаржы басқармасынан келген алғысқа кезек берілді. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Жақсыгүл Ерлепес, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Алима Жидебаева, Өркендеу ауылдық округі әкімі аппаратының есепшісі Перизат Баймбетова, аудандық қаржы бөлімінің бас маманы Рауза Сартаева және аудан әкімдігі аппаратының бас инспекторы-есепші Гүлназ Қадырқұлова абырой биігінен көрінді. Сонымен бірге аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Адаев облыстық жоспарлау және бюджеттік экономика басқармасының мереке қарсаңындағы алғысына бөленді.
Облыс орталығынан жеткен құттықтау дан соң М.Оразбаев «Қазалы несие» ЖШС-нің директоры, қоғамдық кеңес төрағасы Қасқырбай Әлімбайұлын ортаға шақырды. Жылдар бойы аудан қазынасын еселеуге еткен еңбегін ерекше атап, ел үшін жасап жатқан ісіне береке тіледі. Содан соң аудан әкімінің Құттықтау хатын табыстады.
Кәсіби мереке күні қаржы саласында еңбек етіп жүргендер марапаттан құр қалмады. Аудан әкімі осындағы бірқатар банк, есеп, кассир мамандарға ізгі лебізін білдіріп, құрмет көрсетті. Гүл шоқтарын табыстап, әлі де елге қалтқысыз қызмет ететіндеріне сенім білдірді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ