Басты талап – тазалыққа тиянақтылық
Аудан көлемінде наурыз айы туысымен санитарлық-тазалық, көгалдандыру-көркейту айлығына байланысты жұмыстар жедел қолға алына бастады. Барша аудан халқы мен көптеген мекеме ұжымдары әр аптада болатын сенбілікке белсене атсалысып, көшелерді күл-қоқыстан тазартып, аяқ су жолдарын қыршып, ағаш көшеттерін отырғызуда. Бұл бағыттағы шаралар мұнымен бәсеңдеп қалмақ емес.
Осы орайда сейсенбі күні Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиевтің ұйымдастыруымен санитарлық-тазалықты қадағалау, оның іске асырылуын арттыру мақсатында жұмысшы топ құрылып, рейд жүргізілді. Кент әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және құқықтық бөлімінің жетекші маманы Руслан Ильясовтың басшылығындағы топ өз жұмысын Әйтеке би көшесінде орналасқан кәсіпкерлік нысандарды аралаудан бастады. Нәтижесінде кенттің басты көшелеріндегі шағын және орта бизнес мекемелерінің 60 пайыздан астамының қасбеттерінің тазалығы мен жарнама қалқандарының жағдайы, ғимарат маңдайшаларының санитарлық талапқа сай келмейтіні анықталып, оларға ауызша ескертулер берілді.
Жұмыс тобының мүшесі, «Әйтеке би кенті әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің штаттан тыс өкілі Серік Шоқалақтың айтуынша, кент көшелеріндегі ғимараттардың тазалығы мен кескін-келбеті алыстан көз тартуы қажет. «Нысандардың тартымдылығы кент көркі үшін ғана емес, кәсіпкерлерге тұтынушы тартуға да септігін тигізеді», – дейді ол.
Әйтеке би көшесінде орналасқан «Халық банк», «Arzan pharm», «Расул» мейрамханасы мен Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалы мекемелерінің санитарлық тазалық талаптарына деген жауапкершіліктері жоғарғы деңгейде екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, «Шаңырақ», «Нұрсая», «Faberlic» сияқты тағы бірнеше нысанның басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту жасалды.
Бұдан әрі Жанқожа батыр, Қ.Пірімов, Р.Бағланова, В.Счастнов пен Желтоқсан көшелерінде рейд жүргізілді. Нәтижесінде қоқыстардан бөлек кейбір тұрғындардың төккен құм, қиыршық тастар мен құрылыс заттары анықталып, мәселені шешпеген жағдайда шара қолданылатыны иелерінің қаперіне салынды.
Облыс бойынша үлгілі аудан болып, беделімізді жоғалтпауымыз үшін тазалыққа жете мән беруіміз керек. Бұл туралы аудан әкімі М.Ергешбаев аудандық мәслихаттың ХХIII сессиясын¬да мәлімдеді. «Тұрғындар арасында тұрғылықты жерін таза ұстау, ластануға жол бермеу, айналаны көгалдандыру жұмыстарына жұмыла атсалысатындай жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек. Ол үшін бір-бірімізге деген құрметтің де өзіндік орны бар»,– деді аудан басшысы.
Айта кетейік, аудан әкімінің өкімімен 10 наурызда басталған санитарлық тазалау, көркейту және көгалдандыру жұмыстары мамыр айының ортасына дейін жалғасатын болады. Олай болса, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлік нысан басшыларын ортақ шаруаны жұмыла атқаруға шақырамыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ