Келісім келешекті кемел етеді
Соңғы жылдары Қазалы ауданында экономикалық өсім байқалып, саяси тұрақтылық қалыптасты десек, бұған аудандық қоғамдық кеңестің де тигізген үлесі бар. Бірқатар азаматтардан құралған кеңес ел ішіндегі күрмеуі қиын мәселелерді шешуге, оған билік назарын аудартуға лайықты жұмыс істеп келеді. Бірер күн бұрын қоғамдық кеңестің жаңа жылдағы алғашқы отырысы өтті. Онда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына тоқталып, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен осы жылға арналған міндеттер туралы баяндады.
Аудан әкімі М.Әуесұлы ауданда атқарылған жұмыстарды сала бойынша тізбектеп берді.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында негізгі макрокөрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізілді. Өнеркәсіп өндірісі 23,6 негізгі капиталға тартылған инвестиция 22,5 процентке артты. Бұдан бөлек ауданда құрылыс қарқыны көңіл қуантады. Газбен жабдықтау 14,3 процентке артса, жақсы жағдайдағы жолдың үлесін 85 процентке жеткіздік. Ауданның білім, денсаулық сақтау саласында да толымды тірліктер бар, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлер мен талап-тілектерін ортаға салды. Нақтырақ айтсақ, Ғ.Әліш, Б.Бисембаев, Ә.Қияс, Ө.Түктібаев, А.Далиев кәріз жүйесін жүргізу, аспалы көпір салу, мал шаруашылығына қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталық ашу, дәрі-дәрмектерді тегін босату, азық-түлік тапшылығының алдын алу, бау-бақша егуге жағдай жасау, аяқ су тарту мәселелерін көтерді.
Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов 2022 жылы кеңестің атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасады. Ол өз сөзінде қоғамдық кеңестің жаңа құрамы 2022 жылдың 5 сәуір күні бекітілгенін, құрамында 4 салалық комиссия құрылғанын атап өтті. Ө.Түктібай, Ғ.Әліш, А.Далиев, Ж.Утеев салалық комиссия төрағалары болып бекітілген.
Сонымен бірге 7 адамнан төралқа құрамы сайланып, жыл ішінде 8 отырыс, 3 төралқа мәжілісін өткізгенін мәлімдеді.
Бұдан әрі кеңесте тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақша дақылдарын егу жұмыстарына жағдай жасау, қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын арттыру, белгіленген талапқа сәйкес келмейтін қоғамдық көліктерді пайдаланудан шығару, жолаушы тасымалдау қызметін жүргізілген қоғамдық бақылау шаралары, бес және екі қабатты тұрғын үйлердің жағдайын жақсарту, ауруларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысы мен медициналық қалдықтардың сақталуы, тасымалдануы мен жою туралы мәселелер талқыланды. Жиын соңында кеңес мүшелері Қоғамдық кеңестің жұмысын одан әрі жетілдіру, жүйелендіру бағытында ұсыныс пікірлерін айтты.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ