Ояз бағы немесе Салиха апайдың елеулі еңбегі жайлы
Ұзақ жылдан бері туған жер туралы қалам тербеп жүрген өлкетанушы журналист тұрғысында пайымдауымша: байырғы Қазалы қаласының іргесіндегі көненің көзіндей сақталған «Ояз бағы» XIX ғасырдың екінші жартысында, Сырдарияның жағасынан орын тепкен уезьд орталығының қала құрылымына жататын бір бөлшегі десе жарасады.
Себебі қала деген мәртебеге ие болған елді мекеннің базары, сауда дүкені, мектебі, кітапханасы, өндірістік цехтарымен қатар (мешіті мен шіркеуі, әкімшілік үйлері тағы басқа қоса бар) оның тұрғындарының көктем, жаз бен күзде көкке шығып, серуендейтін демалыс орнының болуы шарт әрі міндетті. Сөз орайы келгесін Сырдың жоғарғы жағы Түркістаннан бастап Аралға құяр сағасына дейінгі аралықта сәулетті, алайда сырт дұшпандардың қатыгездігінен қиратылған: Отырар, Сырғанақ, Сауран, Жетіасар, оғыздар астанасы Жанкент және басқа қалалардың болғаны, онда да мөлдір қауыздар мен жасыл желекке, малынған бақтардың болғандығын тақырыпқа тұздық етіп айта кетудің әбестігі болмас. Мұндағы мақсат – өлкемізге қала іші мен сырттағы саябақты патшалық Ресейдің отарлаушылары өздерімен бірге әкелді деген жаңсақ ой тумасын деген ниет еді.
Бізге жеткен дерек көзіне сүйенсек, Қазалы уезі бастығының құзіретіне қатысты Ояз бағы (уезд бастығын ояз атаған) жергілікті биліктің қазынасы есебінен қаржыландырылған. Оған дариядан арық тартып, су әкеледі, саялы және жеміс-жидек ағаштары мен бұталарын отырғызып, оны күтіп-баптау, суғару, күзету, тазалығын сақтау сияқты шаруалар кесікті жалақы алатын жұмысшылардың көмегімен атқарылған. Заманында Қазалының бас мұрабы қызметін атқарған Қарасақал Ерімбет шайыр атамыз да көпшілік жұрт демалатын орынның саялы баққа айналуына хал-қадірінше қамқор қолын созып, жыр-термелерін жемісіне арқау етсе керек.
Шалғайда жүрген біздің туған жерге сапарлай келуіміздің өз деген себеп-салдары болатыны белгілі. Өткен жылдың желтоқсан айының үшінші онкүндігінде дарияның арғы бетіндегі Бозкөл ауылындағы №96 Ерімбет шайыр есімімен аталатын орта мектепте Сырдың саңлақ сүлейі атындағы өлке тану музейі ашылып, ақын атамыздың әруағына арналып ас берілетін болды. Межелі күннен бір күн бұрын Ақтөбелік інім Нұртуған екеуміз жолға шықтық. Алдымен қаланың орталық саябағындағы шайырдың ескерткішіне тәу еткен соң келесі аялдағанымыз асфальт жолдың сол жағын жайлаған тарихи орын еді. Әдеттегіден жаймашуақ танытқан желтоқсан айының әсері болар кіре берістегі маңдайшасына «Ояз бағы» деп жазылған қақпадан әріректегі қысқы баққа барар жолдың саз балшығы аяқ киімге сағыздай жабысатын болып шықты. Аяғымызды аннан бір, мыннан бір басып, құлазыған бақты көзімізбен бір шолып өткеннен соң кері бұрылдық.
Оны тамашалау үшін көктем мен күз арасында арнайылап ат басын бұрған абзал болатын іспеттес...
Қазақ атамыз әдетте қай істің де сәтін салып, қисынын келтірегөр деп текке айтпаса керек. Сол жолғы Бозкөл сапарынан соң бір ай уақыт өтер өтпестен соң іргедегі Арал қаласындағы Төкең мен Зәуренің туысы зейнеткер Салиха Шегебаева апаймен дастарқандас болдым. Өзін сергек ұстайтын сөзі ширақ жанды жақын санап, әңгімеге тарттым:
– Қарағым, менің жасым осы тұрғанда жетпіс алтыда. Туыстық жағынан Аян ақсақалға келінмін. Қазалының байырғы тұрғынымын.Зейнет жасына дейін еңбектен қол үзген емеспін. Қазір де босқа қарап отыра алмаймын. Ғасырдың ширегіне жуық уақыт ескі Қазалы орман-тоғай мекемесіне қарасты Ояз бағында қатардағы жұмысшы болып істедім. «Еңбек түбі зейнет, Еңбек – бәрін де жеңбек» деп бекерге айтылмаған. ғой. Мекемеміздің директоры А.Баранов өз қамқорлығы мен күтіміне алған атақты бақтың көркін арттыру үшін саялы ағашпен қатар, жеміс-жидек, жиде, өрік, алма ағашы көшеттерін отырғызып күтімге алатынбыз. Уақытылы суарып, төңірегіндегі шөбін шабамыз. Күздегі өнімі бізге де, осында демалатын тұрғындарға да ортақ еді. Жемісті кептіріп қақ, шырынды тосап жасайтынбыз.
Саялы Ояз бағынан өзге Қазалы төңірегіндегі су баратын жерге Қарағаш, Ақжөне, көк терек, мойыл (ива) ағашын, далалық жерге сексеуіл көшетін қолмен отырғызғызатынбыз. Сыпырғы (сорго) егетінбіз. Күзде тал мен үй сыпырғысын мол қылып дайындап, вагон мен сонау Москваға дейін жөнелтеміз. Қыста көл мен тоған жағасынан қамыс орып, тұрғын үй мен мал қорасына таптырмас құрылыс матриалы пашын байлайтынбыз. Қайыр тал тоқып, бөгет бөгейтініміз тағы бар.
Ояз бағына қатысты тағы бір айтарым, жылдар өте келе жасыл желекті мекеннің ауқымы кеңейіп, аумағы ұлғайған тұста оның іргесіндегі байырғы бейіт сырты ұқыпты қоршалып, ортасында қалды. Мәңгілік тұрағын тапқан мекеннен жездем Б.Ахметов пен өмірлік серігі қатарласа жай тапты. Енем Ө.Қодарова, қайнағам Ә.Таңжарық пен өз әкем жайсаң жандар еді. Ұзақ жылғы адал еңбегінің арқасында абыройға бөленіп, аудандық Советке әлденеше рет депутат та болып сайландым. Аталған мекемем ұжымы ардагеріміз деп ұмытпай, хабарласып, қарайласып тұрады. Бүгінде балам мен немерелерімнің ортасында тәп-тәуір ғұмыр кешіп жатырмын. Тағы бір айтпағым, осыдан Қазалыда туған, оқыған, кейінде сыртта тіршілік етуші корей ағайындардың бір топ өкілі көктемде арнайылап келіп, өздерімен бірге әкелген жеміс-жидек ағашының жас шыбықтарын отырғызды. Перзенттік парыздарын өтеді. Өнегелі-ақ іс. Жайқалған жасыл желек қашанда табиғат көркі, ел ажарын, адам денсаулығының шипасы. Айтпағым, тарихтың өзі, ескінің көзі саналатын атақты «Ояз бағы»өлкеміздің көрікті жеріне саялы, құстары сайраған орманына айнала берсін, – деді Салиха Шегебаева.
Тереңнен қозғап, тебірене сөйлеген Салиха апамыздың бұл игі тілегін қоштап отырып, алдағы Сыр сапарында міндетті түрде «Ояз бағына» ат басын бұруды, табанымызды тигізіп, хош иісті ауасын құшырлана жұтуды жөн санадық. Хақ Тағала сіз бен бізді осындай мамыражай күнге жеткізе көрсін.
Қараша ҚАРАМАН