Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қорғанды қамал

Қорғанды қамал

Талай ғасырды бастан өткеріп, мемлекетке астана, елге пана, қоғамға рухани орталық болған Сығанақ Сыр бойындағы ірі қалалардың бірі атанған. Ол жайлы алғашқы дерек X ғасырдағы «Худуд әл-Әлемде» деген парсы шығармасында бар. Қала 982 жылы түзілген «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» мағынасы «Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары» атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен белгілі болды.
Тарихшы Зардыхан Қиянатұлының пікірінше, «Сығанақ» атауы түрікшеден аударғанда «қамал, қорған» деген мағына береді. Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұқаддаси Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 160 шақырымды құрайды. Сол кездегі тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп атаған.
Мұсылман ғалымдары деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді. Бұлай деудің себебі Сығанақ ХІІ ғасырдың соңы ХІІІ ғасырдың басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, Тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын. Абдулла-намеде Сығанақ туралы «Ол – ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазыпты.
Б.з.б. 128 жылы төтенше тапсырмамен Сыр бойына келген қытайлық Чжан Цян өз жазбасында “тек бір ғана Ферғана өңірінде ірі 70 қала бар” деген. Зерттеушілер тек Жошы ұлысы қарамағында 150-200 қала болғаны жайлы айтады. «Х ғасырдағы атақты арабтың жағрафиятанушы, ғалым Ал-Идриси Сырдария бойындағы ғұндардың (оғыздардың) қалаларының көптігін келтіріп, олардың ішіндегі «Сауран, Сүткент, Сығанақ қалаларын ірі қалалар еді. Ал Сығанақ нағыз сауданың қайнаған ортасы» деп ерекше көрсеткен», – дейді қала тарихын зерттеген ғалым, профессор Сәйдін Жолдасбаев.
XI ғасырда ғұлама ғалым, түркі тілінің маманы Махмұт Қашқари “Түркі тілінің сөздігі” еңбегінде жазып қалдырған. Ол Сығанақ қаласын оғыз қалалары қатарында атап өткен. Махмұт Қашқари «Сығанақ – оғыздар еліндегі қала» деп тарихи жазбасында келтірген.
Ортағасырдағы тарихи маңызы бар Сығанақ қаласы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі-шығысына баратын керуен жолдардың қиылысында орналасқан. XII ғасырда Қыпшақ бірлестігінің орталығы болды. Қазір Сығанақтың орнында сунақ-ата жұрты бар. Жошы бастаған моңғолдар Сыр бойындағы қалаларды алма-кезек шабуылдап, бағындырып отырған. Сығанақ қаласы 7 күн бойы шабуылдан кейін ғана алынып, моңғолдар халықты түгелдей қырып тастаған.
XIII ғасырдың екінші жартысында қала қайта жөнделе бастады. Сырдария өңіріндегі ірі саяси және экономикалық орталыққа айналады. Көптеген қоғамдық ғимараттар, мешіттер салынды. Сығанақ қаласын билеу үшін Темір XIV ғасырда көптеген әрекеттер жасайды. Бұл тұста оған Тоқтамыс хан көмектеседі. Әмір Темір Тоқтамысқа қолдау көрсетіп әскер беріп, Сырдарияға айдап салды.
XIII-XVI ғасырлардағы Сығанақ қаласының ірі сауда орталығы ретінде халықаралық және жергілікті маңызы артты. Қалаға Мауереннахрдан, Қашқардан, Түркістан тағы сол сияқты қалалардан сауда керуендері келіп тұрғандықтан мұнда тұрмыс қажеттіліктеріне керекті заттар әкелінді.
XIV-XVI ғасырда Сығанақ қаласы Түркістан өңірдегі саяси-әкімшілік, сауда айырбас орталықтары ретінде ең ірі қалалардың бірі болып саналды. XIV ғасырдың алғашқы кезінен бастап Сасыбұқаның кезінде (1309-1310) Ақ Орданың астанасы болған. Қаланы кейін Ерзен хан (Сасыбұқаның баласы) қолға алады. Ерзен хан билеген тұста Сығанақ қаласы дами ­бастайды. Мешіт-медреселер, тұрғын үй-жайлар салғызған. Ерзен хан аса бір ақылды, дана адам еді. Ол мұсылманша өмір сүріп, діни қайрымдылық ұйымдар құрған. XV ғасырда Сығанақ өзінің саяси және экономикалық маңызын жоғалтпайды.
XV ғасырдың 20 жылдарынан бастап XVI ғасыр соңына дейін Қазақ хандығы мен мауеренахр арасында ұзаққа созылған күрестер болады. XVI ғасыр басында Сығанақ қаласы өзінің бұрынғы күш-қуатынан айырыла бастайды. Оған себеп XVI ғасырдың екінші жартысынан XVI ғасырдың аяғына дейін болған ұзақ күрестер еді.
1446 жылдан қала “Көшпелі өзбектер” мемлекетінің құрамына кіріп, астанасы болған. Әбілхайыр хандығы ыдырағанға дейін өз мәртебесін жоғалтпаған. Ибн Рузбиханның жазуы бойынша Әбілқайыр хан 1468 жылы осы Сығанақтың жанында жерленген. Оның сипаттауынша, хан күмбезі өте биік және күшті безендіріліп жасалған. Оны зерттеушілер көк-кесене мавзолейі – Әбілқайырдың қабыры деп айтады.
Сығанақ өз тарихында талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір ұлысы арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Бұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар өтті. Сығанақты 1446 жылы шайбанилік Әбілқайыр басып алса да, Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады.
1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңіліс тапты. Орыс ханның шөберелері Жәнібек пен Керей бастаған, Ақ Орда хан ұрпақтары Әбілқайырдың әлсірегенін пайдаланып стратегиялық шегініс жасап, ел ордасын Шу бойындағы Қозыбасына әкеліп тігуі Сығанақтың саяси маңызын әлсіретті. Сығанақ өлкесі территориялық тұрғысынан қазақ мемлекетінің қарамағында қала берді. Кейін қазақ ханы Бұрындық Сығанақты алуға келгенде қаланың әкімі Қазы Садыр әл Ислам, тағы да басқа көрнекті адамдар ақылдасып: “Бұл қала бұрыннан Бұрындық ханның ата-бабаларының қолында болған, сондықтан қаланы оған берсек тыныштық болады” деген оймен беріледі. Осы кезден бастап Сығанақ қаласы қайтадан Қазақ хандығының астанасына біржолата айналады.
Сығанақтың жайнаған, құлпырған кезін көрген Фазлах ибн-Рузбихан «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. …Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазады. Сол деректе белгілі болғандай, күніне жүздеген түйе сойылатын аса ірі шаһарда дала көшпелілері алып келетін ең жақсы садақтар мен жебелер үлкен сұранысқа ие болған.
Іргелі шаһар XVII-XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына бірнеше рет ұшырады. Осыған байланысты және басқа да түрлі себептерден бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты.
Сығанақ жерінде халық салдырған мешітті шамамен 1937-1938 жылдары «Авангард» колхозының корейлері қиратып, кірпішін үй, монша, тағы басқа құрылыс материалдарына пайдаланған. Ел аузындағы аңыздар бойынша қабырғасына балта шапқан адамдар сол жерден құлап өлген. Кейбірі ауруға шалдыққан. Қаланың қазіргі орны 10 гектарды алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық темір жол станциясынан 8 шақырым жерде орналасқан. Қаратау жотасының оңтүстік батыс етегіндегі Белқар үстіртінде жатыр.
ХХ ғасырдың 70 жылдары Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі Кемал Ақышев пен Карл Байпақов Сығанақ қаласының топографиялық тарихына назар аударады. Олар бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген қорытынды жасайды. Түрік өркениетінің дамуына Сығанақ қаласы өзіндік үлес қосты.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
08 желтоқсан 2022 ж. 495 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031