Алтын діңгекті алып бәйтерек
Осындай тақырыпта ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Кәсіптік білім беру саласының үздігі, ардагер-ұстаз Молдабай Ақниязұлының 80 жасқа толуына орай Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде кездесу кеші өтті.
Шараға жиналған көпшілік алдымен колледж ауласында мерейтой иесін құрметпен қарсы алып, гүл шоқтарын ұсынды. Ардагер-ұстаз Молдабай Ақниязұлының құрметіне арналған кешке Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР құрметті ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Оразғали Бекбанов, ф.ғ.к., доцент, журналист, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Түркістан облыстық Әжелер алқасының төрайымы Балтагүл Оспанова, Генерал-майор, Кеңес одағының, ҚР Жоғары Қарулы Күштерінің, Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз», «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі орден иегері Әлімжан Ерниязов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Баймырза Қожамберлиев, Академик, профессор, еркін күрестен спорт шебері Аптылай Буркашов, «Құрмет белгісі» ордені мен Ы. Алтынсарин атындағы және «Ерен еңбегі үшін» медалдарының иегері, Халықаралық «Жыл директоры» атанған білім саласының ардагері Күләш Мергенбаева, ҚР білім беру ісінің үздігі, Алтынсарин төсбелгісінің иегері Күлзипа Наһан және Қазалы ауданының құрметті азаматы Байтақ Тұрсынбаев, ҚР құрметті теміржолшысы Бақыткүл Самалова арнайы келді.
Кешті жүргізген колледж директорының ақпараттық технология жөніндегі орынбасары Маржанкүл Ахай қонақтарды колледж тархынан хабардар етті. Ол: «Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің тарихы сонау 1901-1906 жылдар аралығында Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын Орынбор – Ташкент теміржолының салынуынан бастау алады. КСРО-ның тарихи архивінен алынған мына құжатта 1905 жылғы 17 шілдеде жолаушылар қозғалысы үшін Қазалы өңірінде шағын жөндеу шеберханасы салатыны жоспарланған болатын. 1929 жылы Қазалы паровоз депосының жанынан ФЗУ болып ашылған колледж өмір ағымына қарай ЖУ, ЖДУ, ГПТУ, СрПТУ, ПТУ, мектеп лицей,колледж, жоғары колледж атауларына ие болды. Ұлы Отан соғысының батыры Я.Д.Михайлюк 1938 жылы колледжге оқуға түсіп, 1941-45 жылдары жауынгерлік ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағын алуы біз үшін үлкен мақтаныш. 1939 жылы Қазалы теміржол бөлімшесі училищесіне 210 орынды екі қабаттық оқу орны салынып берілді. 1929 жылдан бастап әр жылдары училищені П.С.Никеров, А.В.Харьков, Ə.Ұзақбаев, П.П.Сиснев басқарды. 1976-1981 жылдары училищені Қазақстан Республикасы кəсіптік білім беру саласының үздігі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Оразғали Бекбанов басқарды. 1981-1985 жылдары училищені КСРО жəне Қазақ КСР кəсіптік білім беру ісінің үздігі Молдабай Ақниязов басқарды. М.Ақниязов 1990 жылы осы училищеге қайта басшы етіп тағайындалды», – деп қысқаша баяндады. Бұдан әрі колледждің өткені мен бүгінен сыр шертетін мәліметтерді көпшілік назарына ұсынды.
Колледж директоры Болат Ахметов келушілерді білім ордасының материалды техникалық базасымен таныстырды. Алдымен жолаушылар вагондарын механикалық жабдықтау кабинетіне бас сұғып, Жаңа технологиялық үлгіде әзірленген дыбыстық стенділерді тамашалады. Бұдан соң рет-ретімен барлық кабниеттерді аралап, жаңашылдыққа жаны құмар ұжым мүшелерінің еңбегі мен ұғымтал студенттердің сабақ өту барысына куә болды.
Колледж жанындағы мәдени орталықта орналасқан музейге «М.Ақниязовтың өмір жолы» тақырыбында арнайы мүйіс дайындалған. Оны директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлнәр Күзембаева таныстырды. Салтанатты кеш мәдени іс-шараға ұласты. Қошеметпен сахна төріне көтерілген Молдабай Ақниязов пен жары Іңкәр анаға келушілер ақжарма тілегін арнап, өткен күндерден естіліктер айтты. Кеште Мұхтар Молдабайұлы мен жары Эльмира Ақниязованың құрастыруымен жарық көрген Молдабай Ақниязовтың «Өмір белестері» кітабының тұсауы кесіліп, аудандық «Атамұра» ардагерлер ансамблі мен колледждің өнерлі студенттері концерттік бағдарламаның көркін қыздырды. Шара кезінде бұған дейін өткен «Талғамы терең, тағылымы кенен аға Ұстаз» колледжішілік ғылыми жобалар байқауы мен кіші футболдан аудандық турнирдің қорытындысы жарияланды.
Ғылыми жобаның мақсаты – ардагер ұстаздың өмірі мен еңбек жолын үлгі ете отырып, теміржолшы мамандығын дәріптеу, адамгершілікке, еңбекқорлыққа баулу, студенттерді ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық жұмыстармен айналысуға қызықтыру, ой еңбегінің беделін арттыру, талантты және дарынды жас зерттеушілерді іріктеу және оларға қолдау көрсету. Байқау барысында жұмыстардың өзіндік даралығы, шығармашылық ізденісі, зерттеудің толық ашылуы және мәселелердің тереңдеп талқылануы бағаланды.
ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері ардагер ұстаз Молдабай Ақниязовтың 80 жас мерейтойына арналған аудандық шағын футболдан өткен турнир қорытындысында бірінші орынды №165 мектеп командасы жеңіп алды. №204 мектептің аяқ допшылары екінші, колледж командасы үшінші орынды өзара бөлісті. Болатбек Сутейов «Үздік ойыншы», Жанұзақ Бауыржан «Үздік шабуылшы», Алтынбек Ақтілеуов «Үздік қорғаушы», Еркебұлан Алуадинов «Үздік қақпашы» номинацияларын иеленді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА