Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көптің көзайымына айналған – «Кіtaр Fest»

Көптің көзайымына айналған – «Кіtaр Fest»

Жуырда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай «Кіtaр Fest – 2023» кітап фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Фестивальде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы алғы сөз сөйлеп, мұндай шараның өскелең ұрпаққа берері мол екендігін тілге тиек етті.
– Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын фестиваль кітап сүйер қауымға емес, барлық қазалылықтар үшін сүйікті алаңға айналды десек жарасады. Жыл сайын ауқымды деңгейде өткізілетін тағылымды шара өткеніміздің тұңғиық тереңінен сыр шертіп қоймай, тарихымыз бен әдебиетімізді насихаттауға, жас буынның рухани орта қалыптастыруына жол ашуда. Сондықтан мұндай алаңда жиі бой көрсетіп, белсене қатысқан дұрысырақ, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Фестиваль аясында Е.Бозғұлов атындағы №249, №266 мектеп-лицейі және Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектебі мен М.Матаев атындағы №170 орта мектептің оқушылары қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан жырдан шашу шашты. Мұнан соң қалың оқырман қауымға «Ғажайып – кітап әлемі» деген атаумен кең көлемді кітап көрмесі таныстырылды.
Шара барысында келушілер «Умник» кітап дүкені ұйымдастырған жәрмеңкеден қалаған әдебиетті 20 проценттік жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Аудандық балалар орталық кітапханасының ұйымдастырған «Ертегілер еліне саяхат» пен «Қуыршақтар» театрының қойылымы да келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұдан соң «Сoworking» орталығында «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан сары кітаптар шеруі өткізілді.
Одан кейін кітапхананың оқу залында «Спорт – бақытқа бастар жол» атты спорттық сайыс ұйымдастырылып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Таңертеңнен бастау алған мерекелік шара кешқұрым «Жыршыл жүрек, арман кеуде» атты поэзия кешімен жалғасын тапты. Жиында Есет Табынбаев, Сағыныш Мұхитқызы, Елнұр Нұрқасым сынды ақындар, жыршы Жанболат Өмірзақ, домбырашы Тұрар Садуақас және поэзия әлеміне енді қадам басып келе жатқан жас қаламгерлер төбе көрсетті.
«Кітапхана түні» аясында ұйымдастырылған кешке Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы арнайы қатысып, кеш қонақтарына жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, кітапхана ұжымының алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, осындай кештер әлі де жалғасын тапса екен деген ниетін білдірді.
Әсерге толы әдеби кештің соңында Қазалы аудандық орталық кітапхананың директоры Индира Әбілқасымқызы шараға атсалысқан барша қауымға, келген қонақтарға алғысын айтып, еңбектеріне толағай табыс тіледі.
Арай ЖҮСІП
25 сәуір 2023 ж. 165 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 31

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 45

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031