Бала қабілетін дамытуға қалай көмектесеміз?
Қазіргідей мобильді уақытта балаларға агрессия мен қорқынышты жеңуге және қабілетін ашудың жолдарын ізденетіндер қатары көбеюде. Бала қабілетін қалай байқау керек? Оны ашуда ата-ана мен қоғамның рөлі қандай?
– Жалпы ойлау – аса күрделі психикалық процесс қой. Біздің қоршаған дүние туралы білімдеріміз ең алғаш түйсік пен қабылдаудан басталады. Бір мен үш жас аралығында баланың тілі шығып, сөздік қоры артады және даму процесінде болады.
Қазақта «Ойнай білмеген ойлай да білмейді» деген сөз бар. Балалар үшін оқу да, еңбек те болатын кез келген ойын түрі сәбиді бір нәрсеге үйретеді. Жеке қалмай, айналасындағы достарымен де қарым-қатынасын нығайта түседі. Ондайда бала өзін қоршаған үлкендер, сүйікті әңгімелері мен кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, әрекет жасайды. Сонымен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Бұл кездегі балғынның қимыл-қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал қарым-қатынастағы пайымдаулары мінез-құлық әдептерінің қалыптасуына әсер етеді. Бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады. Ойын арқылы балалардың ықылас зейінін, сөздік қорын, байқампаздығын, есте сақтау, қабылдауын дамытады.
Кішкентай балалар үлкендерге сұрақты көп қояды. Ойлау сұрақтан басталады. Барлық жаңа өнертабыстар «Неге?» және «Қалай?» деген сұрақтардың арқасында ашылған. Сол үшін баланың қойған әрбір сұрағына ерінбей жауап берген дұрыс. Үйде бір мезгіл қазақ тілінде мультфильмдер көрсетіп, ертегілер айтып, оның ой-өрісін дамытуға әрі сөздік қорын байытуға болады. Әсіресе ата-аналар күнделікті кешкілік ұйықтар алдында балаға бір ертегіден оқып беруді дәстүрге айналдырса, көп пайдасы тиеді. Сол ертегілерді тыңдап өскен баланың таным-көкжиегі одан сайын кеңейе түседі. Түрлі картинаны көрсетіп, ондағы бейнеленген іс-әрекеттерді сұрауға болады. Ал бала суретте көрген дүниелерін ауызша айтып беруге дағдыланады әрі оны қызықты етіп әңгімелеуге машықтанады. Сондай-ақ суретпен жұмыс арқылы баланың есте сақтау қабілеті артады. Бала бір ауыз сөз сөйлесе де, қандай да бір іс-әрекет жасаса да, оны әрдайым мақтап, мадақтап, сүйсініп, жақсы көретіндігін айтып отыруды ұмытпаған жөн. Өйткені ол балаға сенімділік ұялатады. Ал сеніммен өскен бала әрқашан өз-өзін кез келген ортада емін-еркін сезіне алады.
Баланың жасы өскен сайын ойлау қабілетін дамытуға көмектесетін және оның сүйікті хоббиіне айнала алатын қызықты әрі көңілді істерді ұсынуға болады. Сөздер іздеу және сөзжұмбақ шешу арқылы баланың зейіні жаттығып, сөздік қоры кеңейеді, логикалық ойлауы дамиды. Билеу және музыка тыңдауда ойлаудың дамуына жақсы әсері бар. Бұл кезеңде мидың жұмысы барынша белсенді болады. Балалар билеген кезде олардың визуалды және кинестетикалық қабылдаудың барлық каналдары жұмыс істейді.
Негізінде баланың ойлау қабілетін дамытудың әдістері мен тәсілдері өте көп қой. Әдетте ата-аналар баланы дамыту бала-бақша мен мектептің міндеті деп қарамай, отбасында баланың жан-жақты дамуына мән берсе екен деймін.
– Мамандығым мейірбике, жас анамын. Астанада 4 жыл "Балаларды дамытушы" орталықта жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Ауылға тұрмыс кұрып, баламды телефонға тәуелді етпеу үшін арнайы ойыншықтармен ой-өрісін дамытуды мақсат тұттым. Бірақ ауданнан дамытушы ойындар таппадым. Сондықтан сапалы, таза табиғи өнімнен жасалғандарын тапсырыспен ұзақ күтіп, жеткізу кызметіне бөлек төлеп бір заттан алып тұрдым. Одан келген көршілер қызығушылық таныта бастаған соң әртүрлі дамытушы ойыншықтарды әлеуметтік желі арқылы балабақша тарбиешілері, логопед, психолог және әрбір баласын жан-жақтылыққа баулитын аналарға ұсынудамын. Тауарлар экологиялық таза, ағаштан жасалған, қауіпсіз.
Қазіргі өзекті мәселе бала тілінің кеш шығуы, түнде оянып шыңғырып жылауы, тез ашулану – телефон, теледидар, телевизор, мультфильм салдарынан. Мультфильмде баланың назарын өзінде ұстап тұру үшін өте қанық түстер және кейіпкер өте жылдам ауысады. Бұл кезде бала мынау не зат? Не істеп жатыр деп ойланып үлгермейді. Содан баланың ойлау қабілетінде, сөйлеуінде тек көріп отыру себебінен тежелістер пайда болады. Осындайлардың алдын алу бағытында балаға жасына сай дамытушы ойыншыктарды берген жөн. Дамытушы ойыншықтар пайдасы – ойлануды үйретеді. Шыдамдылыққа тәрбиелейді, зейінді шоғырландыруға көмектеседі. Бойында жиналған эмоционалдық қысымды төмендетуге септеседі. Ептілік пен дәлдікті және ұсақ моториканы дамытады. Балғынның саусақ ұшында жүйке клеткалары орналасқан. Егер күнделікті жұмыс жасаса мидың орталық бөліктеріне әсер етіп сөйлеуіне жол ашылады.
Ата-ана мен бала арасында бірге сапалы уақыт өткізе отырып ойнау эмоционалдық байланысты күшейтеді. Сондықтан үлкендер аса жауапкершілікпен қарап жас өскінге көңіл бөлген абзал.
Ақбота ҚАРАСАЙ, ата-ана:
– Бүгінде қызым кішкентай болғандықтан үйде отырмын. Әйел адамға тірлік таусылған ба, азанда отағасына ас-суын беріп жұмысқа жіберемін. Түскі және кешкі ас, соның арасында ыдыс-аяқ пен киімдерді жуатының тағы бар. Осы күйбеңнің ішінде қызыма да ерекше көңіл бөлемін. Мамандар баланы 1 жасынан сөйлеуге, ойнауға бейімдеу керек дегенді қоштайтындарданмын. Шынымен де қазір жаныңа не қажет барлығы табылады. Тек көбіміз қаражат пен уақыт тапшылығын сылтау қыламыз. Сәбиге ата-анасынан мейірімділік пен ыстық құшақ және жанында жиі болуы жеткілікті. Сондықтан жұбайыммен бірге ойласып, ойлау қабілетін ашатын жеміс-жидектерден құралған ойыншықтар мен өзіне шақталған үйшік алып бердік. Санасын улап, денсаулығына зияны тимесін деген ниетпен ұялы құралын мүлдем ұстатпаймыз. Өзіміз де оның көзінше аса телефонға жолай бермейміз. Сондықтан кейде бізге звондаған дыбысын естімей қаламыз.
Көбіне баланы телевизордан қазақша мултьфильмдер көруіне жағдай жасаймыз. Онда жануар, жеміс-жидек, көкөніс атаулары мен түстер және сандар жайлы көрсетіледі. Теледидардан көргендерін тәжірибеде ұштастыру үшін сызбалары жазылып-өшірілетін интерактивті қолына ұстауға ыңғайлы ойыншық тақташалар да әпердік. Бала бір ойыннан жалықса, келесісіне назары ауатындықтан бұл тақташа бетіне түрлі бейнелер салып ойнағанды ұнатады. Осы күні сан санап, жемістердің атауы мен түсін ажырататын қабілеті оянды. Ара-арасында сергіту мақсатында ойын-сауық орындарына апарып ойнатамыз. Бұның бәрі баланың жан-жақты ашылуына септігі мол деп сенемін.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА