Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтаулы мамандар

Мақтаулы мамандар

Жыл сайын 12 мамырда бүкіл әлемде Кәсіби мейірбике мейрамы аталып өтеді. Бұл күнді Мейірбике ісі қызметінің негізін қалаушылардың бірі – Флоренс Найтингейлдің туған күнін атап өту үшін 1974 жылы Халықаралық мейірбике ісі кеңесі таңдаған екен. Медбикелер – денсаулық сақтау қызметкерлерінің ең көп санаты. Өйткені медициналық тәжірибеде медициналық қызметтердің көп бөлігін тек медбикелер көрсетеді.
Бүгінде Қазалы ауданы бойынша 770 мейірбике жұмыс істейді. Олардың әрбірі істеріне мығым, мамандықтарына адал десек болады. Дәрігер берген нұсқау бойынша емделушіге ем-дом жасайтын ақ халатты жандардың еңбегі зор. Мереке қарсаңында халықтың алғысын арқалап жүрген мейірбикелердің еңбек жолын кейінгі толқынға таныстыруды жөн санадық. 
Аудандық емхананың ЛОР кабинетінің мейіркеші Марал Саидтың медицина саласындағы еңбек өтілі отыз алты жыл. Ол Қызылорда медициналық училищесінде «Балаларға арналған емдеу-профилактикалық мекемелер медицина сестрасы» факультетінде оқыды. Жоғары санатты мейіркеш.
Марал Оңалбайқызы алғаш жұмысты Байқоңыр қаласындағы №16476 әскери госпитальда «Тері аурулары бөлімінде» бастаған. 1988-1990 жылдары аудандық аурухананың қабылдау бөлімінде, 1990-1993 жылдары емханада аумақтық мейіркеш болды. 1993 жылдан қазіргі уақытқа дейін емханадағы ЛОР кабинетінде мейірбике.
Ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман бірнеше рет марапат төрінен көрінді. Ең алғашқысы майор Богандовтың «Алғыс» хаты. Бұдан кейін Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының Қазалы ауданы бойынша өкілетті өкілі Қ.Азировтың «Құрмет» грамтосын, әр жылдары Қазалы ауданының әкімі Н.Шамұраовтың, М.Оразбаевтың «Алғыс» хатын алды. Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 90 жылдық мерейтойына орай «Колледж мақтанышы» төсбелгісімен марапатталған. 
Әріптестері арасында сыйлы, ұжымда беделді Марал Оңалбайқызы отбасында да аяулы ана, асыл әже. Екі баласынан өрбіген немерелердің қызығын көріп отырған жайы бар. Келіні Ақмарал кіші мейіркеш қызметінде. Ал немересі Жанель болашақта медицина саласының маманы болуды мақсат еткен. 
– Аппақ халатты киіп, емделушілерге ем-дом жасауды бала күнімде көз алдыма елестетіп, қиялыма ерік беретінмін. Болашақ кәсібімді осылайша таңдап қойғанмын. Арманым алдамай, мақсатыма жеттім деуіме болады, – дейді кейіпкеріміз.
Мейірбикелікті таңдаған жанның бірі – Масаты Мұрат. Ол Қожабахы ауылының тумасы. Орта мектепті бітірген соң, 1987-1988 жылдары ауылда өндіріске қалып, құрылыс бөлімінде сылақшы болып жұмыс істеген. 1988 жылы Жамбыл медицина училищесіне оқуға түсіп, 1990 жылы «Сестралық іс» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Медицина саласындағы еңбек жолын 1990 -1993жылдары Жамбыл облысы, Қаратау қаласындағы балалар бөлімінде кезекші мейірбике болып бастайды. Әр жылдары Қазалы аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде кезекші мейіркеш, Қожабахы ауылдық ауруханасында кезекші мейіркеш, Әйтеке би кентіндегі №216 мектепте мейіркеш, Қазалы аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде аға мейіркеш болып жұмыстар атқарды. 2018 жылдан бастап Қазалы ауданаралық ауруханасында бас мейірбике қызметінде. Отбасында үш ұл, тәрбиелеп отырмынған ана. 
Жұмыс жасау барысында бірнеше мәрте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Құрмет граматосымен, аудан әкімінің, ауданаралық аурухана басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. 
Масаты Сәрсенбайқызы 2019-2021 жылдар аралығында Қызылорда медициналық колледжіннен Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде академиялық бакалавр мамандығын оқып жатыр. Мейірбике қашанда білім алудың артығы жоғын айтады. 
– Әр адам, әр мамандық иесі өзін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Соны ішінде медицина саласы кенжелеп қалуды көтермейді. Уақыт өткен сайын білгеніңнен білмегенің көбейеді. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде болып, жаңашылдықтан құр қалмау керек, – дейді жоғары санатты мейірбике. 
Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жан – мейірбике. Медицина саласында ерліктердің көпшілігін мейірбикелер жасайды десек артық айтпаймыз. Мұндай жандар жанымызда жүргендігі көңілге жылу ұялатады. 
Мерейлі мерекеге орай, өз ісіне тиянақты, жылы сөзімен, ізгі лебізімен адам жанын жадырататын мамандық иесі – №249 мектеп-лицейдің мейірбикесі Бақыткүл Нысанбаева. 
Медицина саласын өмірімен байланыстырған Бақыткүл Сүлейменқызы ең алғашқы еңбек жолын Теміржол емханасында бастаған. Үлкен тәжірибе мен өмірлік сабақтар жинаған ол 2003 жылы №249 мектеп-лицейге мейірбике болып жұмысқа орналасады. Бүгінгі күнге дейін аталған мектепте қызмет етіп келеді. 
Аудандағы көлемі жағынан үлкен, іргелі мектепте жұмыс жасап жүрген Бақыткүл мейірбике өз ісінің хас шебері, нағыз мейірімді жан. Балалармен етене араласып, барынша қолдау білдіріп, қандай жағдай болмасын қол ұшын созуды өзінің міндеті санайды. Оқушыларға уақытда екпе жасау, ұстаздар мен оқушыларды медициналық тексеруден өткізу, мектептің санитарлық тазалығы мен балалардың күнделікті асхана мәзірін ұйымдастыруда мектеп мейіркешінің рөлі зор. 
Науқас жандарға ең бірінші қажеттілік – мейірімділік десек, мектептегі басы ауырып, өзін жайсыз сезінген оқушы ақ халат киген абзал жаннан алғашқылардың бірі болып жәрдем күтеді. 
Бүгінде еңбек пен отбасын қатар ұстап отырған Бақыткүл Сүлейменқызы 5 бала тәрбиелеп, олардан 7 немере сүйіп отырған абзал ана, асыл әже. Бақытын баладан тауып, еңбегін елге арнаған жан – мақтан етуге тұрарлық.  
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
11 мамыр 2023 ж. 200 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 30

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930