Жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке

Молшылық мерекесіне жиналғандардың қарасы қалың. Көңіл-күйлері де көтеріңкі. Көше бойында қаз қатар орналасқан жүк көліктерінің жанына барып, сауда жасап жүрген тұтынушылармен жәрмеңке төңірегінде пікір алмастық.
– Ауданның мерейтойына орай жәрмеңке өткізілетінін естіп, таң қылаң бергеннен тағат таппай, орталыққа ертемен жеттім. Өзіңіз білесіз, алқапта піскен астыққа орақ түскелі мал азығы мен ет өнімдерінің нарықтағы бағалары да қабат құбылып, бірде төмендеп, бірде аспандап тұр. Ал бүгінгі жәрмеңке керегіңді базар бағасынан әлдеқайда төмен бағада алуға таптырмайтын мүмкіндік. Ауданның мерейлі мерекесі қарсаңында жұртшылыққа қуаныш сыйлап, дастарқанын берекеге толтыруды көздеген ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, – дейді кент тұрғыны Қуантқан Кермешұлы.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары жәрмеңкеге ұсынылған өнімдер сауда орындары мен базарлардағы бағадан 15-20 процентке арзан екендігін айтады. «Мұнда тұтынушылар өндірушімен тікелей байланысып, саудасын жүргізіп жатыр. Ешқандай делдалдар жоқ. Екі тарап та дән риза», – дейді олар.
Ауданның 95 жылдығы аясында өткізілген жәрмеңкенің ерекше тұсы – Қазалыдан шыққан төл өнімдердің көрмеге қойылуы. Көрменің көркін жергілікті кәсіпкерлердің «Қазалы» атауымен өндіріп жатқан өнімдері кіргізді. Атап айтсақ, «Дәмді «сүт өнімдері, «Зейнеп Ана» шаруақожалығының «Рабия» өнімдері, балық өнімдерінің түрлері мен «Қазалы» атауымен шығарып жатқан тәттілері, конфеті, жартылай дайын өнімдері, шұжықтары, сабын өнімдерінің түрлері және «Ерекше сый» дизайн орталығының бұйымдары қойылып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Айта кететін бір жайт, жәрмеңкеде брендке айналып үлгерген «Қазалы» кәмпиті, соңғы уақытта көптің сұранысына ие болған «Қазалы» сабыны мен сусабындары көптеп сатылған.
Арайлым ЖҮСІПОВА