Кент көшелері гүлмен көмкерілмек
Ауылдың көркін ашатын да, келбетін келісті етіп, әрін арттыратын да – оның тазалығы мен жайқалған жасыл желегі. Бұл екеуі болмай ауылға сән кірмейді, тірлігі алға баспайды. Сондықтан да, ауыл шырайын шұғылалы ету мақсатында Қазалы ауданында жылдар бойы қыруар күш жұмсалып, нәтижесі де көрініп-ақ келеді. Ауданда ағымдағы жылдың көктемгі екі айлық көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары өтуде. «Әйтеке би кентін абаттандыру мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша бірқатар шаруа қолға алынды» дегенді алға тартады мамандар.
– Бүгінде Әйтеке би кентінің 43 көшесі аяқ сумен қамтылған. Оның ішінде 12 көшеге су өз ағынымен беріледі. Қалған 31 көшеге су айдайтын насостар арқылы тұтынады. №5 квартал бойынша ұзындығы 5 шақырым болатын 6 көшеге құбыр арқылы 165 каналдан аяқсу жіберілуде.
Жалпы шаһар аумағында 5 жерде су насостары орнатылған. Кентішілік көшелерді аяқсумен қамту үшін 7 миллион 725 мың теңге бюджеттен қаржы бөлінді. Тендер жарияланып, мемлекетті сатып алудың ашық конкурсы бойынша мердігер мекеме «Пример Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Баға ұсынысы бойынша 4 миллион теңгеге жуық келісім шарт жасалды, – дейді Әйтеке би кенті әкімдігінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәуіржан Құлмұратов.
Бөлім басшысының мәлімдемесіне сүйенсек, 15 шақырымды құрайтын аяқ су арықтары, оның ішінде ішкі «Қараарық» және «Кіщшіарық» арналары тазартылған. Әйтеке кенті бойынша 2000-ға жуық тал көшеттері егілген. Аяқсуды реттеу мақсатында 3 жерге су тоспасы орнатылды. Сондай-ақ өсіп тұрған көк желеңдерді суару өз дәрежесінде жүргізілуі үшін үлкен электрлі ГНОМ насосы сатып алынған. Олар белгіленген жерлерге орнатылуда. Әйтеке би кенті бойынша 750 ағашты балақтау мен түптерін әктеу жұмыстары атқарылды. Осы шаралар әлі де жалғасын табуда.
Сонымен қатар орталық көшелердегі 5,2 шақырым қоршау шартақтарын жуу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде В.Счастнов көшесінің бойындағы қоршау шартақтар сырланды. Алдағы уақытта Қ.Пірімов, Әйтеке би көшелеріндегі қоршауларды сырлау жұмыстары жалғастырылады.
Ал демалыс алаңдарына ағымдағы жөндеу шаралары жоспарланған. Бюджеттен 10 миллион теңге қарастырылды. Енді осы қаражатқа Қ.пірімов көшесінің бойындағы ескерткіш, белгілер мен Тәуелсіздік монументіне, теміржол вокзалы жанындағы алаңға және «Жетес би» ескерткіш аумағына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Қазір ашық конкурс қорытындысымен «ҚазалыСтройСервис» ЖШС анықталып отыр. Серіктестікпен 8 миллион 176 мың теңгеге келісім шарт жасалуда.
Жоспарға сай демалыс орындарындарында әсемдік үшін гүл егуге 2 миллион теңге бөлінген. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Нәтижесінде «Пример Строй» ЖШС жеңімпаз атанып, 1 миллион 785 мың теңгеге келісім шартқа отыруда. Енді мамыр айында шаһар көшелерінде көздің жауын алар гүл көшеттері егіледі деп күтілуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА