Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы құрдымға кетеді – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйек күні жасаған кезекті жолдауында ауыл шаруашылығындағы тұралап тұрған мәселелерге тоқталып, дамыту жолдарын ұсынды, деп хабарлайды zakon.kz.
Президент ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін тағы еске салып, "Ауыл аманаты" бағдарламасының маңызына тоқталды.
"Ауыл аманаты" бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс" – деді ол.
Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет.
"Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал".
Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің сөзінше, қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек.
"Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн".
Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мемлекет басшысының пайымынша, шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді.
"Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек екенін баса айтты. Сондай-ақ ол шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек екенін алға тартты.
"Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз".
Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келгенін атап өтті.
"Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн", – деді Мемлекет басшысы кезекті жодауында.
Сондай-ақ Президент агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін үш жылда 70%-ға жеткізу міндетін қойды.