Жүйелі жұмыс, нақты нәтиже
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев облыс орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап, брифинг өткізді. Әкім алдымен баршаны жаңа жылмен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
– Қасиетті Қазалы ауданы – қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тіршіліктің, қарқынды құрылыстың ордасы. Ауданымыздың жыл сайынғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қуантып келеді. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға берілуде. Жолдардың жайы жақсарып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін біршама түйткілді мәселелер шешімін тапты.
Қазалы ауданының өнімді өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» атануын айтсам болады. Сол секілді аймақ басшысының қолдауымен қолға алынған «Үлгілі елді мекен» байқауының алғашқысында Әйтеке би кенті «Үздік аудан орталығы» номинациясыбойынша үшінші орынды еншілеп, жаңа ассенизатор мен жол тазалайтын көлікке қол жеткізді. Одан соң екінші мәрте ұйымдастырылған байқауда Қазалы ауданы екінші орынғаорнығып, тағы да қалдық тасымалдайтын «Камаз» автокөлігі мен жол тазалағыш трактор иеленді, – деді аудан басшысы. Бұдан соң Қазалыда атқарылған жұмыстардың жай-жапсары журналистер назарына ұсынылды.
Қазалылықтар үшін қоян жылы көздеген мақсат-міндеттер толығымен жүзеге асты деп толық айтуға негіз бар. Себебі, 2023 жылға аудан бюджетінің кірістері 10,9 млрд. теңге болып бекітілген. Ал, жыл соңында 13,4 млрд. теңгеге нақтыланып, 13,6 млрд. теңгеге немесе 101,3 пайызға орындалды. Бұл үлкен жетістік.
Кәсіпкер көбейді
Қазалы ауданының «Екінші Түркістан» аталып кетуі бекерден-бекер емес. Себебі, қазалылықтар кез келген істің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп келеді. Соның дәлелі болса керек, өткен жылдың басынан бері ауданда 29 кәсіпкерлік нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға беріліп, 46 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, биылғы жылы тағы 20-ға жуық нысан өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда.
Былтырғы жылы өнеркәсіпсаласында 21,8 млрд. теңге өнім өндіріліп, 100,2 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібі бойынша есепті кезеңде көлемі – 19,5 млрд. теңге, яғни, 101,4пайызөсім қалыптасты.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлер саны – 5 912 бірлік десек, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 5 706 бірлік, белсенділік көрсеткіші 96,4 процентке жетті. 2023 жылы аудан кәсіпкерлері тарапынан 16,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 2,8 пайызға көбейіп, 10265 адамды құрады.
Ал, бөлшек сауда айналымы – 13 млрд. 35,7 млн. теңге. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 107,0 пайызболса, 2023 жылы аудан кәсіпкерлерінің жалпы құны – 5 295,0 млн. теңгені құрайтын 559 жобасы қаржыландырылды.
Ауыл шаруашылығы алға басты
Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі – 24 млрд. 971,1 теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101,5 пайызға жетті. Аудан бойынша барлығы былтырғы жылы 17 377 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасты. (меже 17 612 га, 98,4 %). Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 6 450 гектар құрайды.
Сырдария өзенінде қалыптасқан су тапшылығына байланысты биік жерлерге орналасқан күріш егісінің көлемін 543 гектарға қысқартып, әртараптандыру бағытындағы дақылдарын егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілді. Су тапшылығының алдын алу үшін өткен жылы Басықара, Құмжиек, Майлыбас ауылдарына 3 дана көтерме насос сатып алынып, коллекторлар жөндеуден өткізілді. Есепті кезеңде ауданнан 6 шет мемлекетке (Ресей, Белоруссия, Дания, Германия, Қытай, Нидерланды) 1030 тонна күріш, 1030 тонна балық өнімі және 1267 тонна қамыс экспортталды.
Мал шаруашылығына келсек, төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 65,7 пайызы жеке тұлғаларда, 2,3 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 32,0 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде.Мал шаруашылығын дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан жергілікті шаруа қожалықтардың жалпы құны 246,3 млн. теңгені құрайтын 29 жобасы қаржыландырылды.
Инженерлік-инфрақұрылымдыдамыту басты назарда
Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Тұрғын үй кезектілігін азайту мақсатында былтыр Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауыз су, газ және электрмен жабдықтау үшін 310,483 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүрді. Сонымен қатар Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісін жүргізуге 109,4 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде.Өткен жылы аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі 4 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, биыл аудандық бюджеттен тағы 3 тұрғын үй жөнделді. Демеушілік есебінен 5 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры жабылды. Сондай-ақ, осы жылы Әйтеке би кентінің вокзал маңы және Жеңіс саябағын абаттандырудың жоба сметалық құжаттарын қолға алу жұмыстары басталып кетті.
Жергілікті бюджеттен бөлінген 32,1 млн. теңгеге аудан орталығы – Әйтеке би кентінен көлемі 600 гектар жер учаскесінен салынатын тұрғын үйлерді (электр және ауыз сумен жабдықтау)инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп, тиісті орталық атқарушы органдарға қаржыландыруға ұсынылды. Бұдан бөлек, Абай, Бозкөл, Жанкент, Жалаңтөс батыр ауылдарын электрмен жабдықтау, Қазалы қаласындағы 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісінің құрылысы тиісті орындарға жіберілді. Сонымен қатар Шәкен, Шилі, Шитүбек және Сарыбұлақ елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау үшін де тиісті қаржылар бөлініп, жобалары әзірленді. Ал 2024 жылыАжар, Жұбан, Бірлік елді мекендерінде су тұшыту қондырғысын сатып алып, орнату жұмыстары бар.
Өткен жылы аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 73 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткішті әрі қарай төмендету жоспарлануда. 2023 жылы Әйтеке би кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын бастауға Ұлттық қор есебінен 187,7 млн тг бөлініп, жоспарланған жұмыстар толық атқарылды.Мұндай жұмыстар 2024 жылы да жалғасын таппақ. Мәселен, Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті мен Қожабақы және Байқожа ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру жобалары қолдау тапты.
Қазіргі таңда Байқожа топтық су құбырының жұмысы жүріп жатыр. Жоба жұмысы толық аяқталатын болса 62 шақырым магистральдық су құбыры жүргізіліп, Әйтеке би кентіне тәулігіне 4500 текше метр ауыз су жеткізіліп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Сонымен қатар, магистральдық құбыр бойында орналасқан 8 елді мекен, яғни, Ақсуат, Майлыбас, Қызыләскер, Көбек, Ойынды, Алтай, Байқожа, Еңбекшіқазақ ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Қазіргі таңда Абай елді мекенінеорамішілік газ желілерін жүргізу құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны– 357,735 млн.теңге. Бүгінгі күнге 3 шақырым орта қысымды, 8,8 шақырым төмен қысымды газ құбыры жүргізілді.
Сонымен қатар, демеушілік есебінен 5 ауылға, яғни, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендерінегаз құбырын жеткізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Жоба құны – 3 863,855 млн.тг.
Жоба жүзеге асқан жағдайда 15 елді мекеннің 17 мыңнан астам халқы, 3 000-нан астам тұрғын үйі және 115 әр түрлі бағыттағы нысандары газ желісіне қосылатын болады.
Мұнымен қоса, демеушілік есебінен Ақсуат ауылы мен Байқожа, Майлыбас елді мекендеріне табиғи газ қосу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Жол жайы жақсарады
Соңғы жылдары ауданда ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы жақсарып келеді. Жалпы, ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдарыжәне елді мекендердің 430 шақырымды құрайтын 470 көше жол тораптары бар.2023 жылы жалпы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3 520,0 млн.теңге қаржы бөлінді. 35 шақырымды құрайтын 3 аудандық маңыздағы автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтті. 28,4 шақырымды құрайтын 45 көшені, яғни Әйтеке би кентіндегі 23 көшеге қиыршық тас және ал қалған 22 көшеге асфальт төселді. Қазалы қаласындағы 15 көшеге және Әйтеке би кентіндегі 2 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. 2023 жыл соңында осы жұмыстарды жүзеге асыру арқылы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 85 пайызды құрады. Орташа жөндеу бойынша барлығы 35 км құрайтын Қожабақы-Бозкөл, Қожабақы-Жалпақ, Мұратбаев ауылына кіре беріс автомобиль жолдарына бөлінген 1288,5 млн.теңгеге жөндеу жұмыстар толық аяқталды. Қайта жаңғырту жұмыстарына Тасарық, Бекарыстан би-Шөмішкөл, Лақалының 28,4 шақырым жолдарына 930,3 млн.теңге қаржы қаралып, толықтай игерілді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінің 17 көшесіне Ү.Түктібаев елді мекенінің 6 көшесіне және Ғ.Мұратбаев елді мекенінің Қуандық әулие көшелерін орташа жөндеуге барлығы 610,2 млн. теңге қаралып, барлығы 22 көше жұмысы аяқталды. «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 15 көшесі қайта жаңғыртудан өтті. Ал биылҚазалы қаласындағы тағы 10 көшенің автомобиль жолы қайта жаңғыртылады. Бұдан бөлек, аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүреді. Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы «Қожабақы-Бекарыстан би» 18-25 км аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу және осы жол бойында орналасқан темір бетон көпірді қайта жаңғырту жобасы қолға алынды. Одан бөлек, «Тасөткел-Тасарық» аралығындағы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
52 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табысталды
Құрылыс жұмыстарының көлемі 12 млрд. 229,0 млн. теңгені құрап, 58,5 пайызға орындалды. Атап айтсақ, «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтарға 52 пәтер сатып алуға қаржы бөлінді. Нәтижесінде 52 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табысталды. Ал биыл аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын жай сатып алу үшін тағы республикалық бюджеттен 266,984 млн теңге бөлінді. Яғни, тағы 22 тұрғын жайдың іргетасы қаланатын болады. Бұдан бөлек, былтыр облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 3 ауылда, яғни Бозкөл, Абай және Кәукей ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Ол үшін ұлттық қордан – 1 150,7 млн.теңге қаржы қаралған болатын. Сондай-ақ, 160,4 млн. теңгеге аудан орталығында орналасқан Жетес би емхана ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді.Қазалы ауданыбойынша 2024 жылға барлығы 9 нысанның құрылыс жоспарланып отыр. Оның ішінде «Әйтеке би кентінде әкімшілік ғимаратының құрылысы» бар. Жоба құны –193481,0 мың теңге.Сол секілдіКәукей ауылындағы 100 орындық клубтыңқұрылысы биылғы жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл Әйтеке би кентінен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 600 орындық мектептің құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.
Әр салада серпін бар
Ауданның білім беру саласында барлығы – 91(мектеп – 37, кешкі мектеп – 1, мектеп дейінгі білім ұйымдары – 50, қосымша білім беру ұйымдары – 3) білім беру ұйымдары жұмыс істейді.Жыл басында аудан халқы асыған күткен Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің құрылысы толық аяқталып, білім ордасы өз жұмысын бастады. Сол секілді Құмжиек ауылдық округіндегі Қ.Күлетов атындағы № 92 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ал 2023 жылы білім беру ұйымдары базасын жақсарту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Бұл үшін 2023 жылы бюджеттен 1 млрд. теңге қаралды. Білім ордасыосы жылы пайдалануға беріледідеп жоспарлануда.Айта кеткен жөн, былтыр 3 мектепке аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен балалар тасымалы үшін заманауи үлгідегі 3 автобус берілді. Жоғарыда айтып өткендей, өткен жылдың соңында Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Бозкөл, Абай, Кәукей ауылдарынан құны – 1150,6 млн. теңге болатын дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді.
Одан бөлек, Әйтеке би кентіндегі бұрынғы емхана және Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының Қазалы аудандық бөлімшесі ғимараттарына жөндеуден өтті.Сонымен қатар, аудан орталығында салынатын 25 төсектік инфекциялық корпус құрылысының сараптамасынан оң қорытынды алынып, жалпы жоба құны 2,6 млрд. теңге құрады. Спорт – денсаулық кепілі десек, ауданда бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысатындар саны – 39 пайызғажетті. Осы мақсатта аудан аумағында осы кезге дейін халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық 139 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 10000-ға жуық адам қатысты.Былтырғы жыл аудан спортшылары үшін жемісті жыл болды. Олай дейтініміз, жерлесіміз Гүлсая Ержан Бангок қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанса, Таисия Алексеева ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді.
Ауыз толтырып айтарлық тағы бір жағымды жаңалық – Қытай елінің Ханчжоу қаласында ХІХ Жазғы Азия ойындарында жерлесіміз Абылайхан Жұбаназардың дзюдодан қола жүлдегер атануы. Жалпы, 2023 жылы Қазалы ауданының спортшылары Әлем чемпионатында 3 алтын, 9 күміс, 1 қола, Азия чемпионатында 6 алтын, 9 күміс медаль жеңіп алды. Халықаралық турнирлерде 3 алтын,13 күміс, 12 қола медальдарын иеленсе, әр спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 23 алтын, 32 күміс, 36 қола медаль иеленді.Үрмәш Түктібаев ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Одан бөлек, Жанқожа батыр, Майдакөл, Бекарыстан би, Қашақбай Пірімов, Басықара, Ақсуат, Жанкент ауылдарындағы спорт алаңдары жөндеуден өткізілді.Бұған қоса, Бозкөл ауылындағы спорт алаңға демеушілік есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілді.95 жылдық мерейтой қарсаңында Қазалы қаласында спорт алаңы пайдалануға берілді. Мұнымен қоса жеке кәсіпкердің демеушілігімен бір спорт кешені жастар үшін есігін ашты.
«Руханият» орталығы құрылысы басталады
Мәдениет саласына келетін болса, өткен жылы ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы – 1222іс-шара өткізілді.Биылғы жылдың қуанышты жаңалығы ретінде көптен тұралап қалған Әйтеке би кентінде 600 орындық мәдениет Үйінің пайдалануға берілгенін айтсақ болады. Сол секілді осы жылы аудан орталығынан жалпы құны – 1,8 млрд. теңге құрайтын «Руханият» орталығы құрылысы басталады. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Жұмыспен қамту мәселесі бойынша 2023 жылы аудан бойынша 3 219 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл ішінде жұмыссыз ретінде 9 504 адам тіркеліп, оның 4 726-ы жұмысқа орналасты.
«Бастау бизнес» бойынша 20 жас грант иеленді
Қазір аудан халқының 29,9 пайызы– жастар. Бүгінгі күнге дейін ерікті жастардың қатысуымен барлығы 350-ден астам іс-шаралар өткізілді. Ал оған 15 000 мыңға жуық жастар қатыстырылды. Жастар бүгінге дейін 250-ден астам мәдени шара, 35 спорттық сайыс, мемлекеттік бағдарламалар бойынша сала мамандарымен бірге 60-астам кеңес беру акциясы, жастар арасында құқық бұзушылық тардың алдын алу бағыттары бойынша 50-ден астам қоғамдық рейдтік шаралар ұйымдастырды. Сондай-ақ сала мамандарымен бірге ашық есік күні акциясы аясында 5000-нан астам жастарға кеңестер берілді.
Жыл сайын дәстүрге айналған «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалі айтсақ болады. Оған барлығы – 157 жас қатысты. Жеңімпаздар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранты және оқу ақысына 50, 25%жеңілдікпен оқитын сертификатын иеленді. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және олардың ұсыныстарына құлақ түру мақсатында«Жастар керуені» жобасы тұрақты өтіп келеді. Жоба аясында ауылдық елді мекенде түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.Оған қоса «Бастау бизнес» жобасы бойынша 191жас оқып, қазіргі уақытта 20жас грант иеленді.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ