Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қосымша білім қажет пе?

Қосымша білім қажет пе?

Бүгінде әлеуметтік желіде, қала берді қала көшелерінде «Балаңыздың тереңдетілген білім алғанын қалайсыз ба? Онда біздің оқу орталығы сізге көмектесуге дайын» деген сарындағы жарнамаларға жиі ұшырасып жүрміз. Сананы жаулаған сансыз оқу орталықтарының бәрі бірдей сапалы демесек те, жарыса салған жарнамасына қарап оларға жүгінетіндер жоқ емес. Тіпті кейбір ата-аналар қомақты қаржысына қарамай-ақ, балаларын сондай орталықтарға жазып жатыр. Баласы көштен қалмасын дейтін ата-ана үшін бұл қазір қалыпты жағдайға айналған. Себебі тегін дүниенің қадірі болмайтындығын олар да жақсы біледі.
Бірақ білім сатылмайды демеуші ме едік?! Онда неге ақылы білімге жүгінеміз? Иә, бұл сауалға әркімнің жауабы әрқалай. Дегенмен бұл сұраққа қарсы пікірді ұстанатындардың өздері де «білімге жұмсалған қаржы шығын емес, керісінше баланың болашағына салынған инвестиция» деген ойдың дұрыстығына күмән келтірмейді. Олар тек сол қосымша білім беретін оқу орталықтарының ақысына сай сапалы қызмет ұсынғандығын қалайды. Мұнысы балаларының жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті болып, білім көшінен қалмасын деген тілектен туындап отыр.
Сондықтан да болар бүгінде қосымша білімге сұраныс артқан. Әсіресе қазіргідей оқу жылы басталған шақта оқу орталықтарына жүгінетіндер саны әдеттегіден көбірек. Мектептен тыс уақытта оқушылар уақытының қалған бөлігін сонда өткізеді. Ал мұндай орындар балаларға түрлі пәндер бойынша қосымша көмекке келеді. Мектеп бағдарламасында үлгермеген тараулар бойынша немесе емтихан жұмыстары кезінде, сондай-ақ оқушылардың үлгерімін көтеріп, үйге берілген тапсырмаларды орындап, пысықтауға үйретеді. Оқу орталықтарының бала үшін жасап жатқан мүмкіндіктері осындай. Бірақ бала қаншалықты нәтижеге қол жеткізіп жатыр? Былай қарасаң, дәл сол білім мектепте тегін беріледі емес пе?! Онда ата-ана неліктен баласын қосымшаға береді?
Дәл осы сауалдардан соң, «білім ошақтарында баланы дұрыс оқытпай ма? деген ойдың қылаң бергені рас. Мұнымен мұғалімдердің еңбегін түбегейлі жоққа шығарудан аулақпыз. Десе де көпшілік мектептегі білім сапасына, мұғалімдердің біліктілігіне көңілі толмайтындықтарын жиі айтады. Олардың айтуынша, мұғалімдер балаға материалды өз деңгейінде жеткізбейтін көрінеді. Бірақ бұл мұғалімнің біліктілігіне сын келтіруге негіз емес. Бұл жерде әңгіме басқа. Бәрі баланың қабылдауына байланысты, – дейді өзін мектеп мұғалімімін деп таныстырған Ардақ есімді азамат.
– Мысалыға, бір сыныпта жиырма-жиырма беске жуық бала бар делік. Олардың әрқайсысы жеке-дара тұлға. Бір-біріне ұқсамайды. Олардың қабылдаулары да әртүрлі. Өзіңіз ойлап қараңызшы, жаңа ақпаратты балаға бірдей таныстырасың, үйретесің. Барлығына жеке-жеке көңіл аударып, олардың материалды қаншалықты меңгергендігін бір 45 минуттық сабақтың үстінде білу қиын. Ақпаратты ұғынбаған бірнеше оқушы бар болған күннің өзінде оларға бір уақытта көңіл аудару физикалық тұрғыда да мүмкін емес. Көп жағдайда ата-аналар осыны ескермейді. Бір жағы бұл баланың қабілет-қарымына да байланысты дүние. Кейбір оқушы тез, ал кейбіреуі баяу қабылдайды. Ақпаратты ә дегеннен қағып алатындар аз, – дейді Ардақ.
Жалпы баланың үлгеріміне қатысты әңгіме болғанда ата-аналардың өрекпіп, өре түрегелетіні рас. Бірақ солай екен деп ұстаздардың біліміне негізсіз шек келтіру қаншалықты дұрыс? Керісінше, ұстаз ата-анамен ымыраласып, бірлесе жұмыстануы керек емес пе еді?! Егер екі тарап солай етсе, бала оқуға да үлгерер еді. Тіпті оқу орталықтарына баруды да қажет етпес еді. Дегенмен балаға қосымша білімнің артықтығы жоқ. Бұл бір жағынан баланың мектепте алған білімін қайталап, оны санасына бекітуге сеп болса, ал екінші жағынан ұстаздардың жүгін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сондықтан ата-ана баласының оқу орталықтарында оқытуға тартынбау керек, – дейді 6 жылдық репетиторлық тәжірибесі бар Бану Сейілбек.
– Менің қосымша білім беретін оқу орталығында жұмыс жасап жасатқаныма биыл 6 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында біраз оқушыны оқытып, даярлап келемін. Өзім қазақ тілі, орыс тілі, сондай-ақ ағылшын тілі бойынша сертификатталған репетитор маманмын. Сабақты жаңаша әдіс-тәсілдерге сүйене отырып жүргіземін. Мектеп бағдарламасына емес, мүлдем ұқсамайды. Жаңа материалды меңгертуде көпшілік білетін дәстүрлік методикамен өзім ойлап тапқан әдіс бойынша түсіндіремін. Соның арқасында балалар жаңа ақпаратты жеңіл қабылдай алады. Менің тобымда 8-10 шамасында ғана оқушы дәріс алады. Жалпы оқу орталықтарына келетін оқушылардың дені өз пәнін жетік меңгеріп шығады. Тіпті бірнеше деңгейдегі артқа тастаған соң, олар өздігімен ізденіп, шығармашылық тұрғыда дами түседі. Тіпті кейін олар қосымша білімге мұқтаж болмайды, – дейді Бану Сейілбек.
Иә, оқу орталықтарының шәкіртті шыңдайтыны анық. Дегенмен оның балаға теріс әсері барын жоққа шығармау керек. Қазіргідей қарбаласқа толы өмірде оқу орталықтары ата-ананың баладан алшақтауына себеп болып тұрғандай. Бұрын мектептен келе салысымен әке-шешеміз сабағымызды қадағалап, күнделігімізді тексеретін. Тіпті болмаса, бірлесе сабақ орындайтын. Ал қазір соның бәрін репетиторға артып қойдық. Баламызды білімге жетелейміз деп, оларды өз жетегімізден шығарып алудамыз. Балаға қосымша білімнен бұрын, әуелі ата-ананың жылы қабағы мен қадағалауда қалтарыста қалмағаны керек-ақ.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
03 қазан 2023 ж. 159 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930