Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қызылша" қыр көрсетіп тұр

"Қызылша" қыр көрсетіп тұр

ФОТО: gov.kz
Қызылша қаупі күн санап артып барады. Өткен жылдың өзінде онымен ауырғандардың саны 30 мыңға жеткен. БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры жариялаған мәліметке сенсек, Қазақстан қызылшаның таралуы бойынша әлемде бірінші орынға шыққан. Ал АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы таратқан деректе алғашқы үштікке енгендігі мәлім болды. Былтыр жыл аяғында осы аурудың салдарынан екі періште жан тәсілім етті. Дәл осы оқиғадан соң, жұртшылық бұл аурудан қаймыққандай болған. Әйтсе де қорғанудың амалын дұрыс қолданып жатқан жоқ. Өйткені көпшілік қызылшаға қарсы екпе алуға қырын қарайды. Денсаулық сақтау министрлігінің жариялаған көз жүгірткенімізде соңғы 20 жылда елімізде баласына қызылшаға қарсы екпе алудан бас тартқандардың саны айтарлықтай артқандығын аңғардық. Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстанда 6 жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала қауіпті инфекцияға қарсы екпе алмаған. Ауырған 30 мыңға жуық адамның 80 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар. Қызығы, балалардың 84 пайызы қызылшаға қарсы мүлдем екпе салдырмаған.
Жалпы қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы вакцинация екені баршаға мәлім. Әйтсе де бұл пайыммен келіспейтін ата-аналар көп. Олардың ойынша, керісінше екпенің кесірінен баланың иммунитеті әлсірейді-міс. Тіпті соның салдарынан түрлі асықынулар болуы мүмкін деп қорқады. Аты-жөнін атамауды өтінген кент тұрғыны екпе алуға түбегейлі қарсы екендігін айтады.
– Маған бірнеше рет аудандық емханадан балаңызға қызылшаға қарсы екпе алыңыз деп хабарласты. Бірден қарсылық білдірдім. Өйткені екпе алғандардың да қызылшаға қарсы күресе алмай, ауруын үдетіп алғанын естідім. Сондықтан екпе аурудың алдын алады дегенге сенбеймін, – дейді ол.
Ал мамандар мұның бұрыстығын айтады. Арнайы екпе алмаған адамдарға ауру 100 пайыз қауіп төндіреді. Бастапқыда жай тұмауратқандай болады. Үш-төрт күн аралығында адамның денесінде бөртпе пайда болады. Ал індет асқынса, адам өміріне қауіп төндіреді. Миокардит, энцефалит, соқырлық және есту қабілетінің жоғалуы сынды аурулардың қалыптасуына әкеп соқтырады. Ауыр жағдайларда мүгедектікке және өлімге әкелуі мүмкін екен. Дәрігерлердің айтуынша, дені сау балаға екпе алудан қорқып қажет емес. Керісінше, екпе қызылша жұққан жағдайда аурудың жеңіл өтуіне әсер етеді.
Ауданда қызылшаға қарсы кешенді шаралар кеңінен жүргізілуде. Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасының жолдаған мәліметіне жүгінсек, ауданда жағдай әзірге тұрақты. Өткен жылы қызылшамен 144 адам тіркелсе, ал жаңа жылдан бастап күні бүгінге дейін 14 адам тіркелген. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар бөлімінде 9 науқас кешенді ем алуда. Жас ерекшелігі бойынша 1 жасқа дейін – 5 науқас, 5 жасқа дейінгі – 2 науқас, 6-14 жас аралығында – 1 науқас, 18 жастан жоғары – 1 науқас дәрігерлер қарауында. Ал 3 науқас амбулаторлық бақылауда.
– Аурудың алдын алудың бірден бір жолы – вакцинация. ҚР бас санитарлық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысы бойынша 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі және 2 жас пен 4 жас егілуге тиісті контингенттерге бүгінгі таңда екпе жұмыстары жүргізілуде. Барлық құрылымдық бөлімдердің егу кабинеттері мамандармен, вакцинамен, қажетті медициналық материалдармен қамтамасыз етілген. Шалғайдағы елді мекендерде көшпелі егу бригадалары егу жұмыстарымен айналысуда, – дейді Қазалы аудандық емхана бөлімінің эпидемиологы Ақмарал Арзиева
Эпидемиолог маманның айтуынша, қосымша массалық иммундау бойынша жасалған талдау нәтижесіне сәйкес, 2023 жылдың 6 қарашасы мен 2024 жылдың 11 қаңтар аралығында екпе егу көрсеткіші 93,4 пайызды құраған. Жалпы жоспар бойынша 4582 адам екпе алса, оның ішінде 2-4 жас аралығындағы 3582 адамға, 6 медицина қызметкеріне, әр түрлі себептермен КПК екпесін өткізіп алған – 75 адамға екпе егілген. Тек 19 адам екпеге қарсылық білдірген. Бүгінде вакцина сақтау қоймасында 270 доза бар.
Шыны керек, екпеге қатысты қауесет жиі айтылып жүр. Сарапшы мамандар мұндай алып-қашпа әңгімелерге құлақ түрмеуге шақырады. Себебі қазір қызылша кәдімгідей қыр көрсетіп тұр. Әр сағат сайын, тіпті сәт сайын қауіп еселеніп келеді. Жұрт анау айтты, мынау айтты деп елеңдеп жүргенде, қызылша сіздің есігіңізді қағып тұрмасын.
Эпидемиологтар аурудың белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдемей, дәрігерді үйге шақыру және дәрігердің тағайындауы бойынша емделудің маңызы зор екенін ескертеді. Сондай-ақ жұмыс және қоғамдық орындарға бармай, барынша үйде болуы тиіс. Ауырған балаларды мектепке, балабақшаға жібермеген жөн.
Ескерте кететін бір жайт, қолданыстағы заң бойынша 6 айдан 1 жасқа дейінгі балаларға қызылшаға қарсы нөлдік доза салынады. Кейін 1 жаста бір рет салынса, 6 жаста ревакцинациядан өтуі тиіс. Ал 2023 жылы енгізілген өзгерістер бойынша, егер бала 1 жасында екпе алса да, 2-ден 5 жасқа дейінгі аралықта қайта ревакцинациядан өтеді.
Тағы бір айтатын мәселе, заңнамада екпе салуды мәжбүрлеу деген жоқ. Егер ата-ана екпе салдыруға қарсы болса, жазбаша өтініш білдіруге мүмкіндігі бар. Бұл ретте медицина мамандары ата-ана өзінің қарсылығын білдіргенге дейін екпенің маңыздылығын есіне салады. Тек осы ескертпелер ескертілгеннен кейін ғана ата-ананың жазбаша қарсылығы қабылданады.
Арайлым ЖҮСІПОВА
16 қаңтар 2024 ж. 230 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930