Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Электрмобильге қашан көшеміз?

Электрмобильге қашан көшеміз?

Барған сайын күрделене түскен экологиялық ахуал көміртегі бейтараптығының өзектілігін үнемі еске салады. Осыған орай әлемде электр көліктеріне сұраныс артып келеді. Елімізде биылғы маусымдағы жағдай бо­йынша электр қозғалтқышты жеңіл көлік саны бір жыл ішінде 7 есе өскен. Дегенмен олардың жалпы автопарктегі үлесі болмашы ғана.
Қазба отынмен көп дәрежеде жұмыс істейтін көлік секторы пар­никтік газдардың кең таралып,­ ауаның ластануына себепші болып отыр. Сондықтан көміртегі шыға­рын­дыларын азайту ‒ атмосфера­ны тазартып, қоршаған ортаны сауық­тырудың негізгі амалы. Түрлі зерттеу көрсеткендей, өндіріс, пайда­ла­нылған энергияның шығу тегі мен кәдеге жарату есепке алынған бүкіл жұмыс циклі барысында электромобильдер дәстүрлі отынмен жүретін автомобильдерге қарағанда анағұрлым тиімді. Бұл артықшылық әлемдік автокөлік өнеркәсібінде электромобильдер өндірісін перс­пективалы бағыттардың біріне айналдырды. Қазірде баламалы көлік түрлеріне көшу қарқын алды. Біздің еліміз де жаһан бет алған көштен қалмай, экологиялық таза көлікті дамыту үрдісіне біртіндеп ілесіп келеді.
Әлемдік нарыққа назар сал­сақ,­ ең танымал электрокөлік ‒ Илон Масктың компаниясына­ тиесілі америкалық Tesla. Global­pro­ductprices мәліметінше, осы жыл­дың шілдесіндегі жағдай бо­йы­н­­ша бұл көліктің ең жоғары ба­ға­сы (66,5 мың доллар) Данияда тір­келген. Италияда, Венгрияда, Чехия­да және Ұлыбританияда сәл арзанырақ сатып алуға болады. Көлік Қытайда (39,2 мың дол­лар), АҚШ-та және Пуэрто-Рико­да (әрқайсысында 40,4 мың дол­лар) арзан. Қазақстандықтарға ұсы­ныл­ған жаңа Tesla құны 14 млн тең­ге­ден басталған, бұл бүгінде шамамен 31,5 мың доллар. Бірақ көрші Қытайдан келген көлік кеденнен өтпеген.
Жалпы, Ішкі істер министр­лі­гінің 2022 жылғы наурыздан бас­тап биылғы наурызға дейінгі ай сайын­ғы статистикасы елдегі электромобильдер санының 631-ден 1,9 мыңға дейін айтарлықтай өскенін көр­сетеді. Электр қозғалтқышы бар тіркелген автомобильдер санының күрт өсуі өткен жылдың желтоқсан айынан бастап байқалып, «жасыл» көліктер қатарына бір айда бірден 521 машина қосылған. Жаңа электрокарлардың сатылымы қаңтар-наурыз айларында белсенді жүрген. Бұл – кейінгі он жылдағы электромобильдер санының өсуіндегі алғашқы маңызды өзгеріс.
Соған қарамастан Қазақстанның жалпы автопаркіндегі электро­мо­бильдердің үлесі 0,1 пайызға да жетпейді. Елімізде бар болғаны 3,6 мың көлік ‒ 135 автобус, 226 жүк көлігі және 3,2 мың жеңіл көлік электр қуатымен жұмыс істейді. Өңірлік бөліністе электрмен жүретін жеңіл автокөліктің басым бөлігі ‒ 1,9 мыңы Алматыда тіркелген. Бір жыл ішінде олардың саны бірден 48,3 есе өсті. Бұл негізінен шаһарда қалталы кәсіпкерлердің көп шоғырлануына байланысты. Айталық, өзін-өзі жұмыспен қамтып, 1 млн теңге көлемінде жалақы алатындардың 89%-ы оңтүстік астанада тұрады. Ал елорда 325 экокөлікпен арадағы үлкен алшақтықты байқатты. Алғашқы үштікке 118 электрокөлікпен Алматы облысы да кірді. Электр қуатымен жүретін көліктердің ең азы Абай, Ақмола және Ұлытау облыстарында тіркелген: тиісінше 5, 7 және 8 ғана. Биыл әр өңірде кем дегенде бір электр қозғалтқышы бар жеңіл көлік болды.
Қалалық қоғамдық көлікті «жасылдандыру» негізінен Астана мен Алматыда байқалады, онда тиісінше 67 және 32 электр автобусы тіркелді. Ал елорда әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр қалалық маршруттарға электр қозғалтқышы бар 115 автобус шығарылған. Сондай-ақ жыл соңына дейін Астананың электр автобустар паркі 300-ге дейін ұлғайтылатыны хабарланған. Алай­да бірқатар автосарапшының пікі­рін­ше, электр көліктерінің саны бо­йынша ресми статистиканың дұрыс­тығына күмән бар, анығында көр­сеткіш өте төмен. Мәселен, ІІМ авто­көлікті тіркеу кезінде иесіне отын түрін көрсетуді міндеттемейді. Бұл бағанды толтырмаған жаңа электр машиналарының кейбір иелері жалпы статистикаға енбеуі мүмкін. Елімізде электромобильдер саны бойынша деректерді жинау жүйесіндегі олқылықтарды ескерсек, бұл пікірді елемеуге болмайды. Сонымен қатар Қазақстандағы электрокарлардың бір бөлігі ‒ бензин және электр қозғалтқышы бар будандар. Ал аралас отынмен жүретін автомобильдер бо­йынша ІІМ жеке статис­тика жүргізеді. Оған (санаттарға бөлінбестен) бензин мен газбен жүретін электрлік будандар мен машиналар кіреді. Биыл сәуірде аралас отынмен жүретін 337,8 мың көлік тіркелді. Олардағы электр гибридтерінің үлесін анықтау мүмкін емес.
Артта қалған инфрақұрылым елде «жасыл» көлікті дамытуға мүм­кіндік бермейді. Мысалы, қоғам­дық зарядтау стансалары ел өңір­ле­рінің барлығында бірдей жоқ. Ал өңір­аралық трассаларда арнайы жанар­май құю бекеттері туралы айту тіпті артық. Осы кемшіліктердің нәти­жесінде электромобиль тек қала­лық көлік қана болып қалады. Ашық деректерге сүйенсек, республи­ка­мызда тек екі мекеме ‒ «ЭЗС опе­ра­торы» ЖШС және eDrive.kz компаниясы электр зарядтау стансаларын орнатуға және пайдалануға маман­данған. Аталған екі станса мен­ші­гінде жалпы саны 183 желі бар болса, олардың басым бөлігі Алматыда (97) және Астанада (76) орналасқан. Қарағанды, Теміртау, Шым­­кент, Талдықорған, Атырау, үшеуі Щучинск қалаларында бір-екі электр заряд­тау стансасы жұмыс істейді. Демек басқа аймақтардағы электрокар иелері көліктерін үй жағдайында, «розеткадан» зарядтайды деген сөз.
03 тамыз 2023 ж. 118 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930