Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Арақ абыройдан айырады

Арақ абыройдан айырады

Қандай той-жиын болғасын арақ-шарапсыз өтпейді. Бұл тіпті үзілмейтін үрдіске айналды. Дастарқан төрінен табылатын ішімдіктің салдары қаншама шаңырақтың шайқалып, отбасының ойран болуына себеп болатындығын бәріміз жақсы білеміз. Білсек, онда неге оны қолданып жүрміз. Бұл нәпсіден бе, әлде рухани азғындадық па?
Статистиканы сөйлетер болсақ, жыл сайын ащы судың кесірінен үш миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 75 проценті ер азаматтар. Маскүнемдіктен болатын өлімнің төрттен бірі – асқазан ішек жолдарының аурулары болса, 19 проценті жүрек аурулары, ал қалғаны обыр және психикалық ауытқулардан туындайды екен. БҰҰ-ның жариялаған мәліметтеріне көз жүгірткенімізде Қазақстан алкогольден болатын өлім-жітім деңгейі бойынша 10-орынға жайғасқанын байқадық. Бұл көңіл көншітпейтін көрсеткіш. Мұндай көріністі көзбен көріп отырып, көңіл түкпірінде «арақтан болатын азапты қалай ауыздықтаймыз?» деген заңды сұрақ туындайды.
Жалпы араққа тәуелділік әуестіктен бастау алады. Туған күн, түрлі басқосуларда, сондай-ақ сылтаумен әр нәрсені себеп етіп, ащы суды ішуді әдетке айналдырғандар ақыр соңында арақтың құлы болып кеткендігін аңғармай қалып жатыр. Тіпті соның кесірінен айықпас бәлеге тап болғандардың қарасы әлі де болса азаймай тұр. Сусынға сылқия тойып, өздерінің сүйкімін кетіріп жүргендер отбасының, қала берді бүкіл қоғамның құтын қашырып, берекесіне сызат түсіруде. Олармен қалай күреспек керек? Бұл енді үлкен мәселе.
Мамандардың сөзіне сенсек, ішімдіктен келетін індеттің емі жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Егер алкоголизмге шалдыққан адам өзін бұл аурудан арашалығысы келсе, арнайы емдеу курсын өтуі керек. Бүгінде елімізде арақтан арылудың амалдарын толығымен ұсынатын наркологиялық орталықтар жұмыс жасайды. Онда мамандар шишадан шаттық іздеп шырғалаңға тап болғандарды тек дәрі-дәрмектің көмегімен емдеп қоймай, психотерапия қызметін де қолданысқа енгізген. Бірақ мұндай орталыққа ішімдікке салынғандар өз ниетімен бармайды. Көбіне жақын-жуығының ықтиярымен баратын көрінеді. Өз атын жасырып қалуды сұраған келіншек жолдасын шарасыздықтан облыстағы наркологиялық орталыққа емделуге әрең көндіргендігін айтады.
– Күйеуіммен отасқанымызға 9 жылға жуық уақыт болды. Жолдасым үйленгенімізге бір жыл толмай ішімдік ішуді әдетке айналдырды. Себебі екеуміздің 7 жылға дейін баламыз болмады. Соның күйігі батты ма, әйтеуір үйге жиі ішіп келуді шығарды. Сол жеті жыл ішінде бірнеше рет арақты қойдым деп уәде бергенімен, кейін ішкілікке түбегейлі салынды. Арасында екі жаққа кетіп, қайта қосылып жүрдік. Әке-шешем ескі көзқарастағы адамдар. Ұят болады, күйеуіңе қосыл деген соң, қайта оралып жүрдім. Бірақ соңғысында күйеуімнің ішімдікті қоямын деген уәдесін алдым. Бірақ құр сөзбен ештеңе бітпесін біліп, оны арнайы орталықта емдету керек деп шештім. Бұған жолдасым басында қарсылық танытты. Бірақ отбасымызбен жабылып, көндірдік. Бүгінде мамандардың көмегімен емнің толық курсын аяқтады. Дәрігерлердің үздіксіз қадағалауы мен жүйелі ем-шараларының арқасында күйеуім ішімдіктен алыс, – дейді жолдасын арақтан арашалаған келіншек.
Нарколог мамандардың айтуынша, еріксіз емделуге келетін азаматтардың арасында кейде бұл дерттен түбегейлі айыға алмайтын да жағдайлар кездеседі екен. Тіпті кейбіреулері ауруханадан шыға салысымен ащы суға қайта бас ұратын көрінеді. Мұны мамандар арақтың ағзаға, тіпті санасына да терең сіңіп қалғандығынан деп түсіндіреді.
Ал дін өкілдері маскүнемдікке бой алдыру нәпсіні игере алмаудан дейді. Расымен бүгінгі қоғамда орын алып жатқан жайттарға көз салар болсақ, адамдардың рухани әлемі жұтаңданып, түрлі қиындықтарға тез сынып, бір сөзбен айтқанда, «Алланың емес, арақтың құлына» айналуда. Асыл дінімізде бұл сусынға үйір болғандарды шайтан азғыратындығын айтады. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с бір хадисінде «Арақ ішпеңдер! Себебі, арақ – бүкіл жаманшылықтың көзі» дейді. Осылайша, Алла елшісі өз үмметтерін харам нәрседен алыс болуға шақырады.
Арақ атадан қалған ас емес. Алайда біртұтас ұлттың ұлылығын ұрлаған, іріткідей індеттен қоғам бір демде арыла алмайтыны бесенеден белгілі. Дегенмен одан бас тарту өз қолымызда. Олай болса, ұлттың болашағы бұлыңғыр болмасын десек, у татыған арақтан алшақ болайық.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
24 қаңтар 2023 ж. 346 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031