«Адал болсаң, жинақы жүрсең болғаны»: Тоқаев адамдарға деген көзқарасы қалай қалыптасатын айтты
Президент жемқорлықты қоғамның ауыр дерті деп бағалады

Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекет қазынасына ауыз салу, Конституцияның талаптарын аяққа таптау – елге жасалған ең ауыр қастандық» деп бағалады. Бұл ойын ол бүгінгі ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сондықтан, президент атап өткендей, Қазақстан қоғамдық дерттің бәріне, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргізе береді.
«Ешқандай жоғары награда, керемет білім және мол тәжірибе заңға қайшы әрекет жасаған кезде кешірім жасауға негіз болмайды. Кешегі табысың емес, бүгінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық екеніңді нақты нәтиже және ісіңе жауапкершілікпен қарау арқылы көрсете аласың», - деді президент.
Бұл ретте Тоқаев президент ретінде оның адамдарға деген көзқарасы қалай қалыптасатынын айтып берді.
«Президент ретінде менің адамдарға көзқарасым атқарған ісіне қарай қалыптасады. Менің тарапымнан ешқандай артық немесе шамадан тыс талап қойылмайды: тәртіпті бұзбасаң, адал болсаң, жинақы жүріп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамасаң болғаны. Бұл – барлық лауазымды тұлғаларға қойылатын қарапайым, орынды талап. Оны мүлтіксіз орындау қажет. Талай рет айттым, тағы да еске саламын: Конституцияда «Заң мен Тәртіп» бұлжымас қағидат ретінде бекітілді және атақ-абыройына, қоғамдағы орнына қарамастан азаматтардың бәріне бірдей қолданылады. Барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтарды терең түсініп, оны іс жүзінде ұстануға тиіс, сондай-ақ Әділетті Қазақстан құру идеясын шынайы ниетпен қабылдағаны жөн», - деді Тоқаев.













