«Мен өмірді сүйе берем өлсем де!»
«Жанкент – Жанкент болғалы талай той өтіп келе жатыр ғой. Бірақ, бүгінгідей ұлан-асыр тойды бірінші рет көруім. Артық айтқандығым емес, Жанкентте дәл мұндай шара бұрын-соңды болған жоқ». Ауылдық клубтағы шара аяқтала салысымен, ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Ғалия Орынбасарова апайымыз қуанғанынан осылай деп сүйіншілеп жатты. «50 жылға жасарып кеткендей күйде тұрмын. 50 жыл бұрынғы өмірімізбен қайта қауышқандай болдық. Ақын Ынтызар ағамыз ортамызға тіріліп келгендей әсер алдық», деген Қазалы ауданының құрметті азаматы Ерпайыз Жұмамұратов ақсақал көз жасына ерік берді. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Бір жасап қалдық. Ақын ұлымызды ортамыға қайта әкелген екі досқа алғысымыз шексіз», деп қауқылдасқан ауыл тұрғындары шара аяқталса да, ұзақ уақыт бойы сахнаны қаумалап, кетпей тұрып алды.
Иә, Жанкент ауылында өткен осынау шарадағы халықтың сезім-күйін, елдің алғаусыз ақ тілегін, жұрттың босаған көңілдерін басқа біреудің аузынан естісек, сенбеген болар едік, мүмкін. Бірақ, осы жағдайдың бәрін өз көзімізбен көріп, куә болған соң, әлі күнге дейін сол күні бастан кешкен күйімізден айыға алмай жүрміз.
Талай жанарларға жас алдырып, көңілдерді босатқан, ауыл тұрғындарын өткенге оралтып, жастық шақтарымен қайта қауыштырған, бір күн бойы алғаусыз көңіл-күй сыйлаған – «Қазалының Пушкині» атанған ақын Ынтызар Әбішевті еске алу кеші, ол туралы «Жоғалған жыр» фильмі мен «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесері болатын.
Халықтың мұндай сезім мен көңіл-күйді бастан кешуіне себеп те жоқ емес. Өйткені, Ынтызар Әбішев – іздеусіз қалған ақын. Жырлары жоғалған, тоналған. Тағдыры тауқыметке толы. Небәрі орда бұзар 30 жасында ауру алып тынған, сүйегі туған жерінен алыста, сонау Қырымда қалған ақынның көзі тірісінде ғана емес, өмірден өткен соң да тартқан қасіреті аз емес. Артында ұрпақ қалмаған ақынның бар байлығы – өлеңдері, қолжазбалары талан-таражға түсіп, тіпті, кейбір пысықайлар өз атынан кітап та шығарып үлгерген. Міне, осыдан кейін-ақ оның кітабын құрастырған немере інісі Нұршайық Әбдуәли мен досы Нұрсұлтан Мықтыбайға ақынның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен өлеңдерін жинап, бас-аяғын бүтіндеу оңайға соқпағанын көруге болады. Сондықтан да болар, аз ғана ғұмырында өлеңге ғана мұң шағып, қаламы ғана шынайы жан жолдасы болған Ынтызар Әбішевтің белгілі, белгісіз, жоғалған, табылған туындыларының увертюрасындай осынау жинағы – оны білетін көзкөргендерден бөлек, өзі туып-өскен тұтас бір ауылдың асыға күткен жаңалығы болғандығы даусыз.
Жанкент ауылының клубына жиналған халықтың санында шек жоқ. Әрісі – Алматы, Ақтөбе, берісі – Арал мен Жаңақорғанның ортасындағы аудандардан ағылып келген ақынды танитындардың қарасы қалың болды. 250 орындық залдан ине шаншар орын табылмай, көп көрерменге екі сағаттық кешті аяғынан тік тұрып тамашалауға тура келді.
Кеш шымылдығы ақын туралы «Жоғалған жыр» фильмімен түрілді. Идея және сценарий авторы – Нұрсұлтан Мықтыбай. 45 минуттік аталған фильмде ақынның өмірге келген күнінен бастап, ғұмырының соңына дейінгі тауқыметке толы тағдыры баяндалады. Оның жоғалған, қолды болған өлеңдерінің қалай табылғаны сөз болады. Көзін көргендер егіліп отырып естелік айтады. Автор ақын туралы алыпқашпа әңгімелерге архив құжаттарына сүйене отырып, нүктесін қояды. Осы тұста оны түсірушілер ерен еңбек сіңіргенін ерекше атап өту қажет. Несін жасырайық, қазір бұлай індете іздеп, тереңнен зерттеп, ойға шапқылап, қырға шапқылап жүретіндер жоқтың қасы. Тіпті, өз ұрпағы да олай етпейді көп жағдайда. Міне, осы тұрғыдан алғанда әріптесіміз Н. Мықтыбайдың аманат пен достыққа адалдығын атап өтпеске болмайды.
Басында: «45 минут деген ұзақ қой, соңына дейін қалай көреміз?» деген ой болған. Сөйтсек, ол ойымыз бекер екен. Залға жиналған көрермен, үлкені бар, жасы бар, тіпті, тұрып тұрғандарына дейін бір орыннан тапжылмай, фильмді сілтедей тынып тамашалады. Көрермендердің бөлек әлемге еніп кеткендігі соншалық, көз жасына ерік беріп, егіле жылағандардан бөлек, бір де бір артық дыбыс естілген жоқ.
Фильмде сөз болғандай, Сыр елінің талантты да тағдырлы перзенттерінің бірі Ынтызар Әбішев 1941 жылы Қазалы ауданының қазіргі Қожабақы ауылында 4 колхоздан біріктірілген Энгельс совхозының төрағасы Әбіш Махамбетов ақсақалдың шаңырағында дүниеге келеді. Әбіш ақсақалдың көп баласы шетінеп, бір перзентке зар болып жүрген кезі екен. Құдайдан күні-түні сұрап алған сәбиін көпті көрген қария «Ынтызар» деп атайды. Сөйткен Ынтызар бала кезінен оқу-білімге құмар, алғыр да зерек болып өседі. Мектепте қатарластарынан оқ бойы озық болып, есте сақтау қабілетімен ерекше көзге түседі. Ақындардың өлеңдерін жатқа айтудан алдына жан салмайды. Колхоздағы кітапханада күнұзақ отырып, қолына алған кітабын оқып тауыспайынша тапжылмай, аяқтамай шықпайтын болады. Ынтызар кейін келе өзі де өлең жаза бастайды. Оның сыныптас қыздарға әзіл ретінде арнап жазған төрттағандары кейін бүкіл мектепте таралып, кітапқұмар Ынтызар енді ақын Ынтызарға айналады.
Ол жетіжылдық мектепті бітірген соң Өркендеу училищесінде киномеханик мамандығы бойынша білім алады. Училищеде де алдыңғы қатардан көрініп, осы оқу орнының комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. Ауылдағы белсенді жастарды комсомол қатарына тартып, оларды аудан орталығына осы ұйымның мүшелігіне салтанатты түрде қабылдауға жиі апарады. Училищені бітірген соң ауылдағы автоклубқа киномеханик болып жұмысқа орналасады.
Осы кезеңдерде Ынтызар Әбішев ақындығымен елге танылады. Атағы аудан асып, облысқа тарайды. Айрықша сауаты, ерекше ұйымдастырушылық қасиеті мен дара талантының арқасында жиын-тойдың көркі болып, малшы ауылдардағы ағайынның асыға күтетін құрметті қонағына айналады. Ол күн сайын жайлауларды, малшы ауылдарды, егістік бастарын аралап, шопандарға, егіншілерге, жалпы дала төсін дүбірге бөлеп жатқан ерен еңбеккерлерге арнап концерт қояды. Олардың көңілін көтеріп, ән-күймен серпілтіп, қара жұмысты бір сәтке болса да ұмыттырып, өмірлеріне рухани азық сыйлайды. Осылайша, оның автоклубы қырман басында, жайлауда түрлі кештердің көрігін қыздырады. Халық Ынтызарды басына көтеріп, «Пушкин» деп атап кетеді. Оның жазған өлеңдері аудандық «Ленин туы» газетінде бірінен соң бірі басылып жатады. Ауыл жастары оның өлеңдерін осы газеттен оқып, жаттап, ауыздан-ауызға таралып кете барады.
Күндер өте келе бұл өнерлі топқа колхозға киномеханик болып жұмысқа жаңадан қабылданған Орынбасар Қадыров қосылып, олардың танымалдығы арта түседі. Ынтызар жазған өлеңдер дереу әнге айналып, ауыл жастары асыға күтетін кештерде орындалып отырады. Ынтызар Әбішев пен Орынбасар Қадыровтың шығармашылығынан туған «Ұқшы сырымды», «Сырда туған махаббат», «Сағыныш» әндерін ауыл тұрғындары күні бүгінге дейін жатқа айтады.
Жүрген жері үнемі ән мен жыр, той-думанға айналып сала беретін, халқының ерекше ілтипаты мен құрметіне бөленген асыл ақын Ынтызар Әбішев 1968 жылы тағдырдың жазуымен туберкулез ауруына шалдығады. Бір жыл өтер-өтпестен, ақынның сары аурумен ауыратыны белгілі болады. Дәрігерлердің бір ауруға қолданған емі екінші ауруға кері әсерін тигізіп, ол небәрі 27 жасында айықпас ауруға, жазылмас дертке тап болады. Ауыр дертке шалдықса да, өмірді сүюін тоқтатпаған, өзі жырлағандай «ажалға да қиянаты жоқ» ақын ертеңгі күннен күдерін үзбей, сырқатына шипа іздейді. Ем-домның қамымен 1969-1970 жылдары туберкулез бен сары ауруды емдейтін Ақтөбе облысындағы сол кездегі атақты Бершүгір шипажайына бір емес, 3 рет барып, кеселіне дауа таба алмайды. Жанына дерті батып, сырқатына шипа іздеп шарқ ұрған, айықпас аурумен алысқан Ынтызар ақынның осы кездердегі жалғыз мұңдасы әрі сырласы – қағаз бен қалам, жұбанышы – өлең болады. Бүкіл мұң-қайғысын, уайымын ақ қағазға ақтарып, ауылдағы ағайын-туыстары, сыйлас ағалары мен достарына өлеңмен хат жазады. Әсіресе, ақынның Бершүгір шипжайында ем алып жатқан кезінде жазған «Насрадинге», «Махамбетжанға», «Тұрғанбайға», «Қартқожаққа», «Ағаларға», «Достарға», «Ақсұлуға» атты қоштасу өлеңдерін көзіңе жас алмай оқу мүмкін емес.
Ақыры барлық ем-домнан еш нәтиже шықпаған соң, Украин КСР құрамындағы Қырым облысының Ялта қаласындағы туберкулезге қарсы диспансер жақсы емдейді дегенді естіп, 1971 жылдың басында Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне Қызылорда облысының атынан сайланған депутат, еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері, Социалистік Еңбек Ері Закира Ержановаға хат жазып, Қырымға емделу үшін жолдама алып беруге көмек сұрайды. Депутат З. Ержанова ақынға көмек қолын созып, Ялта қаласындағы диспансерге баруға мүмкіндік жасайды. Ақын өзі армандаған Қырымдағы курортқа баруын барғанымен, көп ұзамай сол 1971 жылдың 20 наурызында ауыр науқастан көз жұмады. Ол кезде ақынның небәрі 30 жасқа енді толған кезі еді...
Сол жылдары туберкулез емі жоқ қауіпті індет саналғандықтан, КСРО билігі мәңгілік сапарға аттанған ақынның денесін туған жеріне әкетуге рұқсат бермейді. Биліктің көнбесін білген әкесі Әбіш пен ағасы Әбдуәли Қырымға барып, ақынның денесін Ялта қаласындағы ормандардың біріндегі зиратқа қазақы әдет-ғұрыппен жерлеп қайтады. Осылайша, оның денесі туған елінен жырақта қалып, ақынға туған жерінен топырақ бұйырмайды. Мына сәйкестікті қараңыз. Ақын Ы. Әбішев жерленген сол орманға орыстың атақты жазушысы Антон Чехов та жерленген екен. Ынтызардың бейіті жазушы Чеховтың зиратынан тура 10-20 метр қашықтықта орналасыпты. Жазушы да осы Ялта қаласына ауыр сырқатынан емделуге келіп, бақилық болған көрінеді.
Отты жырларымен талай жүректерді тербеп, жасындай жарқ еткен ақын тағдыры осындай үлкен қасіретпен аяқталады. Жоқ.
Ынтызар Әбішевтің небәрі орда бұзар 30 жасында келмеске аттануы, денесінің жат елде қалуы, дүниеден ұрпақсыз өтуі – нағыз қасірет емес екен. Нағыз қасірет ол өмірден өткеннен кейін басталады. Ақын қайтыс болғаннан кейін қырқы өтпей жатып, оның жазған-сызған өлеңдерін сұрап келушілер көбейеді. «Өлеңдерін жинап, кітап етіп бастырайық деп едік», «Ынтызардың өлеңдерін аудандық газетке жариялайық дегенбіз» деген түрлі сылтауды желеу еткендер ақынның шаңырағынан шықпай қояды. Көзі тірісінде керек етпегендер, өлісінде жан-жақтан іздеп, отбасының мазасын алады.
Оның өлеңдерін араға күн салып сұрап келушілерден мезі болған туғандары ақыр аяғында ақынның қандай қолжазбасын кімнің алғанынан жаңылады. Сөйтіп, ақынның артында қалған бар асылы, қымбат қазынасы, мол мұрасына баланған өлеңдері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді.
Арада жылға жуық уақыт өткенде Ынтызар Әбішевтің өлеңдері басқа біреулердің, мүлдем естіп-білмеген адамдардың аттарынан баспа бетін көре бастайды. Аудандық, облыстық басылымдарда дүркін-дүркін жарияланып жатады. Көрші ауылдарда ол жазған өлеңдерді «мен жаздым» деп кеудесін соғып, жиын-той, мерекелік кештерде жатқа айтатын «ақынсымақтардың» қатары көбейіп шыға келеді. Оның сөзіне жазылған әндерді «менің әнім» деп үлкен сахнаға алып шығушылар да пайда болады. Оларға ақынның туғандары тосқауыл болайын десе, қолдарында бірде-бір дәлел жоқ. Барлық өлеңдері жазылған дәптерлер мен қолжазбалары әркімнің қолында кеткен. Бармақ тістеп, сан соққаннан басқа қолдан келер шара болмай қалады. Бір сөзбен айтқанда, ақынға үлкен қиянат жасалады. Ынтызар Әбішевтің тірісінде аурудан көрген азабы, тартқан қасіреті аздай, ол өмірден өткен соң да қасірет шегіп, шығармалары талан-таражға түседі. Әруақтан қорықпаған опасыздар оның өлеңдерін өз аттарынан жариялап, иемденіп кетеді.
Оның өлеңдерінің біраз бөлігін Өркендеу ауылдық кітапханасында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған ардагер кітапханашы Несібелі Нұрадинова туған-туыстарынан жинап, сақтап қалады. Қалған бөлігін Алматы қаласында орналасқан ҚР Ұлттық кітапханасының бөлім меңгерушісі Жанар Тоқтарова тауып, үлкен көмек көрсетеді.
«Жоғалған жыр» фильмі аяқталған соң, толассыз шапалақ соғылды. Фильмді жасағандарға көрермендер аяқтарынан тік тұрып, ұзақ уақыт бойы қошемет көрсетті. Ауыл тұрғындары бір-бірін құшақтап, құттықтап жатты. Тағдыры тауқыметке толы ақынның жырлары өзінің туған халқымен араға 52 жыл салып, қайта қауышқанына дән риза болған өркендеуліктер көз жасын тыя алмады.
Сахнаға халықтың ыстық-ықыласымен осы шараға облыс орталығынан арнайы келген ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов, мемлекеттік қызмет ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, осы ауданның қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, ақынның жеңгесі Алтыншаш Әбдіқалықова, жиені Жақсымұрат Өтегенов, туған қарындасы Ақсұлу Әбішева, осы кітаптың жарыққа шығуына себепші болған, ұлы Нұршайық пен досы Нұрсұлтанға үлкен аманат арқалатқан Кәмен Әбішев пен Өркендеу ауылдық округінің әкімі әрі ақынның інісі Қожахмет Қуанғали көтеріліп, ақынның «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесер рәсімін жасап, лентасын қиды. Артынан Қаршыға Құрмашқызы, Аман Мәделханұлы, Әбдірахман Құлдүйсенұлы бастаған қонақтар ағынан жарыла сөз сөйлеп, тебірене өлең оқыды. Ақын туралы, фильм, кітабы, өлеңдері туралы жеріне жеткізіп тұрып ой толғады. Соңынан арманда кеткен ақынның тойына ортақтасуға келген қадірменді қонақтарға Әбішевтер әулеті мен Жанкент жұртының атынан сый-құрмет көрсетіліп, иықтарына зерлі шапан жабылды.
Әрі қарай Жанкент ауылындағы №104 орта мектептің оқушылары ақынның қайта табылған бірсыпыра өлеңдерін жатқа оқыды. Ардагер-ұстаз, ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Ғалия Орынбасарова апамыз ақынға арналған жырымен жиналған елді бір серпілтіп тастады. №249 мектеп-лицейінің ұстазы, ақын Данияр Кенжебай батыс өңірінен жырымен сәлем жолдаған «Ақжайық айтысының анасы» атанған ақын, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязованың «Барымтаға түскен жыр» өлеңін нақышына келтіріп оқыса, қазалылық танымал айтыскер ақын Елнұр Нұрқасым өзінің арнауымен шашу шашты. Ақын Ынтызар Әбішевтің сөзіне, сазгер Орынбасар Қадыровтың әніне жазылған «Сырда туған махаббат» әнін баян аспабында Серік Отарәлиевтің сүйемелдеуімен Нұрдәулет Қадырбай шырқады.
Ынтызар ақынның сөзіне жазылған кейбір әндер көше әндеріне айналып, ал кейбірі халық әні болып аталып кеткені белгілі. Сондай шығармаларының бірі – ақынның сөзіне, досы, композитор О. Қадыровтың әніне жазылған «Ұқшы сырымды» әні. Бұл әнді кейіннен кейбір «ақынсымақтар» сөзін өзгертіп, «Шопыр әні» деп атап, көше әніне айналдырып жіберген. Сахна шымылдығы 52 жылдан кейін алғашқы рет өзінің түпнұсқасында орындалған осы «Ұқшы сырымды» әнімен жабылды.
Сенем, бірақ, сеніп қарап ертеңге.
Ажалға да қиянатым жоқ еді,
Мен өмірді сүйе берем өлсем де! – деп жырлап кеткен ақын Ынтызар Әбішевтің кітабын осы жарты ғасырдың ішінде біраз адамдар шығаруға талпыныпты. Десек те, оның жинағын шығару екі дос – Нұршайық пен Нұрсұлтанның маңдайына жазылыпты.
Кеш біткен соң ауыл мешітінде ақын рухына құран бағышталып, 300 адамға ас берілді. Артынан қонақтар ауыл іргесіндегі жүздеген жыл бойы Оғыз елінің астанасы болған Жанкент қалашығына аялдап, қайта қалпына келтірілген шаһар мен табылған жәдігерлерді тамашалады.
Қорыта айтқанда, бұл той – өшкені жанып, өлгені қайта тірілген халықтың тойы, арманда өтіп, шерменде кеткен ақынның тойы, ғасыр тойы, жыр тойы, өлең тойы, арман тойы, әділдіктің салтанат құрған тойы, Ынтызар ақынды білетіндерден бөлек, өзі туып-өскен Жанкент елінің асыға күткен тойы болды!
Серік АҚМЫРЗА,
Жанкент ауылы.