Әрекетке – берекет
Қазалы ауданы кәсіпкерлік саласында қарқынды дамуда. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән берілуде.
Бұған қатысты қыруар шарулар қолға алынып, бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің даму көрсеткіші жоғары. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың 1 сәуіріне тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 6472 бірлікті құрады. Оның ішінде – 294 заңды тұлға, 4541 жеке кәсіпкер, 1637 шаруа қожалығы болып табылады.
Жыл басынан жаңадан – 1133 кәсіпкер тіркеліп, 782 кәсіпкер жабылды. Дегенмен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 351 бірлікке артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер – 6289 бірлікті құрап тұр. Өнеркәсіп өнімі мен өңдеу өнеркәсібінде және бөлшек сауда көлемі бойынша 11289,3 миллион теңге құралған.
Сала мамандарының мәліметінше, Қазалы ауданының шағын және орта кәсіпкерлігін дамыту бағытында мемлекет тарапынан ұдайы қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады. Атап айтқанда, аудан кәсіпкерлеріне сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан 131 жобаға қажетті сомадағы несие, грант қаражаты берілген.
Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасының негізінде қаржылық қолдау шаралары бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына орай аудандағы 17 жобаға қомақты несие қаражаты берілген. «Іскер», «Агробизнес», «Кең дала», «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 48 жоба қаржыландырылды. Яғни, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы «Іскер» бағдарламасымен 27 жоба іске қосылды. Оның ішінде, 16 мал шаруашылығы, 3 нан және кондитерлік өнім, 3 ағаш бұйымдары, 1 көлік жуу, 2 дүкен, 1 сауда айналымы, 1 ойын-сауық орталығы ашылды.
КС «Қазалы-Несие» арқылы «Кең дала» бағдарламасымен егін шаруашылығына қатысты 3 жобаға қаржы құйылды. «Сырдария-1» кредиттік серіктестігі, «Агробизнес», «Ауыл» кредиттік серіктестігі арқылы «Агробизнес», «Іскер» бағдарламасымен мал шаруашылығын дамытуға 12 жоба жүзеге асырылуда. Аграрлық Несие корпорациясы арқылы «Іскер» жобасымен тағы 4 мал шаруашылығы мен 2 жүк көлігіне қаржы қарастырылды.
Бүгінде аталған бағдарламалар аясында 34 өтініштің жобалары қаржылық ұйымдарда қаралуда. Гранттық қаржыландыру бойынша 24 үміткерге қомақты қаржы берілді. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламадан тыс, яғни екінші деңгейлі банктердің өз бағдарламалары бойынша 42 кәсіпкер несие қаражатына қол жеткізді.
Жергілікті туризмге мән берілуде
Сонымен қатар туризм саласына да үлес қосып жүрген іскер жандар бар. Нақты дерек келтірсек, ауданда «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойынан кәсіпкерлік қызмет көрсетуге белгіленген 5 учаскеде 5 нысан пайдалануға берілген. Олар «Арзан Сити 1», «Арзан Сити 2», «Мирас», кешендері, «Sinooil», «TS Қызылорда мұнай өнімдері» жанар-жағар май бекеттері. Барлық нысандар заманауи форматта салынған, ұлттық стандартқа сәйкес жұмыс істеуде.
Сонымен бірге Қазалы ауданының аумағынан өтетін «Самара-Шымкент» автотрассасының («Қашқан су» учаскесі) бойынан табысталған көлемі 3,0 гектар жер учаскесіне жеке кәсіпкер Бақыт Ерхатовтың көпсалалы қызмет көрсету «Baqyt» кешенінің құрылыс жұмыстарының 90 проценті жүргізіліп, жол бойындағы сервис ішінара қызметін атқаруда. Жоба құны 650,0 миллион теңгені құрады.
Жол бойы кешенінде қонақ үй, монша, кафе, жеңіл және жүк автомобильдеріне арналған автотұрақ, техникалық жөндеу орталығы, шиномонтаж шеберханасы және жазғы демалыс орны – шомылу, әуесқойлық балық аулау мен қыс мезгілінде мұз айдыны кіреді. Сондай-ақ алдағы уақытқа автожанармай құю станциясының құрылысы жоспарланған.
– Жоба бастамашысы осы кешенге жетіспейтін инфрақұрылым түрі электр желісі бойынша әзірленген жоба-сметалық құжаттары мен өтінімі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өндірістік (индустриялық) инфрақұрылым жүргізу бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінде оң шешімі шығарылған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына салалық қорытынды мен тиісті бюджеттік өтінімдері ұсынылғанымен бюджеттің қаржы тапшылығына байланысты қаржыландырылмады. Сондықтан 2023 жылға қажетті инфрақұрылыммен жобаны қаржыландыру үшін қолданыстағы заңнамалар шеңберінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тиісті бюджеттік өтінімдері қайта ұсынылатын болады.
Қазалы ауданында орналастыру орындарын «E-qonaq» ақпараттық жүйесіне енгізуге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілді. Ауданымызда статистикалық базасында тіркелген 8 орналастыру орындары бар. «E-qonaq» ақпараттық жүйесі туралы жұмыс істеп тұрған орналастыру орындары мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойындағы нысандарға арнайы хат жолданды. Нәтижесінде ақпараттық жүйеге 4 қонақ үй, 1 қонақ жайлы үйі және 2 кемпинг нысандары енгізілді, – дейді Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов.
Сала басшысының мәліметіне сүйенсек, ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелерін 2023 жылға бекітуге қатысты тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілді. Қорытындылай келгенде, Қазалы аудандық мәслихатының кезекті II сессиясында қабылданып, «Қазалы ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» шешімі шығарылды.
Іскерлікке қолдау көп
Қазалыда кәсіпкерлерді қолдау шарасы өз деңгейінде жүргізілуде. Қазалы ауданы бойынша «Кәсіпкерлікті қолдау» бағытында 2023 жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Қазалы ауданының кәсіпкер әйелдер, жас кәсіпкерлер, туризм күніне арналған бизнес форумдар өткізу жоспарлануда. Осы жылдың 3 наурызында әйел кәсіпкерлер үшін өздерінің мәселелерін қозғап, жетістіктерімен бөлісетін, тәжірибе алмасатын еркін сөйлесу алаңын құруға мүмкіндік алу бағытында ауқымды басқосу өткізілді. Айтулы шараға облыстық басқарма және қаржы институттары шақыртылып, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бизнестерін дамыту мүмкіндіктері жайында жан-жақты түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.
ҚР Үкіметінің қаулысымен әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидасына сәйкес, Қазалы ауданынан «Рауан» мектепке дейінгі шағын орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енгізілу үшін өз өтінішін тапсырды. ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша 1-ші санатпен тізілімге енгізілді.
Жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қазалылық іскер жандардың қосқан үлесі зор. Бір қуантарлығы, биыл 17 адамды жұмыспен қамтитын 5 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді. Олар «Ali-Nur» сауда үйі, «Рабия» шағын маркеті, «Олжа» тұрмыстық заттар дүкені, «Амира» караокебары мен «Rockstar»караоке -лаунж бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА