Ұлттық мұраны ұлықтаған
Аудандық мәдениет орталығы жанында жыраулар үйірмесі жұмыс істейді. Оған 4 сынып оқушыларынан бастап қабылданады. Қазіргі таңда онға жуық жас жыршы дәріс алып жүр. Оларды ұлттық өнерге Жанболат Өмірзақ баулиды.
Жыраулар бөлімінің мақсаты – қазақ жерінде бастау алған сан ғасырлық тарихы бар жыраулық өнерді сақтап, өскелең ұрпаққа дәріптеп, ұлттық мұраны жоғалтпай ертеңгі ұрпаққа жеткізу. Жаһұт өнерді кәсіби тұрғыда дамытып, Сыр бойы жырауларының шығармаларын насихаттау.
– Жыршы халық арасынан шыққан қарапайым орындаушы ғана болса, жырау керісінше жан-жақты қызмет атқарған дарынды тұлға. Бұрындары жыраулар ханның «оң қолы», кеңесшісі болған, ол халықтың мүддесін қорғаған. Өмірдің қиын-қыстау кездерінде көптің алдына шығып өткен замандағы батырлардың ерлігін мысалға келтіріп жырлаған, сол арқылы ақыл-кеңес беріп, ерлік пен бірлікке шақырған.
Бүгінгі таңда да термені төгілтіп, таңнан таңға тынбай жырлайтын жыршыларды халық тамсана тыңдайды. Осы орайды жас жыршыларды көпшілікке таныстырып, талантын шыңдауға жұмыс істеудеміз, – дейді үйірме жетекшісі Жанболат Өмірзақ.
Қазалының тумасы Жанболат Өмірзақ бала күнінен өнерге жақын болып өсті. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде аудандық Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебінде терме сыныбында оқытушы Сандуғаш Бисенбаевадан дәріс алды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығын бітіріп, мәдениет үйінде жыраулар бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмысқа орналасты. Аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Жанболаттың шәкірттері де талай додада дараланды. Солардың бірі – Абылай Құнанбайұлы. № 266 мектеп-лицейдің 6 «д» оқушысы Абылай Арал қаласында өткен «Дарабоз» ІІ республикалық өнер мен білім байқауында «Дәстүрлі ән» жанры бойынша бірінші орын алып, дипломмен марапатталды.
Қызылорда қаласының 200 жылдығы мен Қазалы ауданының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Текті сөздің төресі – терме» байқауында екінші орын иеленді.
«Қазақстан үміті» республикалық жас өнерпаздар байқауында «Дәстүрлі ән өнері» жанры бойынша өнер көрсетіп, лауреат атанды.
Жас дарын «Бозторғай» ХХІ облыстық конкурсында бірінші, «Бозторғай» балалар шығармашылығының халықаралық өнер жарысына қатысып екінші, Өңірлік ХV «QYZYLORDA.JASTAR.SYNERGY» жастар Дельфий ойындары байқауында «Халық әні» номинациясы бойынша үшінші дәрежелі диплом, «Қорқыттан қалған қоңыр үн – ІV» атты балалар шығармашылығы байқауында бас жүлде иеленді.
Абылай Құнанбайұлы Ерімбет Көлдейбекұлының 175 жылдығында «Ұлағат сөзім ұрпаққа» аудандық жыршы-термешілер байқауында, «Домбыра жырмен термелеп» термешілер кешінде үздік өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналды.
– Жыраулар мен жыршылар жан-жақты дамыған өнер иелері. Әсіресе олардың суырып-салмалық шеберлігі, есте сақтау мүмкіншілігі, тыңдарманға жеткізушілік дарыны мен музыкалық қабілеті зор. Орындау кезінде жыршылар эпостың сюжетіне, кейіпкерлердің мінез-құлқына қарай мәнері мен музыкалық әуендерді өзгертіп отырады. Жүректен шыққан жырды жүрекке жеткізе білу өнерпаздың шеберлігі. Уақыт өте келе шежіреден сыр шертер жаһұт жырды көмейінен төгілтетін шәкірттер қатары артып келеді. Жанына қазақтың қара домбырасын серік еткен жас таланттар барда өміршең өнер өркендей бермек, – дейді Жанболат Жақсыбайұлы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА