Берекесі тасыған өңір
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің әзірлеген мәліметтерінен 2022 жылдың 1 қаңтарына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда біршама ұлғайғандығын байқадық. Яғни, 5 434 бірлікті құрады. Оның ішінде, 302 заңды тұлға, 3310 жеке кәсіпкер, 1822 шаруа қожалығы бар.
Жыл басынан жаңадан 1421 кәсіпкер тіркеліп, жабылған кәсіпкерлердің саны 1225 болса, өткен айдың алғашқы күнінен бері олардың саны 196-ға артты. «Бизнеске арналған үкімет» мемлекеттік мекемесі арқылы аудан кәсіпкерлеріне өткен жылы 1301 қызмет көрсетілген. Аудан халқының ілкімді ісінің арқасында өнеркәсіп өнімі 16991,7 миллион теңге болды. Ал өңдеу өнеркәсібінде 14682 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, бөлшек сауда көлемі арқасында 8909,4 миллион теңге табыс кірді.
Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында 2019 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесіне ауданнан «РЗА» АҚ-ның «1200 басқа арналған ірі қараны өсіру кешенінің және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін іске асыру» жобасы ұсынылған болатын. Ұтымды жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Жоба аясында Германиядан 300 бас гольштин-фриз тұқымды мүйізді ірі қара сатып алынды. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 1233 гектар жер учаскесі табысталды. Атап айтқанда, Құмжиектен 1035,0, Қарашеңгелден 198,0 гектар жер бөлінді. Сонымен қатар сауын залын заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін «Аграрлық Несие Корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы израильдік жабдықтар сатып алу жоспарлануда.
2020 жылы кешенді «Электрмен жабдықтау» жобасына қомақты қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімдігінің өткен жылғы №179 қаулысымен Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына жеке кәсіпкер Т.Игіліковтің «Балық қалдықтарынан балық ұнын өндіру» жобасы енгізілді. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бағытында инженерлік инфрақұрылым жеткізу шешімі қабылданған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде алынған несиеге және өз қаражатына өндіріске қажетті құрал-жабдықтары алынды. Жеке меншік құқығына 100 тонналық мұздатқыш қоймасы үшін кент әкімінің шешімімен көлемі 4194,0 шаршы метр жер учаскесі табысталған. Мемлекеттік актісі де алынды.
– Аудан кәсіпкерлері мен ісін жаңадан бастаушыларға сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан 1037 өтініш бойынша жалпы көлемі 4108,8 миллион теңге несие, грант қаражаты берілген. Олар Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры, екінші деңгейлі банк және қаржы ұйымдар, «Қазалы-Несие» кредиттік серіктестігі, «Сырдария-1» КС Қазалы филиалы, «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ, «Атамекен», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Стартап» грант жобасы арқылы тиісті қаржыға қол жеткізді, – дейді Қазалы ауданы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Талайлыұлы.
Сала мамандарының айтуынша, туризм саласы бойынша да Қазалыда ілгерілеушілік байқалады. Бұл жөнінен өзге аудандардан көш бастап тұрмыз деп мақтана айта аламыз. Ауданда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойынан кәсіпкерлік қызмет көрсетуге белгіленген учаскелерде бой түзеген нысандар бар. Нақтылағанда, «Арзан Сити 1», «Арзан Сити 2», «Мирас» кешендері, «Sinooil», «TS Қызылорда мұнай өнімдері» жанар-жағармай бекеттері пайдалануға берілген. Барлық құрылыс ғимараттары заманауи форматта, Ұлттық стандартқа сәйкес жұмыс жасауда.
Сонымен бірге Әйтеке би кентінен Арал ауданы бағытына қарай 13 шақырымда орналасқан “Қашқан су” учаскесіндегі «Baqyt» көпсалалы қызмет көрсету кешенінің құрылыс жұмыстары жүйелі жүргізіліп, өткен жылдың шілде айында іске қосылды. Кешенде қонақ үй, тамақтану орны халыққа қызмет етуде. Алдағы уақытта, қосымша автотұрақ, “Техникалық жөндеу орталығы, монша ашылады деп күтілуде.
Тағы бір қуанышты жайт, ол тойханаларды басқа мақсатқа ауыстыру шаралары жүзеге асырылды. Қазір ауданда дерек бойынша 11 тойхана орналасқан екен. Осы істі қайта бағыттау бойынша кәсіпкерлермен аудан әкімдігі тарапынан кездесулер ұйымдастырып, ұсыныстар жасады. Нәтижесінде 5 тойхана жұмысы өзгедей мақсатқа ауыстырылып, санитарлық талаптарға сәйкес қызмет көрсетуде.
Айта кеткен жөн, былтыр 97 адамды жұмыспен қамтитын 22 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА