Такси бағасын кім бақылайды?
Фото: cenyavto.com
Бүгінде такси нарығына сұраныс жоғары. ІnDriver, Үandex Go мобильді қосымшалардың да қатары көбейіп келеді. Әйтсе де олардың санының артқандығынан пайда болмай тұр. Өйткені такси бағасы күн санап шарықтау үстінде. Қыс мезгілінде бағада тіпті тұрақтылық жоқ. Тұрғындар асыққан жеріне жетуі үшін такси ұсынған бағаны амалсыз төлейді. Бірақ бұл онсыз да тұрмыстың тауқыметін тартып, тиыннан-тиын құрап жүрген халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ. Ал жеке жүргізушілердің такси бағасының қымбаттауына байланысты айтар өзіндік уәжі бар. Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін такси жүргізушілердің пікіріне құлақ түріп, кент тұрғындарымен тілдескен едік.
Өткен жылдың желтоқсанында жарияланған статистикаға көз жүгіртсек, елдегі такси қызметі ТМД елдері ішіндегі ең жоғары көрсеткішке ие болған. Қысқаша айтқанда, Қазақстандағы бұл қызмет түрі өзге елдер арасында ең қымбаты. Ал Беларусь, Өзбекстан, Молдава және Украина да біздікінен әлдеқайда арзанырақ. Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, еліміздегі такси бағасының қымбат болуы нарықта бәсекелестіктің жоқтығынан туындап отыр. Сондай-ақ такси саласын қадағалау мекемелерінің жоқтығы да бағаның тұрақсыздығына себеп болатын көрінеді. Расымен-ақ, көп жағдайда такси қызметіне қатысты қадағалауды құзырлы мекемелер қалтарыста қалдырып жатыр. Бұл көпшіліктің қытығына тиетіні жасырын емес. Тіпті осындай жүгенсіздіктің болып жатқандығы оларды ашындыруда. Ал жергілікті атқарушы органдарға хабарласқанымызда бұл қызметке қадағалау жүргізу біздің құзырымызға кірмейді дегенді айтты. Аудандық кірістер басқармасы мамандарының айтуынша, олар тек такси қызметін жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асырған тұлғаларға ескерту не айыппұл тағайындаумен айналысады. Ал бағаны ұсыну көлік жүргізушілерінің еркінде дейді олар. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тек қоғамдық көліктердің бағасын ғана бақылауда ұстаймыз десе, ал жекелеген таксилердің бағасына жауапты емеспіз дейді. Мынаны естіп таңырқап қалдық. Сонда таксилер қалтаны қаққан үстіне қаға беруін жалғастыра беретін болғаны ғой. Байқағаным бағаны тұрақтандыруға тосқауыл болатын әзірге басқа амал жоққа ұқсайды. Бірақ қара халық қайтпек керек?
Өңірде бұған дейін түрлі платформалар такси қызметін ұсынған еді. Бірақ көп өтпей қолданыстан кетті. Өйткені оның орнын қазір біз қолданатын In driver қосымшасы басты. Кенттің көпшілігі осы қызметті қолданады. Бірақ соңғы уақытта тұрғындар бұл қосымшамен қызмет ұсынатын таксисттерге де наразылығын білдіріп жүр. Айтуынша, таксисттер бір-екі аялдама болатын жердің өзіне біршама қаржы сұрайтын көрінеді. Кент тұрғыны Айжан Асқар осындай жағдайдың басында жиі болатындығын айтып ашынды.
– Былайғы уақытта таксиге көп жүгінбеймін. Жұмыс пен үй арасында қоғамдық көлікпен жүремін. Бірақ асыққан уақытта үйден жұмысқа, жұмыстан үйге онлайн такси шақыруға мәжбүрмін. Анаугүні In driver қосымшасы арқылы такси шақырдым. Бағасын 400 теңге деп қойсам, 600-ден түсер емес. Баратын жерім соншалық емес. Бірақ қабылдайтын түрі көрінбейді. Асығып барамын. Амалсыздан такси ұсынған бағаға келісіп, қабылдадым. Келген соң, неге сонша қымбат. Ары кетсе 2-3 аялдама болмайды барар жерім деген едім, жүргізуші мені жақтырмай қалды. Қымбат болса, онда неге қабылдадыңыз деп жекіп те алды. Түсінемін, олар да жан бағып жүр. Бірақ халықпен де санасу керек қой, – дейді ол.
Ал біраздан бері такси болып қызмет етіп жүрген Жарылқасын есімді көлік жүргізушісі бағаның қымбаттауына тек таксисттерді кінәлау орынсыз дейді.
– Расы керек, такси бағасы қымбаттағаннан-ақ тұрғындар бізге базынасын айтып, безілдеп кетеді. Бірақ бағаны біз қолдан жасап жатқанымыз жоқ. Бағаның өсуіне әкелетін түрлі факторлардың барын да ұмытпау керек. Қазір азық-түлік, жанар-жағармай, қала берді автомобиль бөлшектерінің бағасы да шарықтаған. Ауа-райы да қысып тұр. Осындай жағдайларды ескеріп, амалсыз бағаны көтеруге мәжбүрміз. Егер олай етпесек, арлы-берлі жүретін қозғалысымызға бензин құюға да жетпей қалады. Жұртшылық сол күнделікті бағаға қосылған аз-кем ақшадан бізді байып жатыр деп ойлайды. Техникалық ақау, жанар-жағармай, көлікті жуу және өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын шығындарды ескерсек, таксиден түсетін түсім қалтамызды еш қомпайтпайды, –дейді такси тізгіншісі.
Қалай десек те, қазір қала ішінде жолаушы тасымалдайтын таксилердің айы оңынан туып тұр. Өйткені жұрт қазіргідей салқын уақытта сағаттап қоғамдық көлік күтіп тұруға құлықсыз. Сондықтан бағасына қарап жатпай-ақ таксиге жүгінеді. Аяқ артып жүрер көлігі болмаған соң, қайтсін енді. Осылайша, өзіміз-ақ таксиге деген сұранысты арттырып жатырмыз. Соны олар пайдасына асырып жатыр. Тіпті пайдасын артық ойлайтындар санаты көбейді. Олай детйінімі, аяқ тастам жер үшін, атасының құнын сұрайтындары бар. Бір таныс таксист жігіт бағаны жоғары етіп қоятындығын айтты. Онысына қымсынбады да.
– Несін жасырайын, кейде жоғары баға ұсынамыз. Ал кейде тұтынушы жоғары баға қойғанға дейін күтіп отырамыз. Баға көтерілсе, шапшаңдыққа басып, қабылдап үлегереміз. Бірақ үнемі осылай етеміз десем жалған айтқан боламын. Білесің, қосымшада мекен-жай жазылып тұрады. Жүретін аралықты есепке алып барып бағаны көтереміз. Ал кейде керісінше, клиент бағаны бастапқысынан көтермейінше, әдейі күтіп отыратын сәттер жиі болады. Жалғыз мен емес, көбі солай етеді. Мұны таксилердің өзіндік қулығы десек болады, – дейді ол.
Таксисттердің сөзіне сенсек, бағаның тұрақсыздығы уақытша, қыс мезгілінен кейін төмендейді. Әйтсе де біз көтерген тақырып күн жылығанда да талқыдан түспесі анық. Өйткені бағаланбайтын баға жүйесі таксимен бірге тұрғындарды тығырыққа тіреп, титықтатып тұр. Оған жауап берер тиісті сала болмаған соң, оның түйіні бүгін не ертең тарқатылмайтын да шығар. Бірақ жергілікті атқарушы билік бір амалын табады дегенге сенгіміз келеді.
Арайлым ЖҮСІПОВА