Ойы орамды, қаламы қарымды
Жұртшылық журналистер қауымын қоғамдық өмірдің барометрі атайды. Шындығында да олар көпшілікпен етене араласа жүріп,елдің тыныс-тіршілігін айна- қатесіз паш етеді. Мен бүгін осы саланың пұшпағын ерінбей илеп, көптің құрметіне бөленген қазалылық белгілі журналист Сахи Бахиұлы Қапар туралы аз-кем сыр ақтарғалы отырмын.
Біз 1964 жылы Бекарыстан би ауылындағы Ү.Түктібаев атындағы N24 орта мектебінің табалдырығынан аттадық.Алғашқы мұғаліміміз Сәйпе ағай қалай қалам ұстауды үйретіп, әріп танытты. Сахи досым жасынан жазу-сызуға бейім еді. Ағайымыз оның бейнелеу пәнінен салған суреттерін мақтап қоятын.
7 класқа көшкен жылы республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бірінші бетінде екеуміздің бірлесе жазған,басылымға жазылу барысы жайлы қысқа хабарымыз жарық көрді. Сонда біздің атымызға қазақстанның түкпір-түкпірінен танысу хаттары келген. Бұған таң-тамаша қалған кластасым» Тілшінің беделі күшті екен ғой» деп қуанышын жасырмады. Бұл оқиғадан соң оның газетпен байланысуға деген қызығушылығы арта бастады. Қағаз парақтарына түсірген жазбаларын аудандық, облыстық, республикалық үнпарақтарға үзбей жолдайтынды шығарды.
8 класта жүргенімізде Сахидың мақалалары газеттерге жиі жарияланып, "тілші балаға" айналды. Класс жетекшіміз Мұрат ағай талапты шәкіртті кластағы қабырға газетінің редакторлығына сайлады. Жоғарғы кластарда мектептегі "Ара" атты сатиралық қабырға газетіне редакторлық жасады. Қаламы төселген ол мамандық таңдау кеші үстінде өскенде журналист болатынын ашық айтты.
Мектеп бітірісімен арман жетегіне еріп, Алматы қаласындағы С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға барды. Қаншама ынталанса да, емтихан сынақтарынан өте алмады. Келесі жылы да соның кебін киді. Үшінші рет талпынғанында сәті түсіп, студенттер қатарына ілігіп, айы оңынан туды.
Еңбек жолы аудандық «Ленин туы» газетінен басталып, «Қазыналы Қазалы», «Тұран-Қазалыда» жалғасты. Сөйте келе тілші, радиохабарын ұйымдастырушы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы сатыларынан өтті. Жеке сектордағы «Қазалы айғағы», сосын өзі ашқан «Атамекен-Қазалы» газетінің редакторлығы тізгінін ұстап, қалың оқырманға тартымды да, мазмұнды басылым таратты. Арасында аудандық мәслихаттың, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы, аудандық білім бөлімі жанындағы психологиялық- консультация мекемесінде тәрбиеші- педагог, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы аудандық бөлімшесінің төрағасы қызметтерін атқарғаннан кейін өзінің төл мамандығына қайта оралды. Аудандық «Қазалы» газетінде бөлім меңгерушісі, соңғы бес жылда бас редактордың орынбасары бола жүріп, 2020 жылдың күзінде зейнеткерлік демалысына шықты.
Өнерліге - өріс кең. Әрдайым көп оқу мен көңілге тоқуды қажет ететін сиқырлы сөз әлемінде жұлдызы жанған құрдасым «демалыстамын» деп қолына қалам ұстаудан алыстаған емес. Баспасөз арқылы түрлі тақырыптарды қаузауды үрдіске айналдырған. Сонымен бірге Сәкең бүгінге дейін «Аманбай ахун», «Сағындырған сағым жылдар», «Қазалыдан түлеген текті азамат», «Елі сүйген Ержан жырау», «Атажұртым-айбыным», «Ғибратты ғұмыр иесі» кітаптарын жарыққа шығарды. Тағы да 2021жылы» Жақсының жолы – жарық күн», биыл «Тамыры терең бәйтерек» туындысын жазып, оқырман ілтипатына бөленді. Жергілікті басылымда басылған
«Майдангерлер марапат төрінен көрінсе», «Өлік жайғарудағы өрескелдік немесе келеңсіздікпен көп болып күресейік» сияқты өзекті мәселені арқау еткен мақалаларындағы айтылған жайттар өз шешімін тапты. Мұның барлығы қалаған кәсіпке деген сүйіспеншілік пен тынымсыз ізденістің жемісі. Әлі де алар асуларың көбейе бергей!
28 маусым ¬ Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі. Мерейлі күнмен бала күнгі досым Сахи Бахиұлын және барлық аудан журналистерін шын жүректен құттықтаймын. Ойларың орамды, қаламдарың қарымды болып, шабыттарың шалқи түссін!
Қуаныш РЫСБАЙ,
медицина саласының ардагері
Ақтөбе қаласы