«Халыққа жаны ашымайды»: Тоқаев Қазақстанға қандай адамдар қажет емес екенін ашық айтты
Президент бұл туралы бүгін форумда айтты

Фото: Ақорда
Бүгін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел мен жерге жаны ашымайтын адамдардың бізге керек емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Яғни, президенттің айтуынша, мемлекет туған жерінің өркендеуіне үлес қосатын, ауылдастарының игілігін ойлайтын адал фермерлер мен іскер шаруаларға қолдау көрсете береді. Бірақ, президент жерден пайда тауып жүргенімен үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар екенін ұмытпады.
«Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді. Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жүзінде шаралар қабылдау керек», - деді Тоқаев.
Яғни, президент атап өткендей, бұл салада кәсіппен айналысатындардың бәрі, ең алдымен, ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуды ойлауға тиіс.
«Аграрлық сектор – мемлекетіміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Әсіресе, тұрақсыз заманда оның өзектілігі арта түсті», - деді президент.












