Сәнді сөмке – сыйға
Ешқашан сәннен қалмайтын фермуар сөмкені қазалылық шебер Айжан Абдрасулқызы өз қолымен жасайды. Бұл бұйымды кез келген қыз-келіншектің сөресінен табуға болады. Әсіресе тойға барарда қолыңызға ұстап алсаңыз, киген киіміңізбен ажарыңызды одан әрі айшықтай түседі. Әйелдер қауымы фермуардың не екенін түсінген болар. Десек де тарихын терең білмейтін боларсыз. Онда оқыңыз.
Фермуар – екі моншақпен безендірілген әмияндағы немесе сөмкедегі түймелік. Негізі, fermoir француз сөзінің бірнеше мағынасы бар: зергерлік бұйымдарға арналған ілмек; кітапқа арналған түймелік; ағаш шеберінің құралы. Жалпы, fermer етістігі «жабу» дегенді білдіреді. Осындай қарапайым детальдің қызықты тарихы бар.
Фермуар XV ғасырда Еуропада әмиянның функционалды элементі ретінде пайда болды. Оған дейін әмиянды баумен байлайтын. Зайырлы қоғам әйелдеріне өздерімен бірге орамал, сүйіспеншілік хаттары және басқа да ұсақ-түйектер алып шығу қажеттілігі туады. Сол кезде қолға ұстап жүруге болатын әмияндар (қазіргі клатч секілді) пайда болады. Оның бауын байлап тұру ыңғайсыз болды, оның үстіне ұрлықшылар білдірмей бауды кесіп әмиянды ұрлайтын. Сондықтан фермуары бар әмияндар шыға бастады.
Көп уақыт өтпей фермуар әмияннан әйелдер сөмкесіне көшеді. Мұндай сөмкеден әйелдің қоғамдағы орнын байқауға болатын. Мысалы, жоғарғы қоғам уәкілдері сапалы қытай жібегінен тігілген, нәзік өрнекпен безендірілген және бағалы тастар қойылған күміс фермуары бар сөмке ұстаса, орташа адамдар шұғадан немесе былғарыдан тігілген және түймелігі қарапайым қалайыдан жасалған сөмке алады екен.
Жақсысы, сөмкенің матасы тозса да, сөмке негізін лақтырып, ескі фермуарға жаңа мата тігуге әбден болады. Сондықтан болар ертеректе сөмкеге арналған ерекше бағалы түймеліктер ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырылған екен.
Міне, осындай дүниені қолдана отырып, қазақша ою, ұлттық нақышпен өрнектеп фермуар сөмке тігетін Айжан Абдрасулқызының түпкі мақсаты – қазақы ою-өрнекті заманмен үндестіре пайдалану, көпшілікке ұлттық құндылықты ұлықтау.
– Негізгі мамандығым есепші. Қолөнерге деген қызығушылығым бала кезден басталды. Анам Аманкүл Насырбайқызы шебер кісі. Алаша тоқу, киіз басу, тоқыма тоқу барлық өнер бойынан табылатын. Әкем Абдрасул Мүсірбаев та қолөнерден құр алақан емес. Ат әбзелдерін жасайтын. Қамшы өріп, сырмақ басатын.
Жасыратыны жоқ біраз жерде жұмыс жасадым мемлекеттік, бірақ осы қолөнерге қайтып келдім. Яғни карантин уақытында үйде отырған кезде қолға бір жола алдым. Құрақ көрпе тігіп бастадым. Қазір сұраныстағы фермуар сөмкемен айналысып жатқан жәйім бар, – дейді Айжан Абдрасуқызы.
Айжан балаларына өз қолымен киім тігіп, тоқып кигізгенді ұнатады. Беретка да тоқиды. Құрақ құрау, перде тігуге де епті. Алайда барлығына бірдей уақыт тапшы екендігін алға тартты.
– Жұмысым бар. Қолөнер қосымша табыс көзім. Барлығында жасағым келеді. Оған уақыттың ыңғайы келмей қалып жатады. Дегенмен түскен тапсырысты уақытылы, әрі сапалы етіп орындауға бар күшімді салатын адаммын. Қазір әлеуметтік желі дамыған заман. Инстаграм парақшам арқылы тапрысып кез келген қаладан түседі. Тапсырыс беруші өзіне ұнайтын түсті, өрнекті, безендірілуді айтады. Кейде парақшамнан көріп, бұрын жасаған сөмкелеріме ұқсас етіп жасап беруді өтінеді, – дейді шебер келіншек.
Сәнді әрі бағасы қалтаға қонымды сөмкені өзіңіз ұстасаңыз да, сыйға тартсаңыз да тартымды көрінері сөзсіз. Тіпті ойыңыздағы ою-өрнекті бейнелетсеңізде болады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА