Конструктор-көлік заңдастырылады
2023 жылдың 22 мамырынан бастап елімізде конструктор-автокөліктерді заңдастыру басталды. Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыруға (арзан бағамен) рұқсат етілген еді. Ал бұған дейін елге қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген көлік иелері ресми тіркеу құжаттарының жоқтығынан қиындықтарға тап болып келген.
Үкімет бұл мәселені шешу үшін азаматтарға конструктор-автокөліктерді заңдастыруға және бастапқы тіркеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті ережелерге өзгерістер енгізді. Мұндай көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесі 200 мың теңгені құрайды.
Автокөліктерді заңдастыру үшін өтінімдерді «Egov» қызметтері және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Айта кету керек, елімізге қосалқы бөлшектер түрімен әкелінген және кедендік тазартудан өтпеген автокөлікті тіркеу куәлігінде меншік құқығын өзгертуге тыйым салу және тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат беру туралы жазба көрсетіледі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, акция басталғалы республика бойынша 107 мыңнан аса көлік заңдастырылған. Сонымен қатар 14 мыңға жуық конструктор-автокөлік анықталған.
Тіркеу үшін көлік иелері өтінім, ішкі істер органының өкілетті қызметкері берген транспорт құралын тексеріп-қарау актісін және техникалық тексеріп-қараудың диагностикалық картасын ұсынуы қажет.
Конструктор-автокөлікті заңдастыру үшін келесідей қадамдарды рет-ретімен орындау керек. Алдымен онлайн-өтінім беріліп, сосын оның электронды тіркеуі жасалады. Бұл ретте конструкторлық автокөліктердің барлық иелеріне автоматты түрде бас тарту және қолда бар құжаттарды процессингтік орталықтың (ПО) қызметкеріне арнайы ХҚКО-да ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жіберілетіні түсіндірілді.
Екіншіден, ПО қызметкері транспорт құрылғысына тиесілі құжаттың дұрыстығын тексереді. Егер ол конструктор-автокөліктің талаптарына сай болса оны электронды мақұлдау парағына қосады.
Үшінші қадам – өтінім беруші тағы да онлайн-өтінім береді және электронды мақұлдау парағы бойынша алдын ала тексеруден өтеді. Содан кейін тексеру бекетіне бағытталады. Бұл кезеңде оның автокөлігін эксперт-криминалистер салыстырып тексеруден өткізеді.
Салыстырып тексеруден сәтті өткеннен кейін өтінім беруші ХҚКО-ға барлық қажетті құжаттарды ұсынады. Оның ішінде диагностикалық карта болады және 200 мың теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы мен алымды төлейді.
Еске салып өтейік, конструктор-автокөлік – бұл міндетті түрде жүріс бөлігі және одан ажыратылған қозғалтқышы бар жаңа автомобильдің шанағын қамтитын құрылым. Әдетте, бұл шанақ елге қосалқы бөлшектер деген желеумен әкелініп, ескі көлікке орнатылған. Осылайша, ескі құжат бойынша «жаңа» көліктер пайда болады.
Заңдастыру шарасы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.