Сара сөздің сардары
Әйтеке би кенттік кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Сахи Қапармен «Сырды жүрек еткен, шындықты тірек еткен» атты кездесу кеші өтті.
Тағылымды басқосудың мақсаты – өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлердің өрнегі мол шығармаларын оқуға насихаттау. Олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі тұтып, жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыру болып табылады.
Сахи Бахиұлы Алматы қаласындағы С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген жылдан бастап, өзінің жастық жалынын, журналистік жігерін баспасөз қызметіне арнаған. Бүгінде алдыңғы буын өкілдері қатарына қосылған тәжірибелі қалам иесі. Ол өзінің қалам қуатын еңбек адамдарының жарқын бейнесін жария етуге жұмсады. Аудандағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, өркенді жаңалықтар оның жазған мақалалары арқылы көрініс тапты. Өзі таңдаған мамандықтың талабына сай жігерлі еңбек етті.
Сөз сардары 1957 жылдың 7 қарашасында Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. 1964 жылы осы ауылдағы Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектептің табалдырығынан аттады. Жастайынан жазу-сызуға бейімділігі байқалып, бейнелеу пәнінен салған суреттері арқылы үнемі мақтау алып жүрді.
Ең алғашқы жазбасы 7 сыныпта республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бірінші бетінде басылымға жазылу барысы жайлы қысқа хабарламасы жарық көрді. Осы жазбадан кейін Қазақстанның түкпір-түпірінен танысу хаттары келген болатын. Бұл оқиға оның газетпен байланысуға деген қызығушылығын арта түсірді. Қағаз парақтарына түсірген жазбаларын аудандық, облыстық, республикалық үнпарақтарға үзбей жолдайтынды шығарды. Газет беттеріне мақалалары жиі жарияланған Сахи Қапар 8 сыныпта «тілші балаға» айналды. Мектеп қабырғасында мамандық таңдау кеші үстінде өскенде өзінің журналист болатынын ашық айтты.
Еңбек жолы аудандық «Ленин туы» газетінен басталды. Бұдан кейін «Қазыналы Қазалы» мен «Тұран Қазалыда» жалғасын тапты. Сөйте келе тілші, радиохабарын ұйымдастырушы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. «Қазалы айғағы» өзі ашқан «Атамекен - Қазалы» газеттерінің редакторлығының тізгінін ұстап, қалың оқырманға тартымды да, мазмұнды басылым таратты. Сонымен қатар ауданымызда түрлі жауапты қызметтер атқарды. Осы қызметтерді атқара жүріп, әр жылдары «Аманбай ахун», «Сағындырған сағым жылдар», «Елі сүйген Ержан жырау», «Қазалыдан түлеген текті азамат» атты кітпатарын жарыққа шығарды. 2020 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
Алқалы жиында «Сара сөздің сардары» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Маңызды кеш қонағымен оқушылар арасында сұрақ-жауап диалогы құрылды. Оның өмірбаяны мен шығармашылық жылдарынан үзінді келтірілген бейнебаян көрсетілді. Жиылғандардың көңілін серпілтер халық күйі мен ән-жырдан шашу шашылды.
Кеш барысында «Қазалы аудандық зағиптар» қоғамының төрағасы Әлімжан Қияс, «Қазалы» газеті редакциясы ұжымынан келген тілші Ұлболсын Талапбаева және Айнұр Қазмағамбетовалар өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар аудандық кітапхананың ақпараттық-библографиялық қамтамасыз ету меңгерушісі Зоя Мұстафаева мен ардагер-ұстаз Ұлдай Рашева жылы лебіздерін жеткізді.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ