Ата мен әже – қазақы тәрбие бұлағы
Қазақта баласын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беру – ежелден келе жатқан дәстүр. Тұла бойы тұңғыш немересін бауырына басқан ата мен әже бар тәттіні алдына қойып, білгені мен түйгенін, көргенін үйретіп жатады. Атасы мен әжесінің ортасында еркелеп өскен ұрпақтың арасында зеректігімен, білгірлігімен танылған тұлғалар аз емес. Дегенмен, «баланы тым еркелетіп жіберді, шолжаң болып өсті» деп бұл дәстүрді қолдамайтындар да көп. Олар ата-әженің қолында өскен бала әке-шешеге жат боп кетеді деген сияқты түрлі пікірлерді алға тартады.
Қандай халықтың болсын өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүрлері, дағдылары бар. Бауырына салу деген бізбен қатар өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде тек қазаққа ғана тән. Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық көрсетеді, бағады, қарайды. Ал қазақтың ерекшелігі сол тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Ол сол үйдің кенжесі болып өседі. Бұл бір жағынан, «он үште отау иесі» болған жас отбасына деген қамқорлық болса керек. Екіншіден, баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен де немерені бауырына салған, яғни бауырына салу – немерені уызына жаритындай етіп тәрбиелеуге атсалысу. Өйткені, ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол адамдар.
Ата мен әже тәрбиелеген бала ерте есейеді. Ертеректе немересін бауырына салған аталар немересін сүндетке отырғызғаннан кейін-ақ қайтыс болған адамға топырақ салуға жетектеп алып барған. Өйткені, бала тек қана той-жиын көріп өспеуі керек. Өмір бар жерде өлім бар екенін, ертеңгі күні сол әжесінен, атасынан немесе басқа туыстарынан осылай айырылып қалатынын, екінші қайтып көрмейтінін бала сезінуі керек. Сонда ол баланың бойында ерекше мейірімі, ата-әжесіне деген ерекше ықыласы болады, ата-анасын ардақтайтын болады. Өмірдің бәрі тек қана қызық-қуаныштан тұрмайтынын ертерек ұғынады.
– Менің тұңғышым атасы мен әжесінің қолында өсті. Өкінішке орай, екеуі де арасына бір жыл салып дүниеден өтті. Екі үйдің ортасында тел өскендіктен де шығар, баламыз соққы алған жоқ. Керісінше атасы мен әжесінен көп дүниені алып қалды: үлкендерше сөз саптайды, артынан ерген екеуіне аса мейірімді. Мен бұл дәстүрдің оң бағасын көрген адаммын, сондықтан әке-бала-немере арасындағы байланыс тұрақты түрде сақталу керек деп есептеймін, – дейді А.Оспанұлы.
«Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейді, ата-әжені соңғы сапарға шығарып салатын да – сол немере. Мүмкін болғанша немере сүйіп отырған ата-әжелер бір сәт немереге көңіл бөліп, оның тәрбиесіне үлес қосуы керек. Немере баққан ата-әжелердің өмір жасы да мейлінше «ұзарып» отырған. Олай дейтініміз, бір жағынан, періштедей пәк сәбиден атасы мен әжесіне жақсы қуат тарайды. Екіншіден, үлкендерді үміт атты үлкен күш жетелейді.
Серік АҚМЫРЗА