Биыл Қазақстанда электромобильдер саны жеті есеге көбейді

Energyprom зерттеушілерінің мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 маусымға дейін электр қозғалтқышы бар жеңіл көліктердің саны бір жыл ішінде бірден 7 есеге өсті.
«Өңірлік тұрғыдан электр қуатымен жүретін жеңіл көліктердің басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: 59,9%. Бір жыл ішінде бұл көліктер саны мегаполисте бірден 48,3 есеге артты.
Екінші және үшінші қатарда Астана қаласы мен Алматы облысы тұр: сәйкесінше 325 және 118 электромобиль бар.
Электр қуатымен жүретін көліктердің ең азы Абай (5), Ақмола (7) және Ұлытау (8) облыстарында тіркелген», - дейді сарапшылар.
Биыл әр облыста кем дегенде бір электр қозғалтқышы бар жеңіл көлік тіркелген. Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша мұндай көліктер сол кезде 17 облыстың 10-ында ғана (Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген электр көліктерін қоспағанда) тіркелген болатын.
Айта кетсек, биылғы 1 маусымға дейін елімізде 4,9 млн көлік құралы тіркелген, бұл бір жыл бұрынғыдан 12 пайызға артық көрсеткіш. Оның 4,3 млн-ы – жеңіл, 492,7 мыңы – жүк көлігі, 100,7 мыңы – автобус.