Қорғансыздың күні және XX ғасырдағы қазақ әйелі
XX ғасыр жалпы әлем әдебиеті үшін өзгеше жыл болғаны белгілі. Күллі ғалам классикалық бағыттан модернизмге өтіп, көне әдебиетте сорақы болып саналған дүниелерге қоғамның еті үйреніп, реализмге бет алған кезең. Оған себеп: адамзаттың санаға бостандық беруі, құндылық деп есептеген дүниелердің бертін келе құндылығын жоғалтуы және дүниежүзіне жаңа серпін алып келген өндірістік жаһандану.
Қазақтың да әдебиетшілері шартарап бастаған марафоннан қапы қалған жоқ. Қара қазақтың төңәрегінен шыға білгендер әлеуметтік ауқымды мәселелерді прозалық шығармаларымен қозғап, қазақ халқына жаңаша серпін беріп, традициялық стереотиптер мен ұлттық құндылық жөнінде сыр шертті. Сол уақыттарда ауқымды болған тақырыптардың бірі әйелдер теңсіздігі тұғын. Оқу мәртебесі тек ер балдарға беріліп, қазақ қызы үйдің айналасынан әрі аспай, әйел құқығы аяққа тапталған шақ. Заманның зарын, қазақ әйелінің жанайқайын қағаз бетіне түсірген ақын-жазушылардың саны көбейді. Солардың бірі "Абай Жолы" романын күллі қазаққа мұра етіп қалдырған, ұлы жазушы әрі драматург- Мұхтар Әуезов. Өзінің трагедияны сипаттауымен, кейіпкердің психологиялық образын тұспа-тұс аша білуімен ерекшеленген алып тұлға. Өзінің "Қорғансыздың күні" атты прозасында кеңес үкіметі дәуіріндегі сорақылық пен әйел шарасыздығын бейнелейді. Оқиғаның желісі осылайша өрбиді. Отбасының асыраушысынан айырылған қорғансыз көне үйге Ақан және Мұқан атты қос жолаушы түседі. Жанұяда үш адам екен. Жасы біразды алқалаған қарт кісі, көз жанарынан айырылған мүгедек әрі жесір әйел және кәмелетке толмаған, бойжеткен қыз Ғалия. Әжесі келген қонақтарға басынан өткен жағдайдың бәрін айтып, кішігірім болсын ер кісілерден көмек күтеді. Дегенмен кемпірдің ойлағаны болмай, Мұқан мен Ақанның көзі Ғалияға түседі. Әулеттің жәрдемсіздігін ескерген олар, жол көрсетпек болған Ғалияны зорламақ болады. Арам ойын жүзеге асырғаннан соң аттарын жетектеп, түннің бір уағында әрмен қарай тайып тұрады. Пәктігінен айырылып, зомбылықтың құрбаны болған Ғалия, сұм өмірден баз кешіп, әкесінің моласының алдында тағдырдың тәлкегіне мойынсұнып, қаза болады.
Проза бірінші оқығанға ауыр, аянышты. Оқи отырып, өмірдің әділетсіздігіне таңданып, бойыңды өзгеше сезім билейді. Мұхаң Ғалияның образымен еш шарасыз қыршынынан қиылған қыз балалардың алай-дүлей болған ішкі сезімін, психологиялық болмысын бейнелеген іспеттес. Оқиға орын алған жердің өзін қарлы боранмен, қараңғы түнмен, қыс мезгілімен суреттеген.
Шығармада орын алған жәйт, бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Мораль атты құндылықтан безген қатыгез еркектер қаншама бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің көз жасына қалып, періштелердің өліміне себеп болуда. Оқып отырып жаға ұстаудан басқа амал жоқ. Әйел құқығының аяққа тапталуы тек Әуезовтың "Қорғансыздың күнінде" емес көптеген жазушыларымыздың еңбектерінен көрініс тапқан. Әрқайсысына тоқталып отыру үшін газеттің бір саны аздық ететіні анық. Міржақыптың "Бақытсыз Жамалы", Ғабит Мүсіреповтың "Ұлпаны", Бейімбеттің "Шұғаның белгісі" сынды туындылар қазақ әйелдерінің он 19-20 ғасырдағы қызды мүлікке айырбастау, сүймегенге тұрмысқа шығу, әмеңгерлік секілді қиындықтарын дәлме-дәл сипаттайды. Әйел адамының тұлға болып қалыптаспауы, білімнің жетіспеушілігі сияқты дүниелер сол кездің қоғамы үшін қалыпты жағдайға айналған. Зиялыларымыздың ғасыр бұрын әйел затын түсініп, либералистік ұстаным ұстанғаны, қыз баласына хат танытқаны көңіл қуантатындай жәйт. Қазірдің өзінде стереотипті түсініктегі кейбір ерлер заң аясына жүгінбей, зайыбын ұрып-соғып, кейбірі қарсылыққа назар аудармай алып қашып, бұлай істеуге болмайды, олай істеуге болмайды деп азаматшалардың мүмкіндігін шектеп, қалауларын жаншып жатады. Аталған мәселелер көптеген отбасының ажырасуларына әкеп соғып, бірқатарының соңы өлімге дейін баруда.
21 ғасырда белгілі бір топтың үстемдік етуі диктатура болып есептелетінін білеміз. Сондықтан, еліміздегі патриархалды көзқарасты ң ізін жойып, жаңашылдыққа қадам басқан абзал. Көп уақыт Исламизацияның құрбаны болған Түркия мемлекетінің билікке Мұстафа Кемал Ататүрік келгеннен кейінгі өзгерісі әрбірімізге мәлім болар. Әйел құқығын Ер азаматтармен тең қойған Ататүрік, өзінің реформаларының арқасында су жаңа Түркияны жасақтады. Әйелдер қандай да бір қысымда болмай, жоғары білім алуға мүмкіндік алды. Бертін келе Түркия мемлекеті Еуропалық мемлекеттерден қапы қалмай, ең ірі державалардың біріне айналды. Бұл прогресске әйелдер қауымының қосқан үлесі орасан зор. Еліміздің бейбітшілігі үшін өз өмірін сарп еткен зиялы қауымның өзі әйел затын қастерлегенде, бізге қастерлемей не көрінді? Адам болып туылғаннан кейін құқық бәріне ортақ. Қоғам арасында белең алған сексизм мен зорлық-зомбылық тоқтамай, дамушы елдердің қатарына кіруіміз екі талай. Әдебиетшілеріміздің еңбектерін тек қана оқи қоймай, философиялық астарында түсіп, нәтиже шығарғанымыз жөн.
Перизат ЗАХРАДИН,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика факультетінің студенті