Тұңғыш бала кімге тиесілі?
Біраз жылдан бері достығымыз жарасып, пікіріміз бір арнаға жиі тоғысып жүрген құрбым бар. Кездесе қалсақ, болашақты болжап, келешекке көз жүгіртеміз. Кеше сол құрбым: «Ата-анаммен әңгімеміз жараспай қала береді. Тіпті кейде өзімді кәдімгідей бөтен сезінемін», – деп мұңайды. «Туған әкең мен анаң ғой қайдағыны айтпа. Ата-ана болған соң баласына алаңдап ақылын айтады» деп жұбаттым.Дүние есігін ашқаннан ата-әжесі бауырлап, бала қылған құрбымның өз ата-анасын мойындауы қиын. Іштей біле тұра, «олар менің әке-шешем емес» деп долданатыны бар. Кейде оған қарап отырып, екі оттың ортасында қалған шарасыз бейнені байқаймын. Содан мені «Тұңғыш бала кімге тиесілі? Ата-әженің туған әке-шешесінен бөліп, баланы бағуы қаншалықты дұрыс? Келешекте салқыны тимейді ме?» деген сауалдар мазалай бастады. Бұл туралы оқырмандардан сұрауды да әбестік деп санамадым.
Құралай ЖҮСІПОВА, тәрбиеші:
Туыстық қатысын нақты біліп өскені жөн
– Егер бала ата-әжесі, әке-шешесімен бір шаңырақ астында тұрып, ата-әженің баласы болса, келешекте кедергі туындайды деп ойламаймын. Ал туған әке-шешеден жырақта, жылдар бойы ата-әженің қамқорлығын көріп, баласы болып өссе, бөтен болып кетері сөзсіз. Өйткені әр шаңырақтың, әр отбасының ұстанымы, тәрбиесі бөлек. Есейіп, ержетіп кеткен ұл-қызға кейіннен «біздің үйдің ережесі олай емес, былай еді» деп бірден үйретуде қиындық туғызады. Менің ойымша, әр бала өзінің әкесі мен анасын, ата-әжесін нақты біліп өскені жөн.
Туыстық қатысын нақты біліп өскені жөн
– Егер бала ата-әжесі, әке-шешесімен бір шаңырақ астында тұрып, ата-әженің баласы болса, келешекте кедергі туындайды деп ойламаймын. Ал туған әке-шешеден жырақта, жылдар бойы ата-әженің қамқорлығын көріп, баласы болып өссе, бөтен болып кетері сөзсіз. Өйткені әр шаңырақтың, әр отбасының ұстанымы, тәрбиесі бөлек. Есейіп, ержетіп кеткен ұл-қызға кейіннен «біздің үйдің ережесі олай емес, былай еді» деп бірден үйретуде қиындық туғызады. Менің ойымша, әр бала өзінің әкесі мен анасын, ата-әжесін нақты біліп өскені жөн.
Өзімнің балаларым шүкір, әже тәрбиесін көріп отыр. Үлкендерден үлгі-өнеге алған өскін жаман болмайды. Керсінше, бала бойына тәлімді тәрбиені, ұлтжандылықты, қазақылықты, төзімділікті сіңіруде ата-әженің рөлі зор. Дегенмен келешекте өз ата-анасын мойындамай, ақылын тыңдамай «өзім білемін, мен сендердің балаларың емеспін» деп мінез шығармас үшін бала өміріндегі жақын жандардың туыстық қатысын нақты біліп өскені жөн.
Мұңлық ЖҰМАШОВА, психолог:
Баланы зат деп емес, ертеңгі өмір деп тәрбиелеген абзал
– Қазақта тұңғыш немерені ата-әжесінің тәрбиесіне беретіні бұрыннан бар. Оған түрлі себептер болуы мүмкін. Жас үйлі болған жастар оқысын, жұмыс жасасын деген ой болса, енді бірі қызғаныштан баланы өз бауырына басып ата-анасына жақындатпайды.
Жалпы бала кімнің қолында өссе де, өн-бойына көргенін, естігенін жиып өсері анық. Ата-әже де, әке-шеше де баланы жаман болсын деп тәрбиелемейді. Өздерінің шамалары келгенше бар жақсыны үйретері анық. Ата-әже «тұңғыш немереміз» деп иемденіп, ерекше жақсы көру мен еркелету баланың өзімшіл болып өсуіне әкелетініне аса мән бере бермейді. Ерекше жақсы көрудің кемшіл тұстары болатынын да айта кеткеніміз жөн. Баланы ата мен әженің тәрбиесіне бергеннің кері жақтары да кездеседі. Олай дейтініміз, бала өз еркінсіз ата-анасынан ажырайды. Бұл деген кішкентай бала үшін психологиялық соққы. Әлі есі кірмеген бала өсе келе, әке-шеше мейірімін көрмегендігін байқай бастайды. Бір ата-анадан туса да, өзі бір бөлек, ізінен ерген іні-қарындастары бөтен екенін сезінеді. Ана мейірімін, махаббатын көрмей өскен ондай бала өмір бойы өз сезімін ашық білдіре алмай, сөзбен жеткізе алмайтын ынжық болып өсуі мүмкін.
Екінші бір тоқтала кететін мәселе, бала есейе келе түрлі себептермен өз әке-шешесіне қайта оралады. Бұл кезде бала екінші мәрте психологиялық күйзеліске түседі. Әрқашан дегені болып, бар қалауы орындалып жүрген баланы әке-шешесі атасы мен әжесіне ұқсап, «сенікі дұрыс» деп басын сипай бермейтіні анық. Осылайша есейген бала бұл жолы да туған әке-шешесіне үйрене алмай жатады. Осындай сынақ баланың өміріне кері әсер етуі ғажап емес.
Сонда баланы ата-әжесі тәрбилегені дұрыс емес пе деген сұрақ туындайды. Әрине дұрыс. Ата-әженің берген дұрыс тәрбиесі керек-ақ, егер бір шаңырақ астында тұрса. Әркім өз орнын білсе. Ата-әженің шексіз махабатымен бірге, бала әкенің қатал мінезін көріп, бойына керегін жинағаны абзал. Ал аналық мейірім әр адамға әркез керек.
Өзімнің жеке пікірім бойынша бала ата-әженің, әке-шешенің орнын, қызметі мен қадірін біліп өсу қажет. Жалпы баланы зат деп емес, ертеңгі өмір деп тәрбиелеген абзал.
Бану ШӘЙКЕНОВА, жас ана:
Өз ата-анаңды жатсынып қалу қаупі де бар
– Мен бүгінде екі баланың анасымын. Жолдасым екеуміз тұңғышын ата мен әженің тәрбиесіне берген жастардың қатарынанбыз. Себебі, екеуміз де ата-әженің тәрбиесінде өскенбіз. Сол себепті де үлкен ұлымызды ата-анамызға бердік. Алайда біз ата-анамыздан ата-әже ретінде қалуды, ата-анасы біз екендігімізді айтуды сұрадық.
Өз ата-анаңды жатсынып қалу қаупі де бар
– Мен бүгінде екі баланың анасымын. Жолдасым екеуміз тұңғышын ата мен әженің тәрбиесіне берген жастардың қатарынанбыз. Себебі, екеуміз де ата-әженің тәрбиесінде өскенбіз. Сол себепті де үлкен ұлымызды ата-анамызға бердік. Алайда біз ата-анамыздан ата-әже ретінде қалуды, ата-анасы біз екендігімізді айтуды сұрадық.
Жалпы ата мен әженің, үлкендердің тәрбиесінде болу бала үшін қиынға түседі екен. Өз ата-анаңды жатсынып қалу қаупі де бар. Тіпті керек болса, «ақұдайымыз» көп болған соң ба, сол кісілерге арқа сүйеп атымен де атап кеттік. Соңғы кездерде көпшілік ортада «тоқпақтай» қылып атын да атай салу ес жиып қалған біздерге қиындық әкеліп жүргендігі де жасырын емес.
Жұмысқа байланған жас ата-аналардың басты мәселесі – балаға қарайтын адамның болмауы. Сондықтан ес біліп, мектеп табалдырығын аттағанша, атаның ақылын, әженің ертегісін тыңдап өссін деген оймен ауылға ата-әжесіне берген болатынбыз.
Ақерке ӘДІЛХАН, жас ана:
Бала ата-әжеге немере, әке-шешеге бала болуы керек
– Бала күнімде ата-әжемнің қызы болдым. Олар бізді еркелетіп, бар тәттісін аузымызға тосатын. Әлі де солай. Алайда, әке-шешеден бөліп-жарған жоқ. Бала ата-әжеге немере, әке-шешеге бала болуы керек.
Кезінде апарып тастап, ұзақ жылдан кейін қайтып алсаң онымен қайта қосылу, дұрыс қарым-қатынас құру қиын болады. Керісінше бала кезінде ата-анасының махаббаты мен мейіріміне тойып өсуі керек. Бала көзді ашып-жұмғанша тез өсіп кетеді. Оның әрбір қылығына куә болып, сүйсініп, бірге шаттану бақытынан ата-ана айырылмауы керек деген ойдамын. Бала бір рет қана бала болады. Сол ең бақытты, тәтті шағын туған әке-анасының құшағында, жанында өткізгені абзал.
Ата-әженің де түр-түрі бар. Кейбірі баланың тілін қызықтап, әке-шешесін атымен ататып, оларға олай деп айт, былай деп айт деп үйретіп жатады. Бұл өте қате. Тіпті «Сені туған мен. Аналар бөтен адамдар» деп әке-шешені ысырып тастап отыратын үлкендер де жоқ емес. Бұның барлығы келешекте өз кесірін тигізбей қоймайды. Сондықтан тұңғыш болсын, басқа бала болсын туғанына тиесілі.
Жанарыс БОЛАТБЕКҚЫЗЫ, студент:
Әке-шешеммен уақыт өткізу ұнағанмен, ата-әжеме тартып тұрады
– Баланы ата-әжесіне бергенді өз басым қолдаймын. Жастайынан үлкеннен бата алып, олардың өсиетін тыңдап, содан ғибрат ала білген бала, адамзаттың бар асылын бойына жинап өседі деп ойлаймын. Қазіргі кезде ұмыт болып бара жатқан салт - дәстүр, әдет-ғұрыптың таусылмас көзі, сарқылмас бұлағы үлкендерде. Сондай жандардың қасында өскен бала болашақта қазақы әдебі бойына дарыған, өжет, намысшыл болады деген сенімдемін.
Өзім де ата әжемнің қолында өстім және сол кездер менің балалық шағымдағы ең естен кетпес кездер деп білемін. Әке-шешеммен уақыт өткізу ұнағанмен, ата-әжеме тартып тұратын. Сол бір еркіндік, еркелік, сотқарлыққа жетері жоқ-қой. Қазіргі кезде күйбең тіршілік пен қайнаған өмірде кейде сол кездерге қайта оралғым келеді.
Ұ.ТАЛАПБАЕВА