Такси жүргізушілері мен курьерлер салықты мобильді қосымша арқылы төлейді
Такси жүргізушілері мен курьерлер салық төлейтіні бұдан бұрын да айтылған, деп хабарлайды el.kz
Енді салық пен әлеуметтік төлемдерді eSalyq Business арнайы мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Мемлекеттік кірістер комитеті әзірге мұны пилоттық жоба ретінде қарастырып отыр.
Салық төлеуші үшін ең тиімдісі – «eSalyq Business» арнайы мобильді қосымша негізіндегі салық режимін қолдану. Себебі 1 пайыздық ставкамен табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру) төлеу қажет, - делінген ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан мәліметте.
Оның шеңберінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тікелей интернет-платформада өтеді, интернет-платформа операторы табысын төлеу кезінде тиесілі салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстайды және төлейді, содан кейін мәліметтер автоматты түрде МКК-ға беріледі. Яғни салық органдарына барудың қажеті жоқ.
Бүгінгі күні ақпараттық жүйелерді баптау бойынша «Яндекс.таксимен» жұмыс жүргізілуде, жұмыстар аяқталғаннан кейін азаматтар ерікті негізде пилоттық жобаға қосыла алады. Техникалық жүзеге асырудың жоспарланған уақыты – 2023 жылдың 1 шілдесі, - делінген мәліметте.