Ұлттық мұраны ұлықтаған
Қазақ жаратылысынан қашанда өнерге жақын халық. Өз заманында талай сал-сері, күміс көмей әнші, жыр жампозы – жыраулар туғызған халқымыздың бүгінгі ұрпағы да бұл салаға келгенде қара жаяу емес. Бүгінде дәстүрлі өнерді дәріптеп, халық арасында насихаттап жүрген орындар некен-саяқ. Солардың бірі – өткен мен бүгінді жалғаған, оны жастардың санасында жаңғыртып жүрген өнер жанашырлары жиылған Қазалы ауданының Р.Бағланова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Жыраулар» бөлімшесі.
2017-ші жылы Жыраулар бөлімшесін ашу ісі жергілікті әкімдік пен мәдениет бөлімі тарапынан қолдау тауып, аудан жастарын ұлттық өнерге баулу ісін бастағанбыз.
Содан бері шәкіттер алды республикалық, облыстық және аудандық сайыстарда түрлі жетістіктерге жетіп, өнер додасында биік белестерді бағындырып келеді. Бүгінде бөлімшеде – үйірме жетекшісі Жәнібек Құтмаханов пен әдіскері Әмір Сариев және меңгерушісі Жамболат Өмірзақ сынды жыраулық өнерінде мол тәжірибесі бар мамандар жұмыс жасауда.
Бөлімше меңгерушісі Жамболат Жақсыбайұлының айтуынша, жыраулар бөлімінің мақсаты – қазақ жерінде бастау алған сан ғасырлық тарихы бар жыраулық өнерді сақтап, өскелең ұрпаққа дәріптеп, ұлттық мұраны жоғалтпай ертеңгі ұрпаққа жеткізу. Жаһұт өнерді кәсіби тұрғыда дамытып, Сыр бойы жырауларының шығармаларын насихаттау.
– Ұрпақ тәрбиелеуде бұл өнердің маңызы өте зор. Адам дүние есігін ашқаннан, жарық дүниемен қоштасқанға дейінгі кезеңнен түрлі жыраулық дәстүрді кездестіруге болады. Тіпті, Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп жырлайды. Демек, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне бұл өнер соншалықты сіңісіп кеткен. Мәселен, халқымыз жас сәбидің шілдеханасын дүбірлетіп өткізіп, жыраулық өнерге жақын адамдарға басқартатын болған. Әйтеке бидің осындай тойын Жалаңтөс Баһадүрдің өзі жүргізіпті деген ақпар бар.
Ал сол ескі заманда жыраулар таңға дейін жырлап, қатарын толтырған сәбидің қуанышымен бөліскен. Одан қала берді, бесік жыры, сыңсу, беташар жыры секілді дүниелер қазақтың тұрмыс-салтымен бірге жасасты. Беташар салтын белгілі жырауға тапсырудың өзіндік пәлсапасы, таным-деңгейі бар. Дін мен салтты қатар ұстанған қазағымызда осы жыраулық өнердің ұрпақ тәрбиесінде, қоғам тәрбиесінде атқарған рөлі зор болған. Ата жырын бесіктен құлағына құйып өскен бала міндетті түрде елін, жерін сүйетін тұлғаға айналады. Ол насихат, өсиетпен өсетін болады. Сол себепті, жыраулық өнердің ұлт тәрбиесіне, ұрпақ тәрбиесіне тигізер маңызы жоғары. Қаншама ғасырды артқа тастаған, терең мағыналы, философияға бай ондай туындылар көп халықта жоқ екенін ескеруіміз керек, – дейді Жамболат Өмірзақ.
Бөлімше мамандары бұған дейін облыстық, аудандық деңгейдегі көптеген іс-шаралар мен жыраулар сайысын өткізіп келген. Солардың бірі – Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы Жыраулар бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен қаңтар айындағы ауқымды «Жыраулардың бүгінімен ертеңі» атты дөңгелек үстел шарасы болды.
Аталған шарада жыраулар бөлімінің және ауданның абыройын асқақтатып жүрген жыршы-термешілерді қанаттандыру мақсатында марапаттар мен номинациялар табысталды.
Бұдан бөлек, ауданда Қазалы қаласының 95 жыл толуына орай «Туған өңір-тұнған өнер» атты аудандық фестиваль, «Әйелмен әлем әдемі», «Жыр қазына – күй шежіре» сынды сайыс, шаралар ұйымдастырған.
Онан соң Арал ауданы, Шөмішкөл ауылында Орал ахун бабаның 200 жылдығы және жаңа мешіттің ашылу салтанатына орай «Жыраулар» сайысы өткен. Ұлттық мұраны ұлықтағандар сайысында үйірме жетекшісі Жәнібек Құтмаханов пен бөлімше меңгерушісі Жанболат Өмірзақ өзгелерден дара шауып, арнайы жүлде иемденіп қайтқан.
Бөлімше сүйемелдеушісі ұлттық өнерді насихаттауда мұнымен тоқтап қалмайтындарын айтып, алдағы жоспарларымен де бөлісе кетті.
– Жыраулар үйірмесінде мезгілінде аптаның екі күнін белгілеп, шәкірттер дайындаймыз. Бүгінде оқушылар арасынан осы саланы таңдап Қазанғап атындағы музыка колледжіне түсіп жатқандары да бар. Мұнымен тоқтап қалмай, ауданда жыраулық өнердің ауқымын әлі де кеңейтуді мақсат тұтып отырмыз. Мәселен, шәкірттер қатарын көбейту, штаттық жүйені де кеңейту өз жемісін береді деп сенеміз, – дейді Жәнібек Құтмаханов.
Серік АҚМЫРЗА