Қоян жылын қорытындылады
Бір тәуліктен соң тағы бір жылды тарих қойнауына енгелі отыр. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтеріміз көп. Қоян жылы қазалылықтар үшін берекелі болды. Қай салада болсын ілгері жылжу бар. Жоғары жетістіктерге қол жеткіздік. Он екі айда орындалған игі істерді сараптап, келешекке қадам басуға ниетті қазалылықтар қорытынды жиын жасады.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында өткен шарада жылдағы дәстүрге сай жыл үздіктері марапат төрінен көрінді.
Салтанатты шара ескі жыл мен жаңа жыл кейіпкерлерінің қойылымымен басталды. Кеште аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Алдағы жоспарларымен де бөлісіп, көпшілікті келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Алдымен баршаңызды санаулы күндерден соң аяқ басқалы отырған Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жыл Қазалы ауданы үшін табысты жыл болды десек қателеспейтін шығармын. Себебі, 95 жылдық мерейтой қарсаңында бірқатар нысандардың лентасы қиылып, тұрғындар игілігіне берілді. Мәселен, «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтарға 50 пәтер сатып алуға қаржы бөлінді. Нәтижесінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қараша айында Қазалы ауданына арнайы келіп, 50 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық мектептің іргетасы қаланды. Аталмыш жоба аясында алдағы жылы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында 600 орындық мектептің құрылысы басталмақ. Сол секілді Әйтеке би кентіндегі 600 орындық Мәдениет үйі мен 250 орындық мектеп жақын күндері өз жұмысын бастамақ.
Аудан орталығы мен елді мекендерде бұқаралық спортты дамытып, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорт алаңдары мен шағын ойын алаңдары пайдалануға берілуде. Соған сәйкес жыл басында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ү.Түктібаев ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Алдағы жылы тағы үш бірдей спорт кешенінің іргетасын қалау жоспары бар. Олардың біреуі – Әйтеке би кентінде, екіншісі – Қожабақы ауылында және үшіншісі – Бекарыстан би ауылында салынатын болады, – деді аудан басшысы.
Осы жылдың тағы бір қуанышты жаңалығы ретінде Қазалы ауданының өнімді өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» атануын да атап өтті.
– Бұл дала еңбеккерлерінің Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендігіне қарамастан қажырлы еңбегі мен маңдай терінің жемісі деп білемін. Былтыр Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдары табиғи газға қосылған болатын. Ал биыл Абай ауылын газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, келер жылы тағы 5 ауылға газ апару жоспарымызда бар. Тағы бір айта кететін жайт, осы жылдың шілде айында Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті «Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша үшінші орынды еншілеп, жаңа ассенизатор мен жол тазалайтын көлікке қол жеткізді. Ал жуырда ғана аталған номинация бойынша Қазалы ауданы екінші орынға орнығып, тағы да қалдық тасымалдайтын «Камаз» автокөлігі мен жол тазалағыш трактор иеленді. Қасиетті Қазалы ауданында қай салада болсын алға ілгерілеушілік анық байқалады. Жыл сайын экономикамыз артып, кәсіпкерлігіміз кеңге қанат жайып келеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы биылғы жетістігіміз бір төбе. Тұрғын үйлерді инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, халыққа көгілдір отын жеткізуден бөлек, автомобиль жолдары мен құрылыс саласындағы айтулы өзгерістерді ауыз толтырып айта аламыз. Сол секілді білім, спорт, денсаулық салаларындағы биылғы көрсеткішіміз көш бастап тұр деп мен толық айта аламын. Жанқожа батырдың 250 жылдық мерейтойы күтіп тұр. Сондай-ақ Әйтеке бидің 380 жылдығына орай ауқымды шаралар ұйымдастыру жоспарда бар. Мерейтойдың жоғары деңгейде өтуі үшін барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірлесуіміз қажет. Сондықтан мен сіздерді сол бір сәттің куәсі болып, басы-қасында болуға шақырамын. Сөзімді қорытындылай келе, баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ұлу жылы шаңырақтарыңызға шаттығымен, берекесімен келсін. Әрдайым жүздеріңізден күлкі кетпей, отбасыларыңызда бақ-береке орнасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауданымыз ілгері дами берсін, – деген ізгі тілегін жеткізді аудан әкімі М.Оразбаев.
Мұнан соң «Қазалы-Жолшы» ЖШС директоры Бекқали Бекбауылов ҚР Көлік министрлігінің «Құрметті жолшы» төсбелгісімен және «Рухани қазына – 2023» республикалық фестивалінің қорытындысы негізінде «Үздік ауылдық клуб» номинациясы бойынша арнайы дипломмен Басықара ауылдық клубы марапатталды. Сонымен қатар бірқатар жандар облыс әкімінің және облыстық мәслихат төрағасының және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мерейлі кеште Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған мерейтойлық төсбелгілер табысталса, қоян жылында табысты еңбек еткен жыл үздіктері марапат мінберінен көрінді. Кеудесіне мерейтойлық медаль таққандар қатарында әріптесіміз, ардагер-журналист Сахи Қапар да бар.
Қорытынды шарада Қызылорда облысының және Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов сөз алып, Қазалы жұртына деген ізгі лебізін жеткізді.
Аудан өнерпаздары Жарасхан Төлебайдың «Қазалы» әнін және қазалылық ақын Жетіскен Мәкеналының сөзіне жазылған, Қазалы ауданының ұранына айналған «Қазалы вальсін» орындап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА