Мемлекеттік сатып алу – маңызды іс
Алдымен аудан әкімі М.Ергешбаев кадрлық өзгерістермен таныстырды. Аудан әкімінің өкімімен Әбілғазы Томаев Аранды ауылдық округі әкімі, Қызылорда электр тарату торабы басшысының бұйрығымен Ерболат Мұхаш Қазалы аудандық электр тарату торабының басшысы болып тағайындалды. Аудан әкімі жаңа қызметке келгендердің ісіне тілектестігін жеткізді.
Бұдан соң жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме мен кәсіпорындарда өткен жылғы мемлекеттік сатып алу жоспарының орындалуы және 2019 жылғы жоспардың бекітілу барысы мен 2018 жылы кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы айтылды.
Күн тәртібіндегі мәселелерге орай аудандық активтер және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Мәулен Қайруллаев пен кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов баяндады. Мәулен Қайруллаевтың айтуынша, Қазалы ауданы бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің мемлекеттік сатып алу жұмыстарына жасалған талдау нәтижесіне сәйкес, тапсырыс берушілер 2018 жылы барлық сатып алулар бойынша 10 млрд. 992 млн. 934 мың теңгені құрайтын 9247 сатып алу өткізген. Ал, аудан экономикасының дамуына оң ықпал етіп отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2018 жылдың желтоқсанында 4 513 бірлікті құраған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 816 бірлік болды.
Мәжілісті аудан әкімі қорытындылап, сала басшыларына міндеттер жүктеді.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ